Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6025 0 пікір 26 Сәуір, 2016 сағат 11:11

Дуальдық оқыту білікті маман жетіспеушілігінің алдын алуы тиіс

Дуальдық білім беру жүйесінің басты мақсаты – кәсіпорындардың талабына сай мамандар дайындау.

2014 жылдан бастап  елімізде техникалық және кәсіптік кадрларды даярлау   мақсатында дуальдық білім беру жүйесі енгізілді. Осының нәтижесінде еліміздің өңірлердегі техникалық және кәсіптік колледж студенттері өндіріс ошақтарында теориялық білімдерін шыңдауға мүмкіндік

алуда.  Әсіресе, білім орындары көп шоғырланған Алматы облысында дуальдық білім беру саясаты жүйелі жүргізіле бастады.  Қазіргі таңда облыста 67 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу  орны бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы осы білім ордалары мен аймақтағы кәсіпорындардың ынтымақтастығын нығайту үшін іргелі жұмыстар атқарып отыр.       

Алматы облысы ӨКП-ның Адами ресурсты дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, Алматы облысында дуальдық білім беру жүйесі аясында өндіріс орындарына қажет мамандарды  дайындауға басымдық берілмек.  «Дуальдық оқытудың жол картасы» шеңберінде 18 колледжбен бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Бүгінге дейін ӨКП, кәсіпорындар және  оқу орнындары арасында үш жақты 90-ға жуық келісімшарт жасалып, дуальдық оқыту бағдарламасы бойынша 90 кәсіпорын 630 студентті іс-тәжірибеден өткізуге қабылдады.  Қазіргі таңда өндіріске дәнекерлеушілер, тігін машинасын жөндеушілер, жол жөндеу жұмысшылары, техникалық көліктердің жүргізушілері секілді мамандар көптеп қажет.  Сондықтан, осындай техникалық кадрларды дайындауға көңіл бөліп отырмыз», – дейді ол.

Қазақстандағы  кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарындағы  ең басты мәселе  – білікті кадрлардың жетіспеушілігі.  Әсіресе кәсіпорындар шетелден әкелінген технологияларды өндіріске енгізіп, тетігін тауып, жұмысты алып кететін мамандардың жоқтығынан көп зардап шегеді.

Сондықтан, кейбір кәсіпорындар өздеріне қажетті кадрларды арнайы білімі бар мамандар шақыртып оқытуды жөн санайды.  Осы орайда, өңірлік кәсіпкерлер палатасының дәнекер болуымен  Текелі қаласындағы бірқатар кәсіпорындар  Орталық Азия университетінен теориялық білім беретін оқытушылар шақырып, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды.

«Өңірлік кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап    «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»бағдарламасының аясында Текелідегі жер қойнауын пайдаланатын бірқатар кәсіпорындардың мамандарына арнап, оқыту курстарын ұйымдастырды.  Шараға Орталық Азия университетінің оқытушылары  шақырылып, жаңа технологиялар жөнінде дәрістер өткізілді.  Сөйтіп, 18 маман «Ұсату-үгітуші және сұрыптаушы машина операторы» деген сертификаттарға ие болды.  Мұндай біліктілікті арттыру курсын өтуге кеншілер тарапынан тағы 19 ұсыныс келіп түсті.  Айта кетейік, бұл мамандардың оқу ақысын кәсіпорындардың тарапынан төленді.  Сонымен бірге, Текелі тау-кен комбинатының 70 кеншісі Теміртаудағы политехникалық колледжге оқуға жіберілді.  Алдағы уақытта тағы 30 кеншіні оқуға жіберу көзделіп отыр. Барлығы да жұмыспен қамтамасыз етілетін болады», – дейді А.Оңғарбаева.

Дуальдық білім беру жүйесінің басты мақсаты – кәсіпорындардың талабына сай мамандар дайындау.  Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпорын өкілдерімен ақылдаса отырып, қай бағыттағы мамандарды дайындау және қандай талаптарға басымдық беру керектігін есепке ала отырып, жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды колледждерге енгізіп, талапкерлер тарту көзделуде.      

Осылайша, дуальдық оқыту аясында Алматы облысындағы колледж студенттері кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алса, кәсіпорын мамандары біліктілікті арттыру жөніндегі сертификаттарға ие болды.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338