Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 9243 0 пікір 15 Қаңтар, 2016 сағат 11:21

ТІЛДІ МЕНСІНБЕГЕН СӘРІНЖІПОВ ҮШІН СЕНАТОР НЕГЕ СӨЗ ЕСТУІ КЕРЕК?

Білім министрінен қазақша сөйлеуді талап еткен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөз естіді. Бұл туралы «abai.kz» порталы «КТК» арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Еліміздің бас педагогы Аслан Сәрінжіпов мырза Парламенттің жоғарғы палатасының кезекті отырысында ресми баяндамасын ресми тілде жасаған. Бұл министр мырзаның мемлекеттік тілді менсінбегені ме, әлде сенатта «союздың» тілімен сөйлеу керек деген арнайы ереже бар ма, белгісіз... Баяндамасын орыс тілінде жасаған Білім министрін спикер Тоқаевтың өзі жақтап, әріптесінің аузын аштырған жоқ.

Төраға Тоқаевқа қарсы тұрар қайсы бірінде қауқар бар. Спикерден сөз естіген Еңсегенов есеңгіреп қалғандай, қазақ тілінің құқығы үшін қойған сауалына бола биік мандаттылардан кешірім сұрады.

Білім министрі бұл отырысқа баяндама әзірлеп келіпті. Сәрінжіпов мырза елімізде білім алып жатқан бөгде мемлекеттің азаматтарын кемсітуге қарсы құжатты таныстырған. 56 жыл бұрын Парижде қабылданған халықаралық конвенция Қазақстан үшін де ауадай қажет екен. Бас педагог осылай деп айтқан.

Аслан Сәрінжіпов, Білім және ғылым министрі: 

- Бұл заң Қазақстанда тұратын шетел азаматтарының балаларын да қорғайды. Яғни, елімізде оқып жатқан кез-келген адамды нәсілі, түрі, жынысы, ұлты мен діни сеніміне қарай бөліп-жармай, кемсітпеуге тиіспіз. Бәрі бірдей білім алуға құқылы.

Бұл бастамаға ешкім қарсы шыққан жоқ. Тек депутаттарға Аслан Сәрінжіповтің мемлекеттік тілде сөйлемегені жақпай қалды.

Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:

- Сіздің  мемлекеттік тілде баяндама жасауыңыз  сиреп барады, тіпті жоқ деп айтуға болады. Мұны ескеру керек.

Ал, ақталуға кіріскен Білім министріне спикердің өзі араша түсті.

Тоқаевтың қатқыл даусынан сескенді ме, бас мұғалімге ескерту жасаған сенатордың түрі бұзылып кетті. Тіпті кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:

- Депутат Еңсегенов, заңға байланысты сұрақ қою керек. Сіздің сұрағыңыздың заңға ешқандай байланысы жоқ.

Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:

- Мен төртінші сауалмен шатастырып алдым. Кешірім сұраймын.

Мемлекеттік тілді менсінбеген  Білім министрі Сәрінжіпов пен тізгінші Тоқаевқа қарсы қауқар танытпаған депутаттар Мәжілістің мерзімінен бұрын тарқату туралы ұсыныстарын қолдайды екен. Сенатпен іргелес тұрған Мәжіліс тараған жағдайда, Жоғары палата әріптестерін жоқтатпауға сақадай саймыз деп отыр. Жұмыс істеуге құштарлығы артқан халық қалаулылары бір отырыста 4 бірдей заңды қабылдап жіберген.

Өз еріктерімен таратуды сұраған Мәжіліске қарағанда Сенаттың ұпайы түгел. «Сайлау» деген аты болмаса, олардың негізгі бөлігін президент, қалғанын халықтың атынан жергілікті Мәслихат таңдайды. Жоғары палатаның басшылық құрамындағы ауыс-түйіс те, ың-шыңсыз өтеді.

Мысалы, Тоқаев аяқасты орынбасарын өзгертіп, кезінде Қорғаныс вице-министрі болған Сергей Громовтың кандидатурасын әріптестеріне бекіттіріп алды. Содан кейін мінбеден төмен жердегі «креслода» отырған Громов ақырын барып, Тоқаевтың қасына жайғасты.

Түйін:

Иә, Аслан Бәкенұлының  мемлекеттік тілді жетік білмейтінін көрдік. Естеріңізде болса, Аслан мырзаның «ауылдағы атасы 100 жылға толғанда» ой сұмдық-ай десіп ек. Әлеуметтік желіде өзін-өзі әжуалаған министрдің мынау жазбасы:  «…Аулдағы атамыз 100 жылға тол­ды. Ұстаз, мектептін директоры бол­ған. Поздравляем со 100 летним юби­леем аташку, учителя сельской школы…»

Бұл – қазақтың қазіргі Білім министрі Аслан САРНЖИПОВ-тің диктанты.
Жәй ғана екілік емес, бет-ауызын май басқан семіз екілік. Қазақтың баласы Аслан 8 сөзден 3 қате жіберді.

Аслан Сәрінжіпов қатардағы қара­пайым қазақтың баласы емес, – елдің Білім министрі. Мемлекет басшысының алдында: “Білімім мықты, қазақшам қатып тұр, бұл қызметті қатырып атқара­мын” – деп сендіріп, ант берген адам. Алдапты.
Алдағаны, жалған сөйлегені – 8-ақ сөзден көрініп тұр!..
Ал, біз Білім министріміз мемлекеттік тілді білмейтін елде – мемлекеттік тілді сөйлейміз деп  босқа тыраштанып жүрген сияқтымыз. Өйткені, сәрінжіповтердің сойылын соғатын Тоқаев сияқты "тоңқылдақтар" көп.  

Өткен жолы «Борат» фильмі туралы біраз шуластық. Әлгі біреу Қазақстанды масқаралады дестік. Енді қарап тұрсам, Борекеңнен өзге де еліміздің имиджін түсіріп жүрген, мемлекеттік тілге мақұрым министрлер жетіп-артылады екен ғой?..  Демек, Қазақстанда кемінде тағы «20 Борат» бар. Сол жиырмалыққа кіретін "есіл ердің" бірі - Сәрінжіпов қой. Сондықтан, «міністірдің» қазақ тіліне шорқақтығы да қалыпты құбылыс деп түсінгейсіздер...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1507
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3280
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5795