ҚАСИЕТТІ ҺӘМ ҚАСІРЕТТІ КҮН
Қазақ халқы үшін, Алаш жұрты үшін желтоқсан айы – әрі қасіретті ай, әрі қасиетті ай. 1986 жылдың 16-18 желтоқсан күндері - қара мұжықтың табанымен қара жерге тапталған халқымыздың ұлттық намысын жалындаған жүрегінің жалауымен жап-жас ұл-қыздарымыздың көкке көтерген қасиетті мезеті.
Сонымен бірге кеңестік республикаларды күрт оятып, тәуелсіздік таңын атқызуға деген барша ұлттың талпынысын тірілтіп жеткен сергек сілкіністің қасиетті әм киелі бастауы. Сол сілкіністің дүмпуі – кеңестер одағын ақыры ыдыратып тынған-ды.
Қасіреттің қасиетке айналуы төгілген ыстық қанның, сөгілген қайсар жүректің арқасы еді.
Елінің егемендігін, ұлтының тәуелсіздігін ғасырлар бойы аңсаған арыстарының ұлық арманын ерліктей өрлігімен, жаужүрек жанкештілігімен жақындатып, 1991 жылдың 16-желтоқсанында тәуелсіздік таңын атқызып, көк туымызды төбемізге көтерткен сол желтоқсандық жігерлі жастар еді.
Қасіретті күн тағы да осылай қасиет тұтар күнге айналған-ды.
Амал не, 2011-жылдың 16-желтоқсаны қыршындарымыздың қызыл қанына боялып, қайтадан қасірет күні боп оянды.
...Қазаққа қазақ оқ атты.
Жай қазақты бай қазақ атқызып салды.
Өр қазақты төрдегі қазақ қазаға ұшыратты.
Қасиеттімізді қасіретіміз бүркеді.
Қасиет қасіретпен алмасты.
Бұдан былай 16-17 – желтоқсан – азалы күн, қазалы көкірек күні деп аталды.
Азалы күнді туғызған жендеттердің ажалы жетеді әлі. Ел кегі ешкімді де ескерусіз жібермейді.
Софы Сматаев
Abai.kz