Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 4536 0 пікір 19 Қаңтар, 2016 сағат 12:54

АТЫРАУЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ПРЕЗИДЕНТТІҢ СӨЗІН ЕЛЕМЕЙ МЕ?

Жақында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында Атырау облысының полицейлері үшін құны 1,3 миллион доллар тұратын катер мен төрт қабатты, саунасы бар ғимарат тұрғызылғаны туралы ақпарат тарады. Ал 8-қаңтар күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мырза аталмыш ғимараттың «Нұрсая» шағын ауданында ІІД үшін салынғанын мойындаған. Бұл туралы «Abai.kz» порталы «Ақ Жайық» газетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Ақ Жайық басылымының жазуынша, облыс әкімі арнайы тапсырмалармен айналысатын ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің жаңа ғимараты туралы әңгіме өрбітуден бас тартқан. Әкімнің бар айтқаны: «бұл ғимарат арнайы тапсырмаларды орындайтын полиция қызметкерлері үшін салынған». Тұс-тұстан анталаған журналистердің сауалдарынан сасқалақтаған әкім мырза құпия қызметкерлер туралы құпияны ашпайтынын аңдатқан. Тіпті, басшы мырза «Мүмкін мен сіздерге, ҰҚҚ туралы да айтып беретін шығармын?!» деп доңайбат кейіп көрсеткен. Шынымен, «спецобьектінің» сайыпқырандары үшін салынған сауналы 12 пәтер кімдерге тиесілі? ІІД қызметкерлері үшін салынған бұл үй облыстық бюджеттің қаржысына тұрғызылған екен.

Қазір БАҚ назарына ілінген ғимарат облыс активіне тіркелген. Қала орталығындағы «Нұрсая» шағын ауданында орналасқан төрт қабатты зәулім сарайда аумағы 250 шаршы метрді құрайтын 12 пәтер мен екі лифт бар. Сонымен қатар, ғимараттың бірінші қабатында – түрік моншасы (хамам), сауна, бассейн т.б. орналасқан. Ал пәтерлер – чех ас үй жабдықтары, қымбат сантехника, импорттық жиһаздармен жабдықталған-мыс. Басылымның жазуынша, ерекше жағдайлар жасалған пәтерлерге облыс әкімінің бір орынбасары, құқық қорғау органдарының барлық басшылары мен экс-финпол жетекшісі қоныстанады.

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, журналистер мен қоғамдық белсенділер наразылық білдіргеннен кейін, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы сұмдық сомаға салынған «спецобьектіні» өзі барып көрген. Қаржылық қиындық қос өкпеден алған алағай да, бұлағай кезеңде, мемлекет қаржысын сауна салуға жұмсаған орынбасарларының қылығына таң қалған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мырзаның, журналистер алдында қызаратын жөні де бар еді. Әкімнің орынбасарлары мен майлы креслодағы басшылардың өзара талан-таражыға салған пәтерлерін Бақтықожа мырза қатардағы қызметкерлердің арманы болған үйді «Арлан» арнайы жасағы мен «СОБР» сарбаздарына бөліп берген. Осы оқиғадан атыраулық ішкі істер басқармасы сабақ алмаса керек. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында сөз болған тағы бір мәселе – облыстық полицияның – құны 1,3 миллион доллар тұратын катер сатып алуы болды.

Сонымен қатар, полиция басшылары миллион долларлық қайықты Италиядан арнайы тапсырыспен алдырған. Сессияда сөз алған басшылар: «Бұл жалғыз катер бізге жетпейді. Тағы да алдыртуымыз керек» деген.

Айта кетейік, «АЖ» басылымының айтуынша, төрт қабатты зәулім үй мен миллион долларлық қайық туралы ақпарат Президент әкімшілігің басшысы Нұрлан Нығматулииннің құлағына жеткен. Ал Ақорда «Срочно» деген белгі қойып берген құжаттары ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа жөнелтілген. Енді бұл іспен Қазақстанның бас полициясы өзі айналысатын болады.

Түйін

Аса қымбат дүниелерге құмар Әділбек Жақсыбековтың жаман әдетін атыраулық басшылар да үйреніп алған сыңайлы. Естеріңізде болса, Астана әкімі аязда тоңдырмайтын аялдаманы 10 миллионға салдырамын деп, ұятқа қалған. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығына бөлінген бюджетті бас пайдасына шешпек болған Жамбыл облысы әкімі құны миллион доллар тұратын қымбат көлікті әкімшілік активіне сатып алды. Жұрт дүрліккеннен кейін, «әкімшілік үшін арнайы алдық» деп ақталған еді, әкім мырза. Енді бұлардың қатарына атыраулық полиция басшылары да қосылған екен. Елбасымыздың өзі қаржылық қиындық кезеңінде қазақстандықтарды үнемдеуге шақырған. Ал Елбасының сөзін елемегендер мемлекеттің қазынансын оңды-солды шашуын тоқтатар емес. Ал сіз «дағдарыс» дейсіз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір