Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 11919 0 пікір 4 Қаңтар, 2016 сағат 22:41

ҚАЗАҚ САХНА ӨНЕРІ ОРДАСЫНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАҒАН КІМ?

13-ші қаңтар – қазақ ұлттық кәсіби сахна өнерінің қара шаңырағы болып табылатын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының туған күні.  2016 жылғы 13-ші қаңтарда еліміздегі осынау даңқты өнер ордасының ресми түрде тұңғыш рет шымылдық ашқанына 90 жыл толады.  

 

«Еңбекші қазақтағы» Ұлт театрының ашылу мерекесі жайындағы хабар. 13-ші қаңтар 1926 ж.


І. Кәсіби сахна өнерін қалыптастырудағы алғашқы қадамдар

Бұдан тоқсан жыл ілгеріде, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының бас газеті «Еңбекші қазақтың» 1926 жыл басындағы бірнеше нөмірінің бірінші бетінде мынандай хабарлама басылды:

«Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады.

Театр артистері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды.

Оның соңынан концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады.

Театр директоры Дінше.»


Сөйтіп, 1926 жылғы ғинуардың (январьдың, қаңтардың) 13-інде жас Қазақ Республикасының астанасы Қызылорда қаласында Мемлекеттік Ұлт театры (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры) салтанатты түрде ашылды. Даңқты театрымыздың сахнасында тамаша өнерімен жарқыраған әр кезгі атақты шеберлер мен әйгілі режиссерлер есімдері бүгінде баршамызға таныс.  Ал Ұлт театрының ашылу мерекесіне орай және алғашқы қадамдары жайында республиканың бас газетінде беріліп тұрған хабарларға «Театр директоры Дінше» деп қол қойып отырған тұңғыш басшысы және оның есіміне байланысты мәдени оқиғалар жайында не білеміз? Жоғарыдағыдай жарнамалық мәтіндер 1926 жылдың алғашқы төрт айы бойында шыққан. Оларда Ұлт театрының қызметі, арнайы ұйымдастырылған бәйге, жекелеген спектакльдерді қоюшы режиссерлер, ойнайтын әртістер, бәйгеге түскен туындыларды сараптайтын комиссия құрамы жайында деректер бар.  Мәселен, сондай жарнамалардың бірінде бәйгеге түскен пьесаны талқылауға көрермендердің де қатыса алатыны айтылады: «Ойынға келушілер пьесаны сынап, сұраулар басылған қағазға жауап жазып береді». Сонымен бірге: «Жеті кісіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық, кем жерлерін бақылап отырады». Бұл комиссияның ағарту халкомы Смағұл Садуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар  Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов кірген құрамы да көрсетілген.

Аңғарғанымыздай, алғашқы театрлық маусым барысында репертуарды байыту мақсатымен драматургтерді ынталандыру шарасы жасалған – жаңа пьесаларға бәйге жарияланып, түскен туындылар бірден сахналанып тұрды. Ағарту халық комиссариаты құрған арнайы комиссия – белгілі қазақ журналист-жазушылары, орыс театрының режиссері, оқу наркомы – спектакльдерді көрермендермен бірге тамашалап, олардың сапасына, Дінше мен оның өнерпаз серіктерінің балаң сахнада маңдай терлерін төге еңбек етіп көрсеткен ойындарына  баға беріп отырды.  Олар және қатардағы көрермендер ұлттық драматургия, режиссура, орындаушы-әртістер жайында спектакльдің артынша, ойынның ізін суытпай пікірлерін білдіріп, өз ойларымен жас сахна шеберлерінің кәсіптік биікке біліктілікпен бет алуына септесуге тырысты...

Газет бетіндегі әлгіндей жарнамалардан «оқу комиссариатының бәйгесіне келген пьесалардың ішіндегі дәмелісі – 3 перделі «Исатай батыр» деген тарихи драма», «Шернияз» атты 4 перделі қарақалпақ тұрмысынан жазылған драма», сондай-ақ «бәйгеге келген 3 перделі, 6 сүгіретті және прологі мен эпилогі бар «Қаракөз» атты драма» қойылғанын білуге болады. Арнайы хабарландырулардың біріндегі: «Қаракөз» атты драма апрельдің 8-інде, бейсенбі күні ойналмақшы еді, бірақ даярлап шығаруға уақыт көп керек болғандықтан, апрельдің 11-іне қалдырылды. Театр артистерінің саны жетпегендіктен, 10-нан артық адам сырттан шақырылды. Ойынның аса қызық болып шығуы күтіледі», – деген жолдар да қызғылықты. Бұлардан мемлекеттік жас өнер ордасындағы қауырт тыныс-тіршіліктің бір сипатын, кәсіби сахна шеберлерін қалыптастыруды күйттеген ұмтылысты көреміз. 

Қазақтың тұңғыш ұлттық театры Қызылордадағы орыс театрымен бір ғимаратта жұмыс істеп, аптасына бір-екі мәрте (бейсенбі, жексенбі күндері) ойын қойып отырды. Қысқа мерзімде (театрдың бірінші маусымы төрт айға ғана созылды) сахналық қойылымдардың 12 премьерасы болды. Әр пьеса аз уақыт ішінде сахналанып, бір-екі-ақ реттен қойылатын. Маусым бойы сахнада ұзын саны 20 рет спектакль ойналды. Барлық спектакльдер концерттік ойын-сауықтармен астастыра көрсетіліп жүрді. Театр артистері болып ешқандай кәсіби білім алмаған халық таланттары қызмет атқаратын, сахнада түрлі образдарды солар сомдады. Спектакльдер соңынан қойылатын концерттерде ән-күй, әзіл-сықақ, тіпті цирктік нөмірлерді де солар орындайтын.   Ел арасынан жиналған халық шығармашылығы өкілдері енді қаз тұрып келе жатқан ұлттық театр өнерінің бастауында осылайша екпінді түрде еңбек етті. 

Шамамен әр апта сайын бір премьера боп тұрғанына қарағанда, жас театрдың іргесін қалаушылар, сөз жоқ, тынымсыз ізденіс үстінде жүрді. Театр директоры Дінше спектакльдердің қойылымдарына негізінен жалпы көркемдік басшылық жасап отырды. Ал әр ойынның ұңғыл-шұңғылын шығармашылықпен әрлеп, режиссуралық деңгейін көтере түсу үшін ол сахна шеберлерінің өз ішінен жекелеген спектакльдердің режиссерлерін тағайындау тәжірибесін қолданды. Мәселен, «Қаракөзге» режиссер болуды Орынбор оқу орындарындағы көркемөнерпаздар үйірмесінде ойнап ысылып келген Серке Қожамқұловқа, «Шернияздың» режиссерлігін  Ташкент сахналарында тәжірибе алған, Қазақ ағарту институты қабырғасындағы музыкалық драма үйірмесінде өзінің шәкірті болған Құрманбек Жандарбековке тапсырды...  

Сонымен, биыл тоқсан жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталуы тиіс Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының негізін салушы, бірінші тікелей ұйымдастырушысы, тұңғыш директоры, тек директоры ғана емес, маман кадрдан жұрдай жаңа өнер отауының жаңадан шаңырақ көтеріп, түтін түтетуге, үлкен сахна ордасы ретінде қалыптасуға бет алған шақтағы алғашқы көркемдік жетекшісі де, бас режиссері де Дінше (Дінмұхамед, Мұқыш) Әділов болды.  1926 жылғы 11-ші ақпанда халық комиссары Смағұл Садуақасов төрағалық еткен Ағарту халкоматы алқасының мәжілісінде Ұлт театрының (орысша толтырылған құжатта – Казнацтеатр) жай-күйіне байланысты мәселе қаралды. Діншенің баяндамасы тыңдалып, талқылана келе, театрдың аяқ алысы жақсы бағаланды. Театрға «Қазақ Мемлекеттік Академиялық Театры» атауы берілсін деген қаулы қабылданды. Екі айдан кейін,  1926 жылғы 25 сәуірде, Ағарту халық комиссариатының алқасында  Дінмұхамед Әділов театрдың қызметі жайында есепті баяндама жасады. Талқылаудан соң қабылданған қаулыда Қазақ театрының есеп беру мерзімі ішіндегі қызметі қанағаттанарлық деп табылды. Қысқы маусымның аяқталуы, келесі театрлық маусымға дайындық, қабілетті өнерпаздардан мұқият таңдап, труппаны жаңа әртістермен толықтыру,  сахна шеберлерін осы 1926 жылдан бастап-ақ республикадан тысқары жерлердегі көркемөнер жоғары оқу орындарында оқыту және, әрине, қаржы мәселелері, республика үкіметі алдына қояр ұсыныстар, сұралатын нақты сома қаралды. 

Биік өнерімен ұзақ жылдар ел сүйіспеншілігіне бөленіп, Еңбек Ері атанған сахна майталманы Серке Қожамқұлов өзінің естелік кітабында театрға 1925 жылы Діншенің бұйрығымен қабылданғанын атап кеткен. Оның сонда алған театр әртісі екенін куәландыратын куәлігі республикалық мұрағатта сақтаулы тұр. Сол куәліктің мөрлі мәтінінің төменгі жағына Дінше 1926 жылғы 5 мамырда қоңыр сиямен орысша мына сөздерді жазып, қолын қойыпты: «Анықтама. Жолдас Қожамқұлов осы уақытта Қаз. Мем. академиялық театр артисі және бас режиссері болып табылады. Театр директоры Әділов. 8/V 26 ж.»  Мұны Ағарту халкоматына Серкеге әртістігімен бірге бас режиссер екендігін куәландыратын жаңа жекебас құжатын беруі үшін ұсынған екен.

Содан көп ұзамай Дінше қызметінен босанады. ОГПУ тергеушісіне 1928 жылы берген түсініктемесінде ол бұл орайда былай деген: «Мен бұл театрдың директоры міндетін кінәратсыз атқардым, қажырым мен қуатымды аямай жұмсадым деп есептедім, сондықтан да доғарысқа кетуге бел будым» («Я считал, что обязанности директора этого театра выполнил безукоризненно, внес много сил и энергии, и поэтому решил подать в отставку»).

Наркомпросқа (Ағарту халкоматына) жолданған жазғы гастрольге шығатын артистердің тізіміне жаңа директор Әзиз Байсейітов 1926 жылғы 16 мамырда қол қойыпты. Демек, Дінше театр басшысы құзырындағы материалдық құндылықтар мен іс-қағаздарын оған мамырдың ортасына қарай өткізген.

 

ІІ. Ұлт театрының туу тарихынан бірер сөз

Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқаны өткеннен кейін, қазақ  жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына топтастырылды. Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасы құрамындағы Қазақ автономиясына Түркістан республикасынан межеленген қазақ аймағын және Қарақалпақ облысын қосты. Сол шара нәтижесінде құрылған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің  1925 жылғы 15–19-шы сәуірде Ақмешітте (Қызылордада) өткен Бірінші (ескі республикадағы рет саны бойынша – Бесінші) құрылтайы біртұтас Қазақ Ұлттық Республикасының құрылғанын әйгіледі. Құрылтай автономиядағы  «халық ағартудың кезекті мәселелері жөнінде» арнайы қарар қабылдады. Онда «тұрмысы жүдеу, артта қалған Қазақстанды шаруашылығы жаңғырған күшті, мәдениетті кеңес республикасына айналдыру» жолдары, соның ішінде ұлт театрын құру мәселесі де атап айтылды. «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген шешім жеке тармақта тұжырымдалды. Алайда оны орындау күзге дейін қолға алынбады. Тарих қаулының бұл тармағының орындалуын жүзеге асыруды Діншенің – Дінмұхамед Әділұлы Әділовтің еншісіне бұйыртты.

Дінше 1925 жылғы жазда  Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен Ағарту халкоматының аға инспекторы қызметіне тағайындалған еді. Сол тұста жас республикаға қажет мамандарды еліміздің ірі қалаларындағы белгілі оқу орындарында оқытып дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрған. Дінмұхамед Әділұлы емтихан қабылдау комиссиясының төрағасы болды. Шәкірттер Мәскеу, Тәшкен, Орынбордың түрлі оқу орындарына жіберілді. «Осы науқан біткеннен кейін... мен ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қажеттігін көтере бастадым», – деп еске алды Дінше 1928 жылы. Кеңестер съезінің ұлт театрын құру жөніндегі шешімі жайында халық комиссары Садуақасов, өлкепартком басшыларының бірі Жандосов, басқа да көптеген көрнекті қызметкерлер айтып жүретін. Діншеге сол театрды ұйымдастыру тапсырылды. Дінше іске кірісті: «Мен Қазақстанның түрлі қалаларына Садуақасовтың атынан сахна қызметкерлерін шақырған жеделхаттар жолдай бастадым». Театр жұмысын ұйымдастырудың жоқтан бар жасап маңдай тер төккізген қияметін, кәсіби сахнаның не екенін білмейтін ауыл өнерпаздарынан үлкен өнер көрігін қыздырушыларды жасауға бет алған сол кезеңнің қиындығын өнер қайраткерлерінің бертінде жазған естеліктерінен, зерттеушілердің еңбектерінен көруге болады. Соларға сүйене отырып, Мемлекеттік Ұлт театрын құру мынандай кезеңдерден өткенін байқаймыз: өнерпаздар әуелі Қазақстанның бес жылдығын тойлау күндерінде – 1925 жылдың күзінде астанада бас қосқан және Қызылорданың мерекелі орындарында ән шырқаған. Әйгілі палуан Қажымұқанның көшпелі цирк аренасында өнер көрсетуі ең атышулы, атақты оқиға болған екен.  Сонда отырған еуропалық қызметкерлер халықтың Қажымұқанды ұлықтауы кезінде айтылып жатқан жүрекжарды лебіздерін орысшалауды талап еткен көрінеді. Сол кезде Ұлт театрын құру үшін жер-жерден халық таланттарын шақырып жүрген Дінше олардың  алдына шығып, еркін сөз сөйлейді. Оның сондағы мәдениет хақында айтқан сөзі кешегі езілген қазақтың көкірегіне қандай мақтаныш сезімін ұялатқаны жайында атақты халық артисі Қапан Бадыров  беріде тебірене еске алған еді. 

 Мерекелік іс-шаралар аяқталған соң, республиканың Ағарту халкоматында жазушылар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен 22-ші қазанда кеңейтілген мәжіліс өткен. Сонда халком Смағұл Садуақасұлы ұлт театрын ашу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында  баяндама жасады. Одан араға бір ай салып, Діншенің айтуынша, жаңа театр республика коммунистері форумында тұңғыш рет ойын көрсетті: «Бірінші спектакльді біз бесінші өлкелік партконференцияның ашылуына қойдық...»  Яғни, Казнацтеатрдың алғашқы спектаклі Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік ұйымының Бесінші конференциясы жұмысын бастаған 1925 жылғы 1 желтоқсанда болған. 

Театрдың ресми ашылған күні 1926 жылғы 13-ші қаңтар екенін кеңестік тарих терістеген емес, тек осы күні театр өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегімен» ашты деген деректі әбден құлаққа сіңірген.  Іс жүзінде бұл күні сахнада, жоғарыда айтылғандай, Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасы ойналған еді. Ал маңызды мәдени оқиға жайындағы тарихи деректің бұрмалану себебі Діншенің де,  Қошкенің де саяси репрессия құрбанына айналғанында жатқан-ды. Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр әртістерінің сахнаға шығарған алғашқы спектаклі болды. Тек ол кеңестік мәдениет тарихы айтатын 1926 жылғы 13-ші қаңтардағы қазақтың ұлттық театрының  салтанатты түрде ашылуында емес, саяси  тұтқын, саяси репрессиялардың алғашқы толқынында 1930 жылы атылып кеткен Дінше Әділұлы атап айтқан оқиғаға орай – Қазақ  өлкелік партия ұйымының Бесінші конференциясы құрметіне ойналған. Жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына біріккен біртұтас Қазақ елі астанасындағы алғашқы партиялық форумға қатысу үшін әр өңірден жиналған коммунистерге желтоқсанның алғашқы  күндерінде Дінше жинақтаған жас труппа  Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінің»  бір актін көрсетті (бұрын Орынборда өзінің қатысуымен ойналған бұл пьесаны Ұлт театрында сахналауға Серке Қожамқұловтың жақсы жәрдем тигізгені түсінікті) және үлкен концерт қойды. Содан кейін театрдың ресми ашылуына әзірлене бастады...  

 

ІІІ. Шығармашыл достар жайында 

Дінше театрдың ресми ашылуына өзінің байырғы пікірлес досы Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгерұлының «Алтын сақина» атты пьесасын сахналауға таңдап алды. Қошке Омбы үйезінде дүниеге келіп, ауыл молдасынан мұсылманша, одан Омбыдағы шіркеуге келушілердің мектебінен (приходская школа) орысша оқыған. Сосын Омбыда ветеринарлық-фельдшерлік оқудың екі класын тәмамдап, 1913 жылы Омбы ауылшаруашылық    училищесіне түсті. Осы жылы Омбыға гимназияда оқу үшін Ақмола қалалық мектебін бітірген жеткіншек Дінше   Әділов те келген. Ол қазақтардың Сібірдегі астанасына – Дала генерал-губернаторлығының орталығына – Орынборда жаңадан  ашылып жатқан «Қазақ» газетінің   қызметкері, ақын, журналист Міржақып Дулатовтың ақыл-кеңесін арқа сүйеп  барған-ды. Ұзамай «Қазақ» газеті жасөспірім Діншенің оқуына қажет қаражат жинауға бірнеше мәрте мұрындық болды, газет бетінде оның өлеңдерін жариялап тұрды. Қошке екеуін Омбыда оқитын жастардың 1913 жылдан ұйыса бастаған «Бірлік» атты саяси және мәдени-ағарту ұйымы табыстырды.  Мұндағы жалпы оқу, өнер-білім игеру көкжиегін кеңейтуді  көздеген басқосулар (олардан тысқары, әдетте астыртын өтетін жиындарда, заман талабынан туындап жататын саяси ой-пікірлер жасырын түрде айтылатын, пікір таластырылатын, халық мүддесі  тұрғысында түрлі жоспар жасалатын), сауық кештері, сондай-ақ баршасы бірігіп жасап жүрген «Балапан» атты қолжазба журнал олардың көзқарастарын айқындауға, азаматтық тұғырларын сомдауға септесті. Ойлы әңгіме қозғап  қалам тербеуде тез көзге түскен Қошке де, өлең жазатын, домбыра тартып, ән салатын,  мәдениет тарихын қуа оқитын Дінше де ұйымның белсенді мүшелері болды. Екеуі де белгілі бір кезеңдерде «Бірлікте»  хатшылық міндет атқарды.

Монархияның құлауы оларды ашық саясат алаңына бірге алып шықты. Омбыдағы Бостандық үйінде (күні кешегі Дала генерал-губернаторы кеңсесінде) 1917 жылдың сәуірінде өткен Ақмола облысы қазақтарының съезінде азаттық таңының атуына байланысты ағымдағы ахуал талқыланып, қазақтардың облыстық атқару комитеті құрылды. Съездің шешімін орындау мақсатымен қазақ атқару комитеті жұмысқа «Бірліктің» белсенді жастарынан жәрдемшілер тартты. Жер-жерде халық жиналыстарын өткізіп, қазақ комитеттерін құру үшін солардан комиссарлар жасақтап, үйездерге жіберді. Қошке мен Дінше Ақмола үйезіне бөлінді. Ақмолада олар сондағы мұғалімдер Сәкен Сейфуллин, Бірке (Бірмұхамед) Айбасовпен бірлесіп әрекет етті. Ауыл-ауылды аралап жиындар өткізді, үйездік жиналысқа өкілдер жіберілуін ұйымдастырды. Үйез тұрғындарының съезінде үйездік қазақ атқару комитеті құрылып, оған Рахымжан Дүйсенбаев төраға, бұлар мүше болды да, бостандық таңы арайындағы саяси жұмыстарын екпіндете жүргізе берді. Ұзамай байырғы журналист Рахымжан (ол «Дала уәлаяты газетінде» 1902 жылғы жабылуына дейін істеген, сосын заңгерлік білім алып, адвокат болып қызмет атқарып жүрген) «Тіршілік» атты газет шығарудың шаруасымен орталық қалаларға іссапарға кетеді.  Үзеңгілес жігіттер Сәкеннің басшылығымен ауылдардағы жастардың басын құрап, «Жас қазақ» ұйымын құрады («Жас қазақ» мүшелері түскен, Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде» жариялаған суреттің бел ортасында албырт жас Дінше де бейнеленген). Содан бәрі революция рухындағы қызық жұмыстар жүргізеді. Солақай әрекеттер де болып тұрады: олардың тым тапшылдық көрсетіп, ауқаттылармен араздасулары, дінге қарсылық білдірулері, тиісінше жергілікті бас адамдармен тіл табыса алмаушылықтары ұзамай теріс нәтижесін береді. 1917 жылғы шілдеде Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінен кейін өткен    үйез халқының екінші жалпы жиналысында атқару комитеті қайта сайланады. Оның құрамына Сәкен мен оның серіктері енгізілмейді. Содан Қошке мен Дінше Омбыға қайтып кетеді. Екеуі де  өз оқу орындарындағы сабақтарын жалғастырады.

1917 жылғы қазан айының аяғына қарай Омбыға Томдағы Сібір автономияшыларының съезінен келе жатқан Әлихан Бөкейханов соғады. Белгілі қоғам қайраткері және болашақ ұлт көсемімен Бостандық үйінде өткен кездесу Алаш саяси партиясын құру жиынына ұласады. Сол жиналыста Қошке де, Дінше де Алаш партиясының Ақмола облыстық комитеті мүшелігіне сайланады. Осында Бөкейхановтың пайым, уәждеріне студент Шәймерден Әлжанов қарсы сөйлеп, солшыл бағыттағы өзгеше көзқарас танытқан болатын. Ол ұзамай Көлбай Төгісов, Мұқан Әйтпеновтерді қолдап, социалистік бағыттағы «Үш жүз» партиясын құруға қатысады. Осы жәйт және Петроградтағы большевиктердің совет өкіметін жария еткен Қазан төңкерісі, сондай-ақ Орынбордағы Алаш автономиясын құрған Желтоқсан жалпықазақ құрылтайы «Бірлік» ұйымының тағдырына қатты әсер етеді: 1918 жылғы сәуірде «Бірлік» мүшелері көзқарас ыңғайымен екі жарылады. Қошке алаш тұғырындағы «Жас азамат» ұйымына, Дінше кеңестік бағдардағы Демократиялық одаққа қосылады. Ұзамай Дінше мүлдем большевиктеніп, Омбыда жасақталған қызыл партизандар жасағына кіреді де, ақтармен соғысу үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Ал Қошке жастардың ұлттық мүддені күйттейтін жаңа ұйымының тілі болып табылатын «Жас азамат» газетін шығарумен шұғылданады. Осылай екі дос қоғамдық қозғалыстың екі қанатына шығып, қилы тағдыр сындарына кезіккен өз жолдарына түседі.

Қошкенің 1925 жылғы 16-шы наурызда Діншеге жазған бір хаты ОГПУ жүргізген қылмыстық тергеу ісқағаздары арасында тігулі тұр. Хатында ол ғүмырында талай тарихты бастан кешкен Діншенің  сонау Қиыр Шығыс сапарынан бастап, қазіргі өміріне шейін терең білгісі келетінін жазған.  Қандай мақсатпен коммунизм жолына түскен? Бұл жолдан неге ауытқыған? Өзі көрген уақиғалар, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достары хақында қысқаша ақпар берсе. Бұлар оның  қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуы үшін қажет. Түркістандағы істері туралы хатқа жаза алмаса, ауызша айтсын, Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме берсін. Соларды есту үшін арнайы кездескісі келетінін айтқан.  Сол жылғы көктемнен «Алтын сақа» сахналанып болған 1926 жылдың басына дейін олардың талай кездескеніне күмән жоқ. Романшы үшін Дінше өткен өмір жолының қызық тұстары мол екені анық-тын. Бірақ Қошкенің романы қолжазба күйінде, жанама деректерге қарағанда, құпия полиция қолына түсті де, со беті жоғалып кетті. Біз енді, ғайыптан табыла кетпесе, оның зиялылар тыныс-тіршілігін шығармасында қалай бейнелегенін, Дінше тағдырының онда қандай орын алғанын ешқашан біле алмаймыз...  

  IV. Дінше қандай жолдан өтті?

 Қошкенің болашақ романына негізгі материалды Діншеден алғысы келуі, оның сонау омбылық досының  бейнесіне шығармашылық қызығушылықпен қарауы өте орынды-тын, себебі Дінше революция ісіне жан аямай атсалысқан, сосын оның барысынан көңілі суып та үлгерген қайраткер-тін. Хатында айтқанындай, Қошке соның себебін білгісі келді. Діншенің театр ісіне кіріскенге дейін  көркемөнерпаздықпен шұғылдануы 1914–1918 жылдары Омбыда оқыған шағында (жастардың мәдени-ағарту және қоғамдық-саяси «Бірлік» ұйымында) және облыстық қазақ революциялық мекемесінің комиссары ретінде Ақмолада қоғамдық-саяси қызмет атқарған кезінде (1917 жылы «Жас қазақ» ұйымын құрысқанында) орын алғанын айта кету ләзім. Одан соң 1918 жылғы көктемде Омбыда қызыл  партизан жасағына кірген де,  Қиыр Шығысқа аттанып, күзге дейін ақтармен шайқасқан. Благовещенскіде ақтар түрмесіне түсті. Одан Омбыға оралып, сол жылғы желтоқсанда Колчак диктатурасына қарсы қарулы көтеріліске қатысқан. Ақтардан жасырынып, 1919 жылы Түркістан өлкесіне өткен. Ташкентте Тұрар Рысқұлов басқаратын Мұсылмандар бюросы жұмысына қатысқан, қазақ  педагогикалық училищесінде сабақ берген, ал 1920 жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Нәзір Төреқұловтың шешімімен Алматыға аттанып,  Жетісу облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі лауазымында қызмет атқарған. Өзімен бірге шәкірті Ғани Мұратбаевты ертіп әкеп, қазақ мұғалімдерін даярлау курсына дәрісші етіп бекітті, оның  сабақ бере жүріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласуына, ширап, ысылуына септесті. Сондай-ақ өзі де мұғалімдер дайындау курсына мәдениет тарихынан тұрақты дәріс беріп тұрған. Алматыға келген бетте Түркмайдан Әскери-революциялық кеңесінің уәкілі Дмитрий Фурмановпен байланысып, облыстағы алғашқы мәдени-үгіт топтарын құрысқан. (Тарихта «Верный бүліншілігі» деп таңбаланған 1920 жылғы 12–19-шы маусым оқиғаларын көзімен көрген. Мәскеуден келген революциялық трибунал бірде-бір оқ шығармаған «көтеріліс» басшыларын топтап атып, қаладағы партия ұйымының басшысын, тағы басқа қызметкерлерді  жер аударуға үкім шығарған болатын.  Міне сол «бүліншілік» шындығын Діншенің: «Гарнизон Фурмановқа қарсы шықты» деген бір ауыз сөзі ашып тұр – мұрағат деректері оның дұрыс айтқанын, «бүліншілік» нақты оқиғаны большевиктік тәсілмен әдіптеп бұрмалаудың салдары екенін көрсетеді, алайда бұл жеке әңгіме желісі.) 1920 жылы күзде Семейге барып, Жүсіпбек Аймауытов басқаратын қазақ бөлімі жұмысына қатысқан. Қазан айында өткен Қазақстанның тұңғыш Кеңестер съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сырттай сайланып, Орынборға келген. Ол жайында Қазақ автономиясының белгілі қайраткерлерінің бірі Смағұл Садуақасов республиканың бас газеті бетінде сол шақта: «Дінмұхамед Әділов жас болса да, қазақ революционерлерінің кәриясінен саналады», – деп жазған-ды. Әділов Ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары,  халық комиссары міндетін атқарушы болды. Сосын қазақ үкіметі пен облыстық партия комитетінің отаршылдық салқынынан арылмаған саяси бағытына Смағұл Садуақасовпен  бірге қарсы шықты. Соның салдарынан халық комиссары лауазымына бекітілмеді, қызметінде кыспақ көре   бастады.

Сонда ол Әлихан Бөкейханов пен   Ахмет Байтұрсыновтың батасымен Ташкентке кетіп қалды. Онда 1919–1920 жылдары өзі ұстаздық еткен Қазақ ағарту институты (Казинпрос) мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен қаланың «Колизей» театрында өтіп жүрген «Шығыс кештеріне» арнап қазақ тұрмысынан ойын-сауық әзірледі. Одан Бұхараға кетіп,  жалпытүркілік қозғалыс серкелерінің бірі Зәки Валидов жүргізген белгілі  астыртын жұмысқа қатысты. Безгекке шалдыққандықтан, елге оралды. Жазылған соң, 1922–1923 жылғы қыста Сырдария облаткомы мандатымен Шу бойында халық жиналыстарын өткізді. Кеңес өкіметі мұраттарына кір келтіріп жүрген ел ішіндегі белсенділерді ауыздықтауға қатысты. Сосын Ташкентте Казинпростың оқытушысы, 1924 жылы директоры болды. Институт директоры болған кезінде, әрине, белгілі дәрежеде көркемөнерпаздар үйірмесі жұмысымен де айналысқан. Осы жәйттер оны мәдениет қайраткері санатына қосып, 1925 жылы Кеңестер съезі қарарына сай Ұлт театрын ұйымдастыру ісіне құлшына кірісуіне сенімділік берді. 

Әйгілі мемлекет қайраткері, әдебиетші, көсемсөзші, «Үлкен террор» құрбаны Сұлтанбек Қожановтың жары, «халық жауы әйелінің» еншісіне тиген күллі тағдыр тауқыметін басынан кешкен Гүләндәм Мұңайтпасқызы Қожанова 1988 жылдың бас кезінде 1921 жылғы Ташкент мәдени өмірінен  бір сыр шерткен еді. Түркреспублика жауапты қызметкерлері зайыптарының қатысуымен «Шығыс кештері» өткізіліп тұрғанын, сондай бір өнер кешінде қойылған спектакльдің  басты ұйымдастырушысы Дінмұхамед Әділов болғанын еске алып, аға ұрпақтың алыста қалған жастық шақтарындағы ұмытылмас мезеттерді жылы лебізбен еске алған.   Сол бір белес жайында 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Дінше былай депті: «Я помню, в бытность мою в Ташкенте ставили восточные вечера, распорядителем казахской части был я. В тот день, когда мы выехали, в театре «Колизей» шел такой спектакль, и я невольно о нем подумал». («Есімде, менің Тәшкенде тұрған шағымда шығыс кештерін қоюшы едік, қазақ бөлімін мен басқаратынмын. Біз сапарға шыққан күні «Колизей» театрында сондай спектакль жүріп жатты да, мен еркімнен тыс сол жайында ойладым»). Бұл 1921 жылғы мамырдың соңғы күндерінің бірі болатын. Ол серіктерімен бірге астыртын тапсырмамен Бұхара қаласына шыққан. Онда Зәки Валидов жасырынып жүрген еді. Ол – жетпіс жыл жау саналған, бүгінде заңды түрде башқұрт халқының мақтанышына, ұлттық батырына айналған қоғам қайраткері, ірі ғалым.  Түркі халықтары ішінде монархия құлағаннан кейін тұңғыш жарияланған ұлттық автономияның басшысы (1917 жылы Башқұрт автономиясы – 16 қарашада, Түркістан (Қоқан) автономиясы – 24 қарашада, Қазақ (Алаш) автономиясы – 12 желтоқсанда құрылды). Зәки қазақ қайраткерлерімен ақылдаса отырып, кеңес өкіметімен келісімшарт жасады, башқұрт, қазақ халықтарының тәуелсіздікке бірлесіп қол жеткізетініне сенді. Алайда, Ленин мен Сталиннің қол қойған келісімді дөрекі түрде бұзулары өз алдына, олардың күллі ұлт саясаты  – аты   өзгерген империяны көксеген жәй ғана көзбояу екенін тікелей пікірлесе жүріп айқын ұққан да,  ақыры, большевиктерге қарсы қимыл ұйымдастыру мақсатымен 1920 жылдың ортасында Бұхараға өткен. 1921 жылғы мамыр айының соңғы күндерінде оған қазақ зиялылары жіберген үш жас жігіт барып, орталарынан біреуін қазақтардың  Ферғана алқабындағы тұрақты өкілі ретінде қалдырған. Бұл Дінше еді. Ол Бұхарада үш жарым ай бойы белсенді жұмыс атқарды. (Зәки Валиди өзінің Түркияда жазған «Естеліктерінде» оның түрлі қызметін әлденеше мәрте ризашылықпен атап өтіп, «Бұхара мен Самарқанда Алашорда уәкілі болған қазақ шайыры әм мәдениет қайраткері Дінше» деген мәтінмен жеке суретін бастырды.)

V. Тоталитаризм құрбандарына қатысты өтелмеген парыз

Сонымен, бүгінгі әйгілі өнер ордасы Қошмұхамед Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» шымылдығын ашып бастаған бірінші театрлық маусымы – қаз тұрып, тәй-тәй басу кезеңі – бастан-аяқ Дінмұхамед Әділұлының жетекшілігімен өтті. Ал жас ұжымның алғашқы қойылымдары мен өнерпаздардың шеберлік деңгейі көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт театрының дем берушісі әрі қамқоршысы болған Смағұл Садуақасұлының мақалаларында өз уақытында талданып, бағаланып отырды. Бірақ олардың есімдері тез ұмыттырылды. Өйткені Дінше 1926 жылы жазғытұрым театрдың басшылығынан өз еркімен кетті де, құпия полиция қармағына түсті. 1928 жылғы  тәркілеу науқаны соңында тұтқындалды. 1930 жылғы 21-ші сәуірде Мәскеуде, пролетариат көсемі Лениннің туғанына алпыс жыл толған юбилейі қарсаңында құрбандыққа шалынып, атылды. Смағұл қазақ еліндегі диктатор Голощекиннің айлалы саясатының құрбаны болып, 1933 жылы дүниеден озды.  1930 жылы Қошке де қамалды. Екі жыл түрмеде отырып, ішкі Ресейге жер аударылды, 1937 жылы қайта ұсталып, Омбыда атылды. Осылай үшеуінің де Ұлт театрының бастауындағы еңбектерін елемеуге негіз салынды.

Қасіретті жылдарда репрессияның қара қанжары отыз жасар Діншені мерт етті. Қыршын кеткен боздақтың ұлттық сахна өнерін қалыптастырудағы еңбегі ізінше жоққа шығарылды. Республикамыздың бас газеті бетінде белгілі ақынымыз сол 30-шы жылдары: «...бетінен қаны шыққан ұлтшыл Әділұлы театрдың бағытын еңбекші тап мүддесінен бұрып әкетті», – деген жалалы тұжырымын жария етті. Содан Дінше Әділұлының есімі театр, мәдениет құрылысы тарихынан тез және ұзақ уақытқа өшірілді.

Қоғамдық құрылыс ауысты, тәуелсіздік туын желбіреткенімізге ширек ғасырға айналды. Отарлық қатыгез заманның, әділетсіз уақыттың қасаң бұрмалауларын дұрыстауға енді толық мүмкіндігіміз бар. Ұлтымыздың аяулы азаматын ардақтап, есімін мәдениетіміздің тарихындағы, қазіргі таңда тоқсан жылдық мерейтойын атап өткелі тұрған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихындағы өз орнына қойған жөн.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377