ТАШКЕНТ ЕРКІН САУДА АЙМАҒЫН ҚҰРУҒА ДАЙЫН ЕМЕС
Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында еркі сауда аймағын құру туралы ұсынысты қарастыруға дайын емес.
Бұл туралы Қытайдың Чжэнчжоу қаласында желтоқсанның 15-і күні өткен ШЫҰ-на мүше елдер үкіметі басшылары Кеңесінің отырысында Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов мәлімдеді.
Қытай премьер-министрі Ли Кэцян Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде еркін сауда аймағын құруға қатысты нақты шаралар жиынтығын әзірлеуді ұсынған болатын.
Өзбектің «Жахон» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Рустам Азимов Қытай үкіметі басшысы ұсынған бағыттың ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясында көрсетілмегенін алға тартқан. Бұл стратегияны биылғы жылдың шілдесінде Уфа қаласында мемлекет басшылары қабылдаған еді.
Дегенмен Азимов, Өзбекстан ШЫҰ-на мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың одан әрі дамуын және осы саладағы өзге де шаралардың жүзеге асырылуын қалайтынын атап кеткен.
Абай-ақпарат