ПУТИН ЖЫЛ САЙЫНҒЫ БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫН ӨТКІЗЕДІ
Ресей президенті Владимир Путиннің БАҚ өкілдерімен дәстүрлі кездесуі бүгін өтеді. Путин үшін президент лауазымындағы он бірінші рет журналистермен өтетін баспасөз конференциясы Мәскеудегі халықаралық сауда Орталығында, жергілікті уақытпен түсте басталады.
Бұл жолғы баспасөз жиынына келетін журналистер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Президентпен кездесуге ресейлік және шетелдік БАҚ-тың 1390 қызметкері тіркелген.Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, бірнеше журналист тіркеуден өтпей қалған. Алайда олардың есімдерін атаудан бас тартты.
Ресейлік журналистер бірінші кезекте, мұнай бағасының құлдырауына байланысты елдегі әлеуметтік мәселелер мен экономиканың жалпы жағдайы туралы сұрақтар қояды деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, шетелдік БАҚ өкілдерін Ресейдің сыртқы саясаттағы қадамдары, Сириядағы жағдай мен Түркиямен арадағы шиеленіс қызықтырады.
Жыл сайын үлкен баспасөз конференцциясын өткізуді Владимир Путин 2001 жылы бастады. 2008 жылғы журналистермен кездесуі мұзақтығы жағынан рекорд орнатты. Ол кезде Путин 4 сағат 40 минут ішінде 106 сұраққа жауап берді.
Абай-ақпарат