Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3338 0 пікір 14 Қаңтар, 2016 сағат 09:32

ИМ-ДІ ЖЕҢУ ҮШІН ҮЛКЕН МАЙДАН АШУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

АҚШ президенті Барак Обама елдің жағдайы туралы қорытынды жолдауында Американың халықаралық аренадағы орны әлсірей бастады және «Ислам мемлекетіне» ойсырата соққы беру үшін үлкен соғыс ашу керек деп санайтын Республикалық партия өкілдерінің пікірін қателікке балады.

Конгресс алдында жыл сайынғы жолдауын жариялаған Обама әлемде қандай да бір түйткіл туындаған жағдайда елдер Мәскеу немесе Бейжіңге емес, АҚШ-қа арқа сүйейтінін айтты.

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан бірнеше үміткер бұған дейін «Ислам мемлекетіне» қарсы күресте Ирак пен Сирия аумағындағы лаңкестердің шептерін үдете бомбылау сияқты қатаң шаралар қолдануға шақырған болатын. «Үшінші дүниежүзілік соғыс туралы даурықпа сөз ИМ лаңкестеріне өте тиімді, — деді Обама. — Қарулы көліктерінде отырған немесе үйлерінде шабуыл жасауды жоспарлайтын содырлар адамдарға үлкен қауіп төндіреді, сондықтан олардың жолын кесу керек. Бірақ олар АҚШ-тың мемлекеттілігіне қауіп төндіретіндей қауқарға ие емес».

Обама ондайларды кісі өлтіруші, жанкештілер деп атауды және олардың әрқайсысын іздеп тауып, көзін жоюды ұсынды. Обаманың пікірінше, конгресс ИМ-ді жеңгісі келсе, АҚШ президентіне «Ислам мемлекетімен» күресте толық өкілеттілік беретін қарар қабылдауы керек. Сонымен бірге ол, АҚШ дағдарыстан тоқыраған әрбір елді қалпына келтіруге араласа алатыны туралы ойдан аулақ болуды ұсынды. Обама мұндай саясат америкалықтардың түбіне жетеді деп санайды.

Аbai.kz

0 пікір