Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9708 0 пікір 18 Қаңтар, 2016 сағат 11:12

БАЛАМДЫ ӨЛТІРГЕН ШИЛИКБАЕВ ЕМЕС

Рауан Шиликбаев

Жақында «abai.kz» порталының редакциясынан араша сұрап, Алматы облысына қарасты Әле ауданының тұрғыны Шиликбаева Ажаргүл есімді әйел келді. Зар жылап, запыран жұтқан ананың айтуынша, жалғыз ұлына құқық қорғаушылар күш қолданып, істемеген қылмысты арқалатып жіберген. «Соттан да, полицейлерден де күдерім үзілді», «енді сіздерден көмек сұраймын» деп келген Шиликбаеваның шыр-пыр болатын жөні де бар.  Тұла бойы тұңғышы -  Шиликбаев Рауанға  Алматы облысы Іле аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жасамаған қылмысын мойнына іле салған. 


Кейін қылмыстық істің ресми тергеушісі болып бекітілген Смайлов Жаңабай есімді полиция қызметкері мен Асылбек Нұрболатұлы Керімбаев деген Қарой аулының тұрғыны Рауанға ауызша уәде беріп, егер қылмысты мойыныңа алсаң, мен көмектесемін. Жазаңды жеңілдетіп, тіпті шартты жаза кестіруге (условно) атсалысамын деген құрғақ уәде берген. Алайда Смайловтың сөзіне сенбеген Рауан, қол қоюдан бас тартқан. Содан кейін, оқиға былай өрбиді. Топтық төбелес кезінде ұсталған өзге де азаматтарды жинаған тергеуші  Смайлов пен азаматтық белсенді Асылбек Нұрболатұлы күдіктілерге қолапай ұсыныс жасаған. Шиликбаева Ажаргүлдің айтуы бойынша, Смайловтың ұсынысы сөзбе сөз: «Егер  араларыңнан біреуің кінәні мойындарыңа алатын болсаңдар, қалғандарың ол жігітті құтқарып аласыңдар. Сотталған жылын сатып алуға болады. Немесе статьясын өзгертеміз. Ал егер топпен кететін болсаңдар, жаза ауыр болады»

Редакциямыздан көмек сұрай келген Шиликбаева Ажаргүлдің айтуынша, осы оқиғадан кейін құқық қорғаушылар күш қолдана бастаған.  6 айда араша таппаған Ажаргүлдің ұлы Рауан ақырында «барлық қылмысты өз мойнына аламын» деген құжатқа қол қойып берген. Өйткені ол Смайловтың уәдесіне сенген.

Құқық қорғаушылардың арасында қылмыстың көбейіп бара жатқанын БАҚ арқылы біліп, көріп жүрміз. Мандаттарын малсынып, заңды белшесінен басатын полициейлер туралы да аз жазып жүрген жоқпыз. Соңғы кездері осы тектес бірсыдырғы оқиғалар жиілеп келеді. Құқық қорғаушылардың қылмыскер атанып, қылмыскерлердің жәбірленушіге айналуына кім себепкер?

Порталымыз арқылы араша сұраған ананың жанайқайына бейжайлық таныта алмадық. Мақсатымыз да айқын. Істемеген қылмысқа бола, нақақ айыпталып отырған баласы үшін әділеттік іздеген Ажаргүлдің арызын құзырлы органдардың құлағына жеткізу.

Ажаргүл Шиликбаева:

- Нақты бұлтартпайтын дәлелдер жоқ. Мен әділеттік үшін күресемін. Мен баламды бекерден-бекер қылмыскерлердің табанына жығып қойып қарап отыра алмаймын. Бұл топтық төбелес кезінде атыс болған. Бірақ, қайтыс болған жігіттің ата-аналары да менің баламның кәнілі емес екендігін мойындап отыр. Қайтыс болған жігітті атқан – Данияр және Фархад деген жігіттерде тапанша болған. Менің баламның саусақ таңбалалары тапаншада болмаған. Кейін менің балама құқық қорғаушылар психологиялық қысым жасаған. Смайлов пен оның жанындағы Керімбаев менің балама «кінәні сен мойныңа ал, біз көмектесеміз. Жазаны «условно» етіп береміз. Тіпті статьяны да жеңілдетуге көмектесеміз. Үш айдан кейін бостандыққа шығасың» деп уәде берген. Алайда көрсетілген қысымнан кейін балам Смайловтың уәдесіне сеніп, мойнына алған. Кейіннен Смайлов уәдесінен тайқып кетіп отыр.  Енді мен қазақстандықтардан көмек сұраймын. Әділетті жандар болса, араша түсіңіздер. Құқық қорғаушылардың өздері қылмыскер болып, кінәсі әлі толық дәлелденбесе де, күш қолданып, жәбір көрсетуі заңға қайшы. Заңды белшесінен басып, шенін саудалап жүрген Смайлов секілділер жауапқа тартылуы тиіс. Мен ақиқат үшін аяғына дейін күресемін.

Нұрлан Нұрмұқанов (қайтыс болған баланың әкесі):

- Біз де істің әділетті шешілгенін қалаймыз. Менің ұлым қаза тапты. Мен де істің басы-қасында болдым. Естуім бойынша, оқ атылған қаруларда Рауанның саусақ таңбасы мүлде болмаған. Демек, бұл Рауанның қылмыскер екенін жүз пайыз дәлелдемейді. Тергеуші жігіттің істегендерін білдік. Істі тезірек жабу үшін, Шиликбаевқа мойындата салған. Мен үшін де шын қылмыскердің жазаға тартылғаны керек. Мен Шиликбаев Рауанның қылмысты өз еркімен мойнына алғанына сенбеймін. Тергеу жұмыстарының нәтижесін күтеміз. Ал тергеуші Смайловты ауыстырып, орнына жаңа тергеуші тағайындау туралы ұсынысымызды айттық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524