Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 9127 0 пікір 8 Желтоқсан, 2015 сағат 17:37

ОЛ ТЕКТІ ҚАЗАҚ ІЗДЕП ЖҮР

6 желтоқсанда Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Ұлым, саған айтам...» атты болмысы бөлек бенефис өтті.

...Тал түсте-ақ қолына шам ұстаған бір қазақ, «бас орнына мойнына Күн орнатқан бір қазақ» көптің арасынан... қазақ іздеп жүр. «Қазақпысың?». Шамды адамдардың көзіне түсіріп, үңіле қарайды. «Жоқ. Түрің – қазақ». Осылай бірнеше рет қайталанады. Қанбазардағы қалың жұрттың ішінен адам іздеп сабылатын баяғы әфсанадағы Диогеннің сырт көзге – әпенді, аңдағанға – астарлы тірлігі. Диоген мың сан адамның арасынан Адам іздесе, Бекжан қазақтың жерінен, қазақтың елінен Қазақ таппай сандалады:

– Баяғыда қандай едім?

Қазақ едім, ғажап едім.

Ал бүгін...

Бос шелектей даңғырлап,

жұртта қалды зар-мұңым.

Қанталапай тағдырым,

тоналғанда сандығым,

ауып түсіп әнекей,

артта қалды бар жүгім.

Тұлдыр тұлып секілді,

сыртым бүтін көрініп,

ішім іріп кеткендей,

Ет-жүрегім елжіреп.

Қарай берем айнаға,

Келбетімді көре алмай,

Мынау қазақ дегенге,

Секем алып, сене алмай.

Түрім қазақ,

ділім дүмбілез һәм дүбәра.

Батып жатқан күн ара,

Батпан-батпан күнәға.

Таң ағарып атқанмен,

Күн қызарып батпай ма?

Біреу келіп жұртымның,

Жұқанасын жоқтай ма?

Аманатта обал,

Салауатта сауап жоқ.

Күнім өтіп барады,

Сауалым көп,

Жауап жоқ.

...Мың қазақтың ішінен

қазақ іздеп жүремін,

Мың азаптың ішінен азап іздеп жүремін.

Өз жерімде өзімді іздеп жүремін,

Қорынғанда қор болған

сөзімді іздеп жүремін.

Бастан-аяқ сілтідей тынып көретін, әлдебір қателігіңді біліп қойған әкеңнен таяқ жегендей дымың құрып көретін, жайғасқан жайың театрдың жұмсақ орындығы емес, дәп бір алмас қылыштың жүзі секілді, қылмысың ашылып қалардай қыпылдап отырып көретін моноспектакльдің басты лейтмотиві – осы өлеңмен өрілген монолог. «Қазақпысың?» деген сұрақты әркім өзіне тікелей қабылдап, іштей жауап ойлауға тырысады: «Шынында да, мен қазақпын ба? Иә, қазақпын. Қазақша сөйлеймін. Міне, қазақ театрына келіп отырмын. Балаларым қазақ мектебінде оқиды. Бірақ қазақ болу – тек осы ғана ма? Менің балам қазақ әнін тыңдай ма? Ұлт тарихын біле ме? Бойында қазақы қадір-қасиеттің тым болмаса жұрнағы бар ма? Болмаса, ол кінәлі ме, әлде оның санасына сіңіре алмаған мен кінәлімін бе?».

Көрермен моноспектакльді тамашаламайды, ол өзімен-өзі арпалысып, өзінен-өзі жауап алып, өзін-өзі жегідей жеп отырады. Өйткені, сахнадан садақша атылған сан сұрақ мұның жанды жерін дәл тауып қадалады. Бұл – тек сүйсініп көріп, сүйініп қана шығатын, шаттана көріп, шапалақтап отыратын қойылым емес. Бұл – кейіпкермен бірге күйзеліп, бірге күйінетін, және сол күйзеліске өзіңнің де тікелей қатысыңның барын бағамдайтын, тіпті сол күйінішке сенің де қосып жатқан «үлесіңді» сахнадағы Бекжан біліп қойып, әдейі саған айтып тұрғандай қысылып отырып көретін дүние.

Әке мен бала арасындағы пікір қайшылығы, көзқарастар қақтығысы – қойылымдағы негізгі желі. Мұнда тек әке мен баланың айтысы ғана емес, өткен мен бүгіннің, дәстүр мен жаңаның, жас пен кәрінің мәңгілік тартысы жатыр... Қазақтың бесігін сағынған, қобызының мұңын аңсаған, домбырасының үнін сүйген, шаңырақтың киесін, өлең-сөздің жүйесін білген Әке-Бекжан мен ер-тоқымды айфонға айырбастаған, әні мен сәнін заманына сай таңдаған, ХХІ ғасырдың өкілі Бала-Мағжан өзара айтыса, уәж таластыра отырып, ортадан қақ жарып шығар ақиқатқа жол салады. Бастапқыда мәмілеге келуі екіталай көрінген әкелі-балалы Тұрыстардың қойылымның қорытынды тұсына қарай сөз ләмі жарасып, елудегі ел ағасы мен жиырмадағы жас ұлан өзара тіл табысады. Сөйтсек, манадан бергі айтыс-тартысқа арқау болған ұстанымдар ұстасуы – шын мәнінде ұстасу емес, ұштасу екен. Бала-Мағжан Әке-Бекжанның көкірегінде түйін боп қатқан түйткілді түгел ақтарып, ағынан жарылып, ащы запыранынан арылуы үшін айфонды әдейі айтыпты. Ер-тоқым ешқайда кетпепті, қайта бұрынғысынан да қадірі артып, ақ боз тұлпардың арқасына қонып, ажары кіріп оралыпты.

«Айфон» демекші, пьесаның сахналық табиғатын тамаша ашқан, сүбелі сөзді шынайы визуальды реңкке шымқай орай білген режиссер Асқар Маемеровтың тауып кеткен тұстарының бірі – қара телефонын құлағына жапсырып, ерсілі-қарсылы сабылған адамдардың нөпірі. Жаныңдағы досыңнан желідегі «досың» көбейіп, бетпе-бет сұхбаттасудан ғаламтордағы әжік-күжік әңгіме сәнге айналған бүгінгі күннің сықпыты. Солардың әрқайсысына бір жүгірген Бекжанның аянышты халі. «Айтшы!» дейді әлгілердің бірі. Бекжан айта жөнеледі. Қазақтың тілімделген тілін айтады, жұлмаланған ділін айтады, жаралы жанын айтады, әйтеуір елдің, жердің зарын айтады. Оны анау тыңдамайды. Сөйтсе, ол айфонның ар жағындағы адамға айтыпты, «айтшы!» деп... Іргесіндегі тірі адаммен сөйлеспей, желідегі «жан досына» сыр ақтарар желіккен заман. «Ақиқатты айту қандай қиын ед, Көрермені, тыңдарманы жоқ залда!».

Осыдан он жыл бұрын да ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, дарынды актер Бекжан Тұрыс баласымен диалог құрып, мерейтойлық қойылым жасап еді. Одан бері Мағжан да ат жалын тартып мініп, азамат болыпты, Бекжан да елдің, ұлттың сөзін сөйлейтін, мұңын мұңдайтын ердің жасына келіпті. Ол кешегі кемел майталмандарды үнемі үлгі тұтатынын байқатты. Терең тамырдан нәр алмаған өнердің өмірі шолақ екенін біледі, онсыз бүгінгі сахнада – мән болмайтынын, келешек өнерде – жан (рух) қалмайтынын түсінеді. Режиссермен біріге отырып, ән шырқалар тұстарда сахнадағы алып экраннан өмірден өтіп кеткен Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Жамал Жалмұхамбетова, Гүлзипа Сыдықова, Әмина Өмірзақова, Күләш Сексенбаева, Фарида Шәріпова, Тұрахан Садықова сынды әже-аналарын, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Жұмабай Медетбаев секілді әке-аталарының бейнесін көрсетті. «Алматы ақшамының» бас редакторы Қали Сәрсенбайдың Бекжанды «Серкелердің сарқыты» деп не себепті атағанына сөйтіп тағы бір рет көз жеткіздік.

Бекеңнің осыған дейін көкейінде жүрген бүкіл ой-ниет, тілек-мақсатының бәрі 1 сағат 40 минутқа созылған моноспектакльде көрініс тапты. Ал сол ойға – ой қоса білген, ақын ретінде өзін де толғантып жүрген күллі торығу пен ширығуды, арзу мен арманды, үміт пен күдікті адам жанындай терең жырға, ағып тұрған ақ өлеңге, көкірегіңе қонақтар көсем сөзге көркемдеп түсірген Бақыт Беделханның драматург ретінде тынысының ашылуы – кештің ақжолтай жаңалығы болды. «Ұлым, саған айтам...» тек бір реттік меретойлық қойылым болып қалмаса екен, театр репертуарына енсе екен» дескен елдің ықыласы да осыны аңғартады.

Жазушы Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» пьесасын Балалар мен жасөспірімдер театрында марқұм Райымбек Сейтметов қойған кезде, керемет әсерге бөленген кинорежиссер Сламбек Тәуекел: «Кіржуғыш машинаға кіріп шыққандай бір тазарып қалдық-ау!» – деген екен. Сол айтқандай, «Ұлым, саған айтам...» қойылымы көрерменнің кірлеген жанын тазартып, жүрегін бір шайып алғандай болды.

...Тал түсте-ақ қолына шам ұстаған бір қазақ, «бас орнына мойнына Күн орнатқан бір қазақ» көптің арасынан... жәй қазақ іздеп жүрген жоқ. Ол Текті Қазақ іздеп жүр. Лайым, тапсын, молынан тапсын. Тазарған жан, жуылған жүректі қайтіп кірлетпеу, көзінде шуақ, көкірегінде мейірім бар нағыз бауырмал қазақ бола білу де – «өнерге» айналған аласапыран заман бұл. Қазақ бола білейік. Текті Қазақ.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498