ОБЛЫС ӘКІМІ КІМГЕ МЫСЫҚ СЫЙЛАП ЖҮР?
Біздің облысымызға Архимед Мұқанбетов әкім болып келгелі бері жұмысымыз өнімді болмаса да, тіршілігіміз көңілді бола бастады. Жаңа әкімнің «жаңалығы» да көп болып шықты. Өткен бір мақаламызда Архимед Бегежанұлының осындағы футбол клубына бюджеттен қанша қаржы бөлінетіндігін тіс жарып айтпайтын «құпиясы» туралы жазғанбыз. Енді бұл азаматтың ерекше бір "мырзалығы" жайлы айтпай өтсек, шындыққа қиянат жасармыз. Оның үстіне бұл күндері өңіріміздегі баспасөз біткен облыс басшысының осы ісі жайлы ауыздарына су құри, жаппай жазуда.
Жә, мәселенің мәнісіне келейік. Ол мынадай. Жақында облыс әкімінің блогына Таран ауданының тұрғыны Оксана деген келіншектен дұғай сәлем арқалаған өтініш хат келіп түседі. Онда бұл кісі баласының «шотланд қалқанқұлағы» атты асыл тұқымды мысықты аңсап жүргендігін, ал оны алып беруге мүмкіндігінің жоқтығын, өйткені үйінде тек күйеуі ғана жұмыс істейтіндігін, міне осыған байланысты әлгі мысықты алып беруді әкімнен өтінетіндігін жазыпты. Архимед обалы не, бұл тілекке іле-шала жауап қайтарыпты. Әкім мысық алу деген шаруаға бюджеттен ақша қаралмайтындығын, алайда бала үшін оған өз қалтасынан ақша шығарып сатып алатындығын айтып, қуантыпты. Әкімнің бұл ісіне, әрине, біз де қуандық. Үлкен ұлықтың бір баланың меселін қайтармай, жақсы сыйлық жасағандығы азаматтық екен дестік.
Алайда, бізді осы мәселедегі бір жайт алаңдата береді. Бұл жерде әңгіме "Муська" (мысық) туралы емес. Ол өте асыл тұқымды, элита тобына жататын аса қымбат мысық. Қазіргі бағасы аттай 60 мың теңге. Сонда дейміз-ау, баланың айтқанын істей беріп, шолжаңдатудың да реті бар емес пе? Ақшадан таршылық көріп жүрсең, қымбат дүниені аңсамай-ақ көрпеңе қарап көсілген жөн емес пе? Қазіргі таңда үйде жалғыз ғана күйеуі жұмыс істеп жүрген жанұя аз ба? Сосын, тіпті, осы мысықты әкім сатып алып берген жағдайда да оны күтіп ұстау оңай шаруа емес. Бұл мысық анау-мынау тамақты жемейді, оған ерекше күтім керек. Ал бұл дегенің де аз ақша емес. Оны да әкім бере ме?
Архимедтің бұл "мырзалығына" аузынан суы құрып таң қалған жергілікті баспасөздің ең болмаса «жұрттың сұраған нәрсесінің бәрін бере берген жөн бола қояр ма екен?» деген дүдамал сұрақ қоя алмай жүрген жайы бар. Қайтсін енді, тәуелді журналистерден не күтуге болады? Сұрақ түгілі, өзгеше бір пікір айтудың өзі қауіпті жерде бұған таң қалуға да болмас.
Жарайды, Архимед мырзалығын жасай берсін, қайда жұмсаса да өз ақшасы ғой. Алайда, облысымызда ауру баласына операция жасауға ақша таба алмай қиналып жүрген жандардың жетерлік екендігі де өтірік емес. Аттай 60 мың теңге түгілі айналдырған 4-5 мың теңгенің ойыншығын сыйласа төбесі көкке жететін тақыр кедейдің балалар да жетіп артылады. Тіпті, бар қызықтан құр қалған жетімдер де табылады. Міне, осылардың жайын бір кез ойлап қойған артық емес шығар. Бұларға асыл тұқымды мысық емес, жарымжан көңілінің жыртығын жамайтын жылы сөздің өзі де жетеді. Әкіміміз мұны да назар дан тыс қалдырмас деген үміттеміз. Әйтпесе, біреуге көл, біреуге шөл болу —алалаудың ала бөтен көрінісі екендігін ешкім де жоққа шығара алмас.
P.S. Айтпақшы, қарапайым жұртқа қымбат мысық сыйлау мына көршіміз — Ресей мемлекетінің басшысы Путин мырзаның жақсы көретін ісі екен. Ресей президенті былтырғы жылы дәл осындай мысықты Мурманск облысының тұрғыны, 10 жасар Вероника деген қыз балаға сыйға тартыпты. Осы орайда қазекемнің «Сынықтан басқа нәрсенің бәрі жұғады» деген мақалы еске түседі.
Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай
Abai.kz