Алдан СМАЙЫЛ. 79-ШЫ ЖЫЛДЫҢ ЫЗҒАРЛЫ ЖАЗЫ
1979 жылғы 16 және және 19 маусым күні Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, қазақ жерінің бөлінбейтінін, ешқандай автономияға жол жоқ екенін батыл мәлімдеді. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін бұзғызды. Бұл Кеңес Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді. Осындай ұлы ерлікті жергілікті тұрғындарының үлесі 17 пайыздан аспайтын Целиноград қаласының қазақ жастары жасады. Киелі Ақмола-Қараөткел топырағында Алаш рухы тұңғыш жеңіске жетті. Халықтың ұлттық намысы оянды, ел тарихи қаһармандығын қайта тапты.
Ерлік, оның ішінде халықтың көкөрім өрендері жасаған ерлік ұлт тарихында ерекше орын алуға, мақтан етілуге тиіс. Алайда, салыстырмалы түрде алғанда, күні кеше болды деуге саятын осы қаһармандық бүгінде айтылмайды. Оның Қазақ елі тәуелсіздігіндегі ықпалы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әсері жайлы не тарихшылар, не саясаттанушылар тиісінше мән бермей келеді.
Ұлт қаһармандығының шежіресіне алтын әріппен жазылуға лайық осы ерлік қалай жасалып еді?
1979 жылғы 16 және және 19 маусым күні Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, қазақ жерінің бөлінбейтінін, ешқандай автономияға жол жоқ екенін батыл мәлімдеді. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін бұзғызды. Бұл Кеңес Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді. Осындай ұлы ерлікті жергілікті тұрғындарының үлесі 17 пайыздан аспайтын Целиноград қаласының қазақ жастары жасады. Киелі Ақмола-Қараөткел топырағында Алаш рухы тұңғыш жеңіске жетті. Халықтың ұлттық намысы оянды, ел тарихи қаһармандығын қайта тапты.
Ерлік, оның ішінде халықтың көкөрім өрендері жасаған ерлік ұлт тарихында ерекше орын алуға, мақтан етілуге тиіс. Алайда, салыстырмалы түрде алғанда, күні кеше болды деуге саятын осы қаһармандық бүгінде айтылмайды. Оның Қазақ елі тәуелсіздігіндегі ықпалы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әсері жайлы не тарихшылар, не саясаттанушылар тиісінше мән бермей келеді.
Ұлт қаһармандығының шежіресіне алтын әріппен жазылуға лайық осы ерлік қалай жасалып еді?
Бұл сауалға алғаш академик Манаш Қозыбаев 1993 жылы жарық көрген "Қазақстан тарихы" атты жинақта жауап беруге тырысты. Оқиға қысқа баяндалып, мәселенің саяси-тарихи астарлары терең қамтылмады. Ереуілдің мән-жайы 1998 жылы жарық көрген "Познание себя" деген еңбекте алғаш рет жан-жақты ашылды. Нақты деректерге толы осы туындының авторлары Амантай Кәкен мен Мұқаш Омаров кезінде мемлекеттік қауіпсіздік органында қызмет істегендіктен, көптеген құнды мәліметтерді пайдалана алған. Сол дәйектерге және өз тарапымыздан іздестірген деректерге сүйене отырып, Ақмола жастарының ерлігі жайлы әңгімелеуді 79-шы жылдың өрендері алдындағы парыз санадық.
Еділ бойындағы неміс республикасының Ұлы Отан соғысы басталған тұста таратылғаны белгілі. 1941 жылғы 28 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен ондағы немістер Қазақстанға жер аударылды. Мұндай шешімнің неге қабылданғаны түсінікті еді, ал соғыс жеңіспен аяқталған соң олардың байырғы қонысына қайта оралуына рұқсат бермеу іштей де, сырттай да қарсылық туғызды. Неміс ұлты өкілдерінің өтініштері мен наразылығына Орталық Комитет назар аударған жоқ. Бұрынғы автономия орналасқан жерге ел тығыз қоныстанғандықтан, оны қалпына келтіру мүмкін емес деген сырғытпа жауап берумен болды. Неміс тілінде "Фройндшафт" газетін ашып, басқа да мәдени шараларды жүзеге асырып, іс осымен тындыға санады.
Бір емес, екі бірдей мемлекеті бар неміс жұрты енді мәселені төтесінен қойды. 1972 жылы "Шет елге кететін немістер бірлестігі" деген жасырын ұйым құрылды. Оған Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Балтық жағалауы елдерінде тұратын диаспора өкілдері басшылық жасады.
Немістердің осы батыл қадамы жайлы А.Кәкен "Ақмоладағы ереуіл қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды" атты мақаласында былай әңгімелейді: "Совет елінің солақай саясаты немістердің жаппай шетелге қоныс аудару қозғалысын туғызды. Бірақ билік әртүрлі сылтау тауып, оларды мүмкіндігінше жібермеуге тырысты. Мұндай текетірес көпке созылмай, бір тоқтамға келуі қажет еді. Солай бола тұрса да бірде-бір мемлекеттік орган мәселені кешенді түрде шешуге кіріспеген соң, Орталық Комитет мұндай "құрметті" КГБ-ге тапсырды. Бірақ оның құрамындағы барлық басқармалар әртүрлі сылтау айтып, ат-тонын ала қашты. Ақыры осы проблеманы зерттеу сол кезде жаңадан құрылған Ф.Бобков басқаратын 5-басқармаға тапсырылды.
Мәселе КГБ-ға неге тапсырылды екен?
1956 жылы КСРО Ішкі істер министрі Қазақстанда чешен-ұңғыш автономиялық республикасын құру қажет деген ұсыныс жасапты. Бірақ сол кезде оны жоғары жақ қолдамап еді. Партия көсемдерінің есіне сол түсті ме, кім білсін?
Нәтижесінде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1976 жылдың 6 тамызындағы тапсырмасына сәйкес, арада екі жыл өткен соң, 1978 жылдың тамызында неміс мәселесін шешу мақсатымен Ю.Андропов бас болып, бір топ ОК мүшелері Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар облыстарының бес ауданы есебінен Қазақстанда неміс автономиялық облысын құрайық (орталығы Целиноград облысының Ерейментау қаласы), ал мұның өзі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі ықпал жасайды деп партияның Орталық Комитетіне хат жолдайды".
Осы жолдарды оқығанда, егер 1956 жылы Қазақстанда чешен-ұңғыш автономиялық республикасын құру туралы шешім қабылданса, жергілікті ел қарсы шыға алар ма еді деген ой келеді. Дәл сол кезде, жұрт соғыстан соң оңала қоймаған тұста мұндай қадамға тойтарыс берілуі екіталай-тын. Сталин қаһарының заһарынан айығып үлгермеген халық іштен тынуы мүмкін еді.
Аталған хатты партияның Орталық Комитеті мақұлдады. Қазақ КСР-ы басшыларымен кеңеспестен 1979 жылы 31 мамырда Саяси Бюро Қазақстанда неміс автономиясын құру туралы қаулы қабылдады. Д.Қонаев бұл қаулыны дайын күйінде алды. Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовқа аталмыш құжат Алматы арқылы емес, Мәскеуден тіке жетті. Осыдан-ақ республика жетекшілерінің КСРО көсемдеріне қаншалықты "қадірлі" болғанын көру қиын емес.
"Мәскеу неге Орталық Қазақстанды таңдады?" деген сауал сол тұста жиі айтылып жүрді. Біріншіден, бұл өңірде орыс жұрты қалың, олар неміс автономиясына қарсы шықпайды. Екіншіден, аймақта немістер аз емес. Үшіншіден, өз жерінде азшылықққа айналған қазақтар бас көтеруге батпайды.
Автономияның тез арада құрыла қоятындығына Қазақстанның бас көтерерлері де онша сенбесе керек. Қаулы қолына тиген Н.Морозов жалғасқан С.Имашев те (республика Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы), А.Коркин де (екінші хатшы) мұндай шаруадан бейхабар секілді жарытып ештеңе айтпайды. Олар шыныменен құлақтанбады ма, әлде сақтық жасап, үнсіз қалуды ойлады ма, ол жағы анық емес. Ал Д.Қонаев қаулы КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен бекітілмегенін алға тартып, аптықпауды, сабыр сақтауды жөн көреді.
Шындығында бұл кезде автономия құру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып жатқан болатын. Маусым айының ортасында А. Коркин бастаған топ Целиноград қаласына жетеді. Топ мүшелері әр саланың министрлері еді. Мақсат - автономияның әкімшілік-ұйымдастыру жұмысын тиянақтап, оның басшы кадрларына дейін іріктеу.
Бұлар да жергілікті елдің қас-қабағына қарауды, ертең автономия жарияланғанда ахуал қалай құбылатынын ойлауды артық деп санаған. А.Коркинмен сол кезде жүздескен, онымен бірге Ерейментауды аралаған адамдардың бәрі топ мүшелері өздерін еркін ұстағанын, неміс автономиясы аймақтың ауыл шаруашылығын дамытатынын ғана айтумен болғанын еске алады.
Сонымен маусымда Ерейментау қаласының көшелерінде қара "Волгалар" қаптайды. Ел бұлар кім деп алаңдап, аудандық партия комитетінің үйіне құлақ түреді. Осында өткен басқосуда бұл жортуылдың мәні ашылады. А.Коркин автономияның қай кеңсесі қай жерде орналасатынын талқыға салады. Аудан мекемелерін Еркіншілік селосына көшіріп, орынды босата бастау туралы нұсқау береді. Неміс автономиялық партия комитетінің бірінші хатшылығына сол кезде Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Браун лайық деп шешілгеніне дейін айтады.
Екпіндеген топ осыдан соң ауданның басқа жерлерін аралап, Целиноград қаласында ат шалдырады да Алматыға қайтады. Жай қайтпай, Ереймен жері немістерге беріледі екен деген желдей ескен суық хабарды таратып кетеді. Қазақтың көкірегі ояу, намысы бар азаматтары: "Бұл қалай?" - деп елеңдейді. "Автономияға жер бермейміз. Қарсы тұрамыз!" - деген жігіттер ауданның орталық алаңын төңіректейді. Қайсыбірі жедел облыс орталығына аттанып, мәселені сол жерде анықтамақ болады.
Бұл кезде Целиноград қаласы да қам-қаракетсіз емес еді. Мен осы оқиға туралы алғаш инженерлік-құрылыс институтында оқитын балдызым Мұрат Жүндібаевтан 15 маусым күні кешке естідім.
- Ертең орталық алаңға шығамыз. Ерейментауда неміс автономиясын құруға қарсы боламыз, - деді ол.
Төбеден жай түскендей болды.
- Не айтып тұрсың? Қайдағы автономия? - дедім аңтарылып.
- Біздің жігіттерге сондай хабар жетіпті. Алматыдан ОК-ның хатшысы бастап келген комиссия Ерейментауда болыпты, - деді ол. - Енді автономияның құрылғанын ресми жариялау ғана қалған. Соның алдын алып, ереуілге шығуға барлық студенттер бел буып отыр.
Ой сан-саққа жүйткіді, не істерімді білмей дағдардым. Мұндайда кіммен ақылдасып, кімге сенесің.
Әрі толғанып, бері толғанып, бір подъезде көрші тұратын қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Ахметбековке бардым. Менімен түйдей жасты, ақжарқын, ер көңілді азамат еді, жақсы араласатынбыз. Бірдеңе білсе, жасырмас деп үміттендім. Ол шет жағалатқан сауалдарымды түсінбеді. "Қалаға ОК-ның хатшысы келіпті ғой, Ерейментауға да барған сияқты. Жай жүр ме екен?" - деген сұрағыма да мардымды жауап ала алмадым.
- Аудандарды аралап жүрген шығар, - деді де қойды.
Балдызымнан естігенімді ашып айта алмадым. Бірер оңтайландым да, егер Ереймен неміс автономиясына шынымен берілетін болса, жастардың қарсылығы арқылы сес көрсетілгені дұрыс. Тападай тал түсте жеріңді барымталап жатса, тұяқ серіппей қалғаның сүйекке таңба. Естігенімді ішімде сақтайын. Кедерге келтіріп алып жүрермін деген байламмен кері қайттым.
Үйге келсем Мұрат кетуге оңтайланып жатыр екен.
- Жезде, ертең алаңға шыққандарды топырлатып қуып, шетінен ұстап жатса, іздеушіміз боларсыз, - деді. - Біз бүгін түнімен әзірленеміз. Осыны сізге әдейі айтуға келгем. Мен жеткізген хабар туралы ешкімге тіс жармаңыз.
- Тоқтай тұр. Ақылдасайық, - дедім. - Мына шешімдерің қатерсіз емес. Барынша ойластырылған әзірлік керек. Сенімен бірге барайын.
- Жоқ, - деді ол. - Сізбен ешкім сөйлеспейді. Енді оларды ешқандай үгіт тоқтата алмайды.
***
Ертесіне жұмысқа ерте келдім. Қызмет істейтін жерім облыстық "Коммунизм нұры" газетінің редакциясы "Советтер үйі" аталып кеткен, облыстық партия және атқару комитеттері, басқа да мекемелер орналасқан орталық алаңдағы ғимаратта еді.
Бөлмеге енгелі терезенің алдындамын. Жетінші қабаттан алаң алақанға салғандай айқын көрінеді. Ленин ескерткішінің алдында үрмелі аспаптар оркестрі жайғасқан. Бүгін кәсіптік-техникалық училищелер күні болатын, қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстаған жастар байқалады. Мойындарына қызыл галстук байлаған пионерлер жүгіріп жүр.
Сағат 10-ға таянғанда "Москва" қонақ үйі жағынан қалың колонна көрінді. Төрт, әлде бес қатар құраған ел үнсіз сап түзеп келеді. Міне, алды алаңға ілікті. Тастай түйілген өрендер қолдарына транспоранаттар ұстаған. Оларда: "Неміс автономиясына жол жоқ!", "Қазақстан бөлінбейді!", "Қазақстандағы совет халқы ішкі шекарасыз өмір сүреді!", "Одақтас республиканың территориясы оның келісімінсіз өзгертілмейді!", "Халықтар достастығы жасасын!" - деген жазулар бар еді.
Орталық алаңды ел мен жердің намысы көріктей қыздырғандай. Не болса да көппен бірге көру керек. Жүгіріп төменге түстім. "Октябрь" (қазіргі "Еуропа палас") кинотеатры жағындағы есік жабық, алдында қарауыл тұр. Сыртқа асхана арқылы шығатын есік те тас бекітілген. Оған да күзет қойылыпты. Бас қақпа жақта бір топ милиция қазықтай қағылған. Мен секілді ереуілдеген елге қосылмақ болған бірен-саран жігіттер олай ұмтылып, бұлай ұмтылып, салымыз суға кетіп кері қайттық.
Жұмыс бөлмесіне жетіп, қайтадан терезеге үңілдім. Сырттағы дыбыс күшейткіш арқылы айтылып жатқан сөз айқын естіледі. Жиналған жұртқа шыққан обком басшыларының бірі: "Венадағы Л.Брежнев пен АҚШ президенті Картердің кездесуіне арналған митингіні ашық деп жариялаймын", - деді. (Оның облыстық партия комитетінің сол кездегі екінші хатшысы З.Шайдаров екенін кейін білдік).
Алаң құйын үйірген құрақтай толқыды.
- Ондай митингіні білмейміз! Неміс автономиясы бола ма, жоқ па, соны айтыңдар! - деген дауыс өктем естілді.
- Бұл әңгімені далада емес, ішке кіріп талқылайық, - деген сөзге көпшілік иліккен жоқ.
- Осы жерде, қалың елге шындықты жариялаңыздар! - деп тапжылмады.
Колоннаның алдыңғы жағынан екі адам суырылып шығып, обкомның хатшысына өздерінің талабын табыстады.
Бұдан әрі ереуілшілер мен облыс басшылығы өкілінің арасында қандай сөз қозғалғанын біле алмадық. Колонна сағат жарымнан соң сап түзеген күйі кері қайтты.
Советтер үйінің есіктері содан кейін де бірден ашылған жоқ. Ел аяғы суыған соң ғана сыртқа шыға алған біздер өрендерден көз жазып қалдық. Түс ауа олардың сол беттерінде темір жол вокзалына, базар жаққа соғып, орталық көшелермен жүріп өткенін естідік. Құқық қорғау органдары тарапынан қысым болмапты деген хабар да жетіп жатты.
Неміс автономиясы туралы суыт хабар осылай әшкере болған соң гу-гу әңгіме көбейді. Л.Брежнев Венада 16 маусым күні АҚШ президенті Картерге КСРО-дағы демократияның жарқын жеңісі ретінде немістерге автономия берілгенін мақтанышпен мәлімдемек болыпты деген сөз шықты. Одақ басшыларын осындай қадамға Америка мен Батыс еріксіз көндіріпті дегендер де табылды.
Осындай толқымалы, толғақты күнде автономия жайлы бүкіл қазақ даласы естіп, барлық өңірлерден ел Целиноградқа аттанған екен, жолда тоқтатылыпты деген хабар да қыдырып жүрді. Ал қаланың ішін күдікті, сесті сезік шарлап кетті. Ежелгі Ақмола-Қараөткел өңіріндегі хан Кененің ұлт-азаттық соғысы, кеңес қырғындары, қазақ халқына қай жағынан да ауыр тиген саяси және экономикалық науқандардың салқыны елдің жадында қайта жаңғырғандай еді. Халық жастардың ерлігі арқылы тарихи қайратын тапты. Ал жер де, жұрт та, бәрі де менікі деп келгендер сол жердің тарихи иесі кім екені туралы ойлануға мәжбүр болды. Қазақ халқы жайлы сөз қозғала бастады. КСРО секілді коммунистік қатал режимге құрылған қаһарлы империяның шешіміне ашық қарсы шыққан қаһармандық асып-тасып болғандардың мысын басып, одақ тарихында алғаш рет ұлттық намыс дегеннің не екенін паш етті. Бұл қазақ жастарының Ақмола топырағында жасалған ұлы ерлігі еді.
Өрендер 19 маусымда қаланың орталық алаңына қайта оралғанда, ұлттық сезімнің бәріне шүйліге кететін Тың өлкесіндегі шамшыл шаһар тым-тырыс тынды. Бұл жолы жиналған елдің алдына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовтың өзі шықты.
Колоннаның алдында Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұр, кеуделері орден-медальдарға толған. Бірі ағаш аяқ, қолында Лениннің портреті, одан кейінгі қатарда емшектегі сәбиін кеудесіне қысқан жас келіншек, ақ жаулықты аналар. Халық бұл жолы мәселені төтесінен қойды.
- Неміс автономиясы болмайтынын айт! Оған бәрібір жол бермейміз!
Н.Морозов күмілжіп, не дерін білмеді. Содан-ақ орталықтың автономия құрудан әлі бас тартпағаны белгілі еді.
- Ашығын айт! - деп қысты ел.
- Мәскеумен сөйлесіп жатырмын. Хабар тосып отырмын, - деп сырғақтады бірінші хатшы.
- Қазақстанның басшылары қайда? Олар не бітіріп жатыр? - деп шаншылды көпшілік.
- Олармен де байланыстамын, - деді Морозов. - Сабыр сақтаңыздар, бір жауабы кешікпей белгілі болып қалар.
Соны айтып, жоғарыдағылармен сөйлесіп қайтуға рұқсат сұрады. Жиналған елге араға 15-20 минут салып оралды.
- Әлгінде ғана Қонаевпен хабарластым, - деді. - Автономия болмайды.
Алаң толы өрендер қуаныштан жарыла жаздады. "Уралаған", шаттанған, көл-көсір жадыраған жұрт теңіздей толқыды.
Ел тыншығып, сабасына түскен сәтте ортаға жас жігіт шықты. Халыққа алдын ала дайындалған үндеуді оқыды. Оның қысқаша мазмұны мынандай еді: "Егер одақ басшылығы халықты алдап, автономияны араға уақыт салып барып құруды ойласа, қарсылық бұдан да қатты болады. Біздер ұлтарақтай жер үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздан ардақты емеспіз. Бәріне әзірміз!"
***
Жастардың күдігі орынсыз емес-ті. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюроның шешімі орындалмауына жеңіл-желпі қарай алмайтын еді. 19 маусымнан соң Целиноград қаласына Мәскеуден Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің сектор меңгерушісі Ф.Мищенко мен КГБ генерал-полковнигі Ф.Бобков келеді. Олардың міндеті - автономияға қалайша қарсылық жасалды, оны кімдер ұйымдастырды, бұған неге жол берілді деген сауалдарға жауап табу болатын. Егер қарсылық халықтық сипатқа ие болмай, жекелеген ұлтшылдар көтерген жастардың наразылығы екені анықталса, автономия мәселесін қайта қозғаудың жаңа жолдарын қарастыру да ойда бар еді.
Партия шабармандары әдеттегідей осы оқиғадан ұлт зиялыларының шовинистік пиғылын іздеп табуға ұмтылды. Ақмола топырағының тумалары, одаққа есімдері белгілі қайраткерлер Ж.Тәшенов пен С.Ниязбековтің есімдері аталды. Олар маусым дүрбелеңі қарсаңында Целиноградқа жасырын келіп, студенттермен жұмыс жүргізіпті деген сөздің анық-қанығы зерттелді. Орайы келгенде айта кетейік, С.Ниязбеков қалада сол кезде болмаса да, жастардың автономияға қарсы бір емес, екі рет ереуілге шығуына Алматыда отырып басшылық жасапты, арнайы жіберген адамдары бәрін аса сақтықпен ұйымдастырыпты деген әңгімені біз де естігенбіз. Осы сөзді жетпісінші жылдары республиканың басшы қызметтерінде болған кісілер қазіргі күнге дейін айтады. Соған қарағанда бұл әшейін қауесет емес, ақиқат болуы әбден мүмкін.
Осының бәрін сарапқа салғанда, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетін 1979 жылы кімдер басқарғаны көз алдыңа келеді. Бірінші хатшы Д.Қонаев та, оның төңірегіндегі қазақ ұлтының өкілдері де республиканың дәл ортасынан неміс автономиясының ашылуын құптамайтыны анық. Димекеңнің Ж.Тәшенов пен С.Ниязбековке қарсылықты құпия ұйымдастыруды тапсыруы ғажап емес. Керісінше Тәшенов пен Ниязбеков Қонаевқа осындай өтінішпен шыққан да болар.
Мәскеудің атарман-шабармандары бұл орайда тыңғылықты жұмыс жүргізіп, қанша әрекеттенсе де республика жетекшілерінің қарсылыққа қатыстылығын анықтай алмаған. Обкомның бірінші хатшысы Н.Морозовпен, Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Браунмен, Ерейментаудағы совхоз директорлары Д.Бурбах, А.Риммермен, Целиноград қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорларымен сөйлеседі. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жергілікті органының қызметкерлерін тыңдайды. Ақыр соңында автономияға қарсылықтың туындауына республика мен облыс басшыларының осы мәселеге жеңіл-желпі қарауы, оған тиісті саяси мән бермеуі себеп болды деген қорытынды жасайды.
Бұған тексеру жүргізгендерге Целиноградтағы ереуілге қатысқан студенттердің: "Бізді ешкім үгіттеген жоқ, өзіміз көтерілдік. Қазақтың жерін бөлшектеуге қай кезде де жол бермейміз. Қажет болса тағы да шығамыз. Ендігі қарсылық бұдан да ауқымды болады" деген кесімді сөзі де әсер еткен. Автономияға наразылық бүкілхалықтық сипат алуы әбден мүмкін екендігіне мәскеуліктердің көзі жеткен. Дәл осындай тұжырым билікке тапсырылады. КОКП Орталық Комитеті енді асықпау керек, Д.Қонаев ұсынып отырғандай, қайта дайындық жұмыстарын жүргізіп, автономияның қажет екендігін халыққа түсіндіру үшін кең көлемді, жан-жақты әзірлік жасалсын деген байламға тоқталады. Неміс мәселесі осылай сиырқұйымшақтанып барып, 1980 жылдың 19 ақпанында саяси айналымнан алынып тасталады.
***
Целиноградтағы 1979 жылғы маусым оқиғасы туралы әңгімені осымен аяқтауға болар еді. Алайда ереуілге байланысты биліктің тарапынан жасалған әрекеттерге қатысты жазылған және айтылып жүрген жорамалдар жайлы шындықсыз сөзіміз жеріне жеткізілмейтін сияқты.
Мәскеуден және Алматыдан келген құқық қорғау орындарының жетекшілері алаңға шыққан жастарға оқ атуға дейін барыпты деушілер бұрын да болды, қазір де бар. Сол кезде обкомдағы түрлі кеңестер мен мәжілістерге қатысып, ереуіл жасағандардың бұл ісі қылмыс па, әлде саяси саяздық па деген сауалдар төңірегінде бас қатырғандардың арасында өрендерді соттауға асыққандар табылды дейтін сөз де жоқ емес. Бұлардың бәрі анықтауды қажет етеді. Мен 2002 жылы қаңтарда осы мақсатпен және 1979 жылғы оқиғаны есте сақтаудың, оған саяси баға берудің жолдарын талқылауға арналған жиналыс өткіздім. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы ретінде бұған толық құқым бар еді. Осы басқосуға ұзақ жылдар Ақмола облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасында қызмет еткен полковник Қамилаш Қабышұлы қатысты. Ол кісі өтінішім бойынша көзбен көріп білгендерін кейін: "Қазақстан Жазушылар одағының Астаналық филиалының басқарушы секретары Алдан Смайылұлы мырзаға", деп былай жазып берген еді:
"Иә, 1979 жылғы маусымның 16-сы күні таңертеңгі сағат 10-да Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына күтпеген жағдайда халық жиналып, плакаттар, транспаранттар көтеріліп, автономияға қарсылық көрсетілді. Шыққандар негізінен студенттер мен жастар. Бұл қозғалыс жергілікті әкімшілік орындарының үрейлерін ұшырып, Алматы мен Мәскеудің басшы партия және Совет орындарына хабарланып, дереу топ-тобымен жауапты қызметкерлер сау ете түсті.
Алматылықтарды 16 маусымда Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Шевченко мен ішкі істер министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Тұмарбеков басқарып келді.
Ал мәскеуліктерді алып 18 маусымда Одақтың Мемлекет қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары генерал-полковник Бобков жетті. Келушілер автономияның құрылатынына күмән келтірген жоқ, бар мақсат қарсыластардан көшеге ешкімді шығармау, шыға қалса орталық алаңға жолатпау, қоғамдық тәртіпті бұзушылыққа жол бермеу болды.
Жергілікті ұлттың адамдарын көшеге шығармау керек деген жоғарыдан келгендердің бұйрықтарын тапжылтпай орындауға чекистермен қатар партия және совет орындарының басшы да қосшы қызметкерлері әдеттегісіндей жабыла, жұмыла кірісіп-ақ кетті. Жоғары және орта оқу орындарында, жұмысшы жастар арасында, жатақханаларда жаппай үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. 19 маусымда орталық алаңға тірі жан шығармау қалалық әкімшілікке аса жауапты міндет ретінде жүктелді де, алаңға тақау көшелер адам өтпестей етіп автобус және жүк машиналарымен бекітілді. Бірақ, бұл тарапында жүргізілген сақтық іске асқан жоқ. 19 маусым күні сағат таңертеңгі 10-да 5-6 мың адам еркін сыятын орталық алаң елге лық толды.
Ф.Бобков жергілікті КГБ облыстық басқармасының жауапты қызметкерлерін жинап, неміс автономиясын құрудағы КОКП Орталық Комитетінің шешімі бойынша түсінік берді. Ол кісі Еділ жағалауының асқан құнарлылығын, сол себепті халық өте тығыз қоныстанған жер екендігін мәлімдей келіп, бұл мәселенің КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. "Заң жүзімен қарағанда - деді, - мәселе екі миллион немістерге автономиясын қайтарып беріп, әділеттікті орнына келтіру, ал нақты қай жерден берілуі үкімет пен партияның шешімінде. Оған ешқандай ереуіл әсер ете алмайды. Заңды партияның ұйғаруымен жоғарғы үкімет орындары қабылдайтынын түсінерлік уақыт жетті. Осы сөзді ана елеуреген тобырға жеткізіп, енді жиналмайтындай етіп таратып жіберу керек, - деп жиналғандарды зілді көзімен бір-бір тесіп өтті де, сөзін одан әрі жалғады: - "Көшеге кімдер шықты? Ұлтшылдар шықты. Кімдер шықты? Интеллигентсымақтар шықты. Кімдер шықты? Жастар шықты. Мәселе кімдер туралы? Немістер туралы. Осылардың барлығы біздің бақылауымыздағы контингенттер, - деді нығарлап. - Қысқасы, мына ел жоқ құлазыған қу мекенді, суыр жайлаған жапан даланы немістердің күшімен, мамандығын, іскерлігін пайдаланып Отанымыздың астық қоймасына айналдыру қажет екенін түсініп, Саяси Бюроның шешімін орындау керек. Автономия берілмеген жағдайда немістердің басым көпшілігінің Германияға қоныс аудару қаупі бар. Онымен санаспай болмайды. Жастарды партия саясатына қарсы қойып іріткі салушыларды тауып, ұлтшылдардың қастанды әрекетіне іс қозғап, басшыларын жауапқа тарту үшін күн-түн демей еңбек сіңіру керек. Көшеге, ереуілге шығуды жастардың есіне салушы үлкендер, оларды жоғары қызмет орындарынан әртүрлі себептермен түсіп қалған және ірі қызметтен үміткер жергілікті ұлттың аға буындарының арасынан іздестіру жөн. Жер мемлекет меншігінде. Сол себепті жалпыға ортақ. Қай жерді кімнің күшімен игеріп пайдаға асыру тек қана партияның шешіміндегі мәселе. Бұл жағдайды басқаша түсіну болуға тиісті емес" - деген сөзін Л.Брежневтің ерекше нұсқауы деп тұжырымдап баса-баса айтты.
Студенттердің мәселеге мән беріп алаңға шығуының себебіне тоқталсақ, жоғарыдағы айтылған Ерейментауда өткен автономияға дайындықты Целиноград облыстық партия комитетінің лекторы Шапров өзінің ауылшаруашылық институты студенттерінің алдындағы кезекті лекциясында игі өзгеріс ретінде қуанышпен хабарлайды. Бұл маусымның 13-14 жұлдыздарында болған.
Институттың жатақханасында қазақ студенттері Қазақстан жерінде неміс автономиясының құрылуын заңсыз шешім деп тауып, қайткен күнде де болдырмауға әрекет жасауға келісімге келеді.
Сөйтіп 13-15 маусым күндері Целиноград қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарының студенттерімен хабарласып, 16 маусым күні ұрандар мен транспаранттар ұстап, орталық Ленин алаңына шығады, неміс автономиясының Қазақстанда құрылуына қарсылығын қазақ халқы атынан партия және совет орындарының басшылығына жазба түрінде ұсынады. Ал 16 маусымда талаптарына қанағаттанарлық жауап берілмеген соң 19 маусым күні ұйымдасқан түрде алаңға қайта шығады да, неміс автономиясы болмайды деген тұжырымды жауапты облыстық партия комитетінің бірінші секретарының өз аузынан естіп тарқайды.
***
1979 жылғы маусым оқиғасы бізден кейін де әлі талай зерттелетіні анық. Өйткені бұл қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы тарихи күресінің бірі, коммунистік режімнің тұсындағы жастар арқылы жасалған ұлттық ерлік. Сондықтан да осы ереуілге қатысты әрбір дерек қымбат. Оны көрген, қатысқан адамдардың болымсыз делінетін естелік, деректерінің өзі құнды.
Тарихты түгендесек, келешекті бүтіндейміз. Өткен күндердің қаһармандығын құрметтесек, бүгінгі ұрпақтың ұлтына сүйіспеншілігін оятамыз. 1979 жылғы маусым ерлігі - қазіргі өрендердің қолынан түспейтін оқулықтарда дәріптелетін ерлік. Қазақ елінің ешқандай күш мұқалта алмаған қайсар рухының дүмпуі.
Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
"Егемен Қазақстан" газеті