Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 7809 1 пікір 20 Қаңтар, 2016 сағат 13:15

ҚАЗАҚ ӘЛІ "ШОҚЫНЫП" БІТПЕГЕН БЕ?

Күні кеше ғана Православ әлемі атап өткен «Шоқыну мейрамында» қақаған қысқа қарамастан суға түскен қазақтардың санының көп екенін БАҚ жарыса жазуда. Неге екенін қайдам, дәл осы мереке қарсаңында әйдік әнші Қайрат Нұртастың суға түскен суреті жарияланып, жұртты дүрліктірді. Артынша, «ақталған» болды. Есілдің суын «лайлаған» кешегі дүрмекті көріп отырып сан ғасырдан бері қазақтарды шоқындыра алмай жүрген іргедегі отарлаушы көршіміздің айы оңынан туа бастағанын аңғардық.


Тарихтан білеміз, қазақтарды шоқындыру жоспары іс жүзінде 1868 жылдан бастап нақтыланып, 1892, 1898, 1902 жылдары кезең-кезеңімен іске асыратын бағдарлама болатын. Аталмыш құжатта: «Бұратаналарға бұдан кейін өмір сүретін жол қалмауы керек. Жер бөлісі барысында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, көнбегендері тұқымы қалмай құриды…» деп атап көрсеткен.

Baq.kz ақпараттық порталында жарияланған  мына жайтты естен шығармауға тиіспіз. Отарлаушылар қазақты оқытуға құмар болған жоқ. Оқу-ағарту жүйесінің барлығы қазақты тәуелді етуге және діні мен тілін өзгертуге бағытталды. Әйгілі В.В.Бартольдтің өзі түземдіктердің жер бетінен жойылып кетуін тілеп: «Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді» дейді.

Сол сияқты қазақтан шыққан оқымысты Шоқан Уәлиханов өзінің «Далалық мұсылмандық туралы» мақаласында: «…татар молдаларының ықпалымен біздің халық жалпы мұсылмандықты кеңінен қабылдап жатыр. Еуропа өркениетіне қол жеткізбесе қырғыз (қазақ) халқының жойылып кету қауіпі тұр. Соңғы кездері Сібір басшылығы ислам дініне қатысты қателіктерге ұрына бастады. Шоқынған қазақтардың Даладан кетуінің қазақ халқы үшін еш әсері жоқ. Біздің қолымызда қанша қазақ христиандықты қабылдағаны жайлы дерек жоқ. Ал, олардың саны біз ойлағандай аз емес. Кейбір казак станицаларында тең жартысы шоқынған қазақтар тұрады, мысалы, «Ямышевкада»…» дейді.

 

Сібірді басқару жарғысының өзінде ұсақ ұлттарды шоқындыруды көздейтін бірнеше бап бар. Мәселен, 244-бап. Қырғыз-қайсақтардың мұсылмандығын өзгерту арқылы, олардың көпшілігін христиан дініне өткізудің мүмкіндігі зор. Облыс басшылығы қажет деп тапса, дінді көркем әрі еш зорлықсыз түрде насихаттай алатын арнайы өкілдерді шақырта алады.

245-бап. Қайбір округте христиандықты қабылдағандар саны 1000 адамнан асса, облыс басшылығы шіркеу салу үшін қаражат сұрауға және арнайы діндарды алдыруға міндетті.

Бір кездері іргедегі көршіміз бізге жоспарлы түрде осындай шоқындыру саясатын жүргізді. Ал, қазір ше? Ондай саясат жоқ бола тұра, өзіміз суға түсіп, шоқынып жатқанымыз қалай?. Ұлттық болмыстан айрылып, орыстанып кеткеніміз аз ба еді? «Шоқынды» деген осындай-ақ болмаушы ма еді? Жоқ, әлі «шоқынып» (орыстанып) бітпеп пе едік? Бұл сұраққа бәлкім Сіздер жауап берерсіздер?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz 

1 пікір