Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7229 0 пікір 21 Қаңтар, 2016 сағат 18:21

САЯСИ САУАТСЫЗДЫҚТЫҢ ШЕГІ: ҚАСЫМОВТЫҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

Күні кеше ғана Парламенттің төменгі палатасын мерзімінен бұрын тарқату туралы депутаттардың ұсынысын Мемлекет басшысы мақұлдап, наурыз айында жаңа Мәжіліс жасақтау туралы шешім шығарғаны белгілі.

Бесінші шақырылымда Президент үшін нотариустың рөлін атқарып шыққан додадағы депуттармен қатар, жаңа жасақталатын алтыншы шақырылымнан жап-жас буынның да үміті жоқ емес екенін байқадық.

Парламент тарқатылады деген сыбыс шыққан күннен бастап, саясаткерлер мен саясаттанушылар, Ақорданың айналасында жүрген ақ жағалылар түрлі болжамдар айта бастады. Олардың бірсыпырасын БАҚ жариялады.

Айта кету керек, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы Мемлекет басшысының шешімі шықпай жатып, майлы креслодан үміттілер жалбағайлық жарысты бастап кетті. Ескі депутаттар да додада екендіктерін көрсетті.

Мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатысты түрлі ұсыныстар айтылуда. Солардың ішінде естірге қолапай, көрерге қораш ұсыныстар да аз емес.

Сондай келте ойлы ұсыныстың бірін аты шулы «стақан сындырғыш» Ғани Қасымов мырза жасап үлгерген.

Экс-депутат һәм генерал Ғани Қасымовтың қазақстандық БАҚ-та жарияланған ұсынысы мынадай мазмұнда.

Жаңа жасақталатын парламенттің төменгі палатасына (әлгі мәжілістегі майлы креслолардың бірнешеуіне) Ол (Ғ.Қасымов) ұсынған азаматтар отыруы тиіс-мыс.  Солардың ішінде еліміздің спортына елеулі үлес қосып жүрген боксшы Серік Сәпиев, зілтемірші Илья Ильин, бір замандағы Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, журналист А.Платонов бар.

Генерал Қасымовтың бұл қолапай ұсынысы әлеуметтік желіле қызу талқыға түскені де рас.

Кезінде «Патриоттар» деген партияның тізгіншісі болып,  сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары кезінде көпшілік алдында түрлі қырынан танылған,  Ғани Қасымов мырзаның сөздерін сараптап көрейікші.

Әуелі,  жоғарыда генерал мырза атап өткен спорт жұлдыздары еліміздің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбіретіп жүрген азаматтар. Даусыз өз істерінің шеберлері һәм үздіктері. Әсіресе, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып, Грозныйда өткен чемпионатта Еліміздің намысы үшін (ескі әнұранның орнына жаңасын қайта қойғызғанда) табандап тұрып алған Ильиннің атағы мен абыройы, даңқы онсыз да жетерлік.


Ал екіншіден, Парламент мәжілісіне депуттартарды  жекелеген адамдар ұсына алмайды.  ҚР Сайлау туралы заңнамасында айтылғандай, депутаттыққа сайлау комиссиясына тіркелген 7 партия өкілдері ғана ұсыну құқығына ие. Бұл туралы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы да хабарлаған болатын. Демек, ешбір партияда тіркелмеген,  ескі генерал Ғани Қасымовтың бұл ұсынысы саяси тұрғыдан сауатсыз екені анық.

Жә, бұл Қасымов мырзаның азаматтық жеке пікірі деген доғал дерек келтіреріңіз хақ. Десе де, өзінің жеке пікірінде Ғани Қасымов мырза ұлтаралық баллансты сақтамағынын анық аңғаруға болады. Тіпті, өз ұсынысы арқылы Ғани Қасымов мырза ұлтаралық, тілдік араздықты қоздыруға жол беріп отыр.

Әрмен қарай, Қасымов мырзаның ұсынған азаматтарының қатарында «мемлекеттік тілге» жүйріктері шамалы, тіпті жоқ десек те болады. Яғни, ҚР конституциясының 7 бабының 2-тармағындағы «мемлекеттік тіл мәртебесінің» қатаң сақталуын талап ететін арнайы орган жоқ десек, Қасымов мырза ұсынған үміткерлердің мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынына генерал Қасымовтың өзі кепіл бола алмас. Сондай-ақ, Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қазақ тіліне тілі бұрылмаған азаматтардың Мәжілістегі майлы кресло үшін үш айдың ішінде тілді меңгеріп кетуі екіталай, күдікті.

Үшіншіден, Ғани Қасымовтың ұсынып отырған спорт жұлдыздарының барлығы дерлік ақаусыз емес-тін. Бұрын-соңды үлкен саясатқа араласпақ түгілі, мұрындарына иісі де барып көрмеген Шишигинадан өзге, Сәпиев, Ильин және Платоновтардың саяси сауаттылықтары қай деңгейде? Даусыз, олардың әрқайсысы өз істерінің нағыз майталмандары. Алайда, саясат – тәжірбие, сынақ алаңы емес екендігін генерал Қасымов мырза білмейді ме?

Айта кететін тағы бір жайт, Қасымов мырзаның үміткерлерінің  барлығы өзге ұлт өкілдері екені (Сәпиевтен өзге) ұлтаралық дискриминация туғызатынын тағы рас. Ұлтқа байланысты алалау, бұлалаудың айқын көріністері бар мұнда.

Төртіншіден, жоғарыдағы үлкен саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үміткерлерді көрген генерал Қасымов мырза, еліміздің саяси, қоғамдық, экономикалық өмірінде ақмылтық болып, Ақорда саясатының көлеңкесінде, еңбектері еленбей жүрген қоғамдық белсенділер мен саясаткерлерді көрмегені қалай?! Мысалы, Айдос Сарым,  Расул Жұмалы, Мұхтар Тайжан, Әміржан Қосанов т.б. көптеген тәжірбиелі саясаткерлер бар емес пе?.. Платоновты танитын Қасымов, Жұмалыны танымайды дейсіз бе?.. Танығанда қалай.

Осылайша, генерал Қасымов мырза өзінің ұсынысы арқылы ұлтаралық алауыздықты қоздырып отырғаны рас-ақ.

Бесіншіден,  жоғарыда Парламент Мәжілісі сайлауы туралы сыбыстар тарала бастағанда, қазақстандық белсенділер бұқаралық ақпарат құралдарында отанға оралған қандастарымыздың арасынан үміткер ұсыну туралы құптарлық бастама көтерді.  Елге келіп еленгендер қатарында атағы мен абыройы жағынан Платонов пен Шишигиналарды он орайтын азаматтар жетерлік еді. Алайда, Қасымов мырза алысты көре алмайтындығының арқасында, бұл ұсынысқа қатысты «ләл-мим» деп жақ ашпады.

Енді жоғарыдағы Қасымов мырзаның үміткерлеріне тоқтала кетейік.

Біріншіден,  Илья Ильин. Ильин батыр. Ол Қазақстанның намысын жер жаһанға паш етіп жүрген ауыр атлетіміз. Бәріміздің мақтанышымыз. Әлем бойынша өз ісінің  үздігі. Бірақ, Ильин «үлкен саясат» – зілтемір көтеру емес екенін жақсы түсінеді.  Ол үшін, алдымен, кіші баспалдақтардан өтіп, шыңдалуы тиіс. Сондықтан, Қасымов мырзаның жұлдызды депутат туралы ұсынысы оы жерде тағы да орынсыз болып табылады.

Екінші,  Платонов. Платоновтың да жағдайы дәл Ильиндікінен өзгеше емес. Тіпті, мұнда алып-қосары жоқ.


Үшінші, Серік  Сәпиев. Қазақстандық боксшы, Баркер кубогының иегері. Атағы дардай спорт жұлдызы. Өкініштісі, саясатпен мүлде айналысып көрмеген. Рас, Қасымовтың ұсынысынан кейін Сәпиев қазақстандық БАҚ-қа сұхбат беріп, депутат болуға дайын екендігін білдіріпті. Әттең.  Парламентке боксшылардан депутат тағайындау тәжірбиесінің сәтсіз екендігін көршілерімізге қарап-ақ, ұғынуға болар еді-ау. Мысалы, Ресейде  Волуев, Украинада – Кличко. Бірақ, солар депутат болған соң, спорттан мүлде қол үзді емес пе?! Күні ертең, Сәпиевтің де сөйтері хақ.

Төртінші, Шишигина. Иә, дәл сол, бір ғасырдағы Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина ханым. Бір кездегі депутат. Жоғарыдағы үміткерлермен салыстырғанда Ольга ханымның депутат болуда тәжірбиесі мол.  Бір өкініштісі депутаттық мандатты тағынып жүрген жылдардың ішінде Ольга Шишигина тарапынан  жолданған бір депутаттық сауал есімізде қалмапты?


Жүгірудің үздігі жылдар бойы жылы орынтақта отырғанда не тындырды? Өзге емес, күні кеше ғана Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қос бірдей үмітіміз, чемпиондарымыз Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешевтің лицензиясын әпербақандықпен тартып алғанда, Ольга Ханым неге үн қатпады? Спортышалдың атынан Парламентте отырған Шишигина ханым спортшыларымыздың намысы үшін неге күреспеді? Осынша жылда үн шығармаған Ольга ханымнан алтыншы шақырылым – ең үздік депутат жасап шығарады деу – ертегі.

Түйін: Жоғарыда генерал Ғани Қасымовтың ұсыныстарын саралай келе түйеріміз біреу-ақ. Қасымов мырза кімнің сойылын соғып жүр? Өзінің саяси сауатсыз ұсынысы арқылы – ұлтаралық араздықты қоздырып, ұлттық жікке бөліп, алалап отырғанын Қасымов мырза білсе керек-ті. Ендеше,  бұл әдейі жасалып отырған, қасақана әрекет пе?... Әлде Қасымов мырзаның саяси сауатының шектік дәрежесі ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434