Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8739 1 пікір 22 Маусым, 2010 сағат 17:34

Бақытжан ОМАРОВ. Ахмет Байтұрсыновтың соғыс тақырыбына жазылған мақалалары

Қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов мұрасының қомақты біл бөлігі - публицистика. Ол алуан тақырыпқа мақалалар жазып, елдің санасын оятты. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы барлық алаш қайраткерлері сияқты Ахаң да бірнеше тақырыптарға қалам тартып, ағартушылық идеяларды халық арасында орнықтыруға тырысты. Оның кез-келген мақалалары сол саламен көп жыл айналысқан маманның жазғаны секілді әсер қалдырады. Не жазса да, мәселені тереңнен қозғайды, жұртшылыққа мол мәлімет береді. Көтеріп отырған мәселесін өте жетік біледі және оны оқырманға өте ұғынықты тілмен баяндайды. Әсіресе, «Қазақ» газетінде жарияланған мақалалары арқылы ұлтқа жетекші болып, бағыт-бағдар берушінің ролін атқарды. Академик Серік Қирабаев айтқандай, «Ахмет пен Міржақып шығарған «Қазақ» газеті олардың көркем туындыларында көтерген идеяны ашық публицистика тілімен халыққа тікелей жеткізуге қолайлы жағдай туғызды» /1, 10/.

Қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов мұрасының қомақты біл бөлігі - публицистика. Ол алуан тақырыпқа мақалалар жазып, елдің санасын оятты. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы барлық алаш қайраткерлері сияқты Ахаң да бірнеше тақырыптарға қалам тартып, ағартушылық идеяларды халық арасында орнықтыруға тырысты. Оның кез-келген мақалалары сол саламен көп жыл айналысқан маманның жазғаны секілді әсер қалдырады. Не жазса да, мәселені тереңнен қозғайды, жұртшылыққа мол мәлімет береді. Көтеріп отырған мәселесін өте жетік біледі және оны оқырманға өте ұғынықты тілмен баяндайды. Әсіресе, «Қазақ» газетінде жарияланған мақалалары арқылы ұлтқа жетекші болып, бағыт-бағдар берушінің ролін атқарды. Академик Серік Қирабаев айтқандай, «Ахмет пен Міржақып шығарған «Қазақ» газеті олардың көркем туындыларында көтерген идеяны ашық публицистика тілімен халыққа тікелей жеткізуге қолайлы жағдай туғызды» /1, 10/.

А.Байтұрсынов көсемсөздерінің ішінде көзге айрықша түсетін екі мақаласын айтуға тиіспіз. Бұл екі мақала да әскери тақырыпқа арналған. Екеуі де 1914 жылы жазылған. «Қазақ» газетінде жарияланған. Біріншісі «Соғысушы патшалықтар», екіншісі «Бұ заманның соғысы» деп аталады. Осы мақалаларды оқып отырып, ғалымның бұл тақырыпты әскери ғылыммен өмір бойы айналысқан адам секілді жіліктеп тұрып талдайтынын көреміз. Ол қарастырып отырған мәселесін соғыс тактикасына жетік тәжірибелі қолбасшы сияқты талдайды. Халықаралық ахуалға баға береді. Бір-біріне өштесіп, жауығып отырған елдердің географиялық сипаттамасын беруді де ұмытпайды. «Европа патшалары көптен берлі өзара соғысқан жоқ. Өзара соғыспай, өзгелермен соғысып, я тіпті соғыспай тыныш отырып, соғысқан патшалардың арасына билік айтып, үлкен ауылдың сыбағаларын алып, жай отыратын еді. Екі ұлық патшаның арасынан соғыс шықса, ол соғысқа, араларында байласқан уағдалары бойынша, басқалары да кірісіп, соғыс ұласып, ұлғайып, ақыры немен тынарына көз жетпей, бәрі де өзара соғысудан тартынушы еді. Соғыспаса да, қарау-жарақтарын бәсекемен сайлап, соғысатындай күтініп, бірін-бірі аңдумен келе жатыр еді» /2, 275/, - дейді ол «Соғысушы патшалықтар» атты мақаласында.

Ахаңның бұл мақаласының жазылу мақсатын былай түсіндіруге болады. Европадағы халықаралық ахуалдың қалай өрістегеніне Ресейдің жағдайы тікелей байланысты болмақ. Жауласушы мемлекеттердің бәсекесінде Ресей жеңіске жете ме, әлде жеңіліс таба ма деген мәселе өте маңызды. Өйткені Ахаң Ресеймен тағдыры тоғысқан қазақ жұртының келешектегі тағдырына алаңдайды. Сол тұрғыдан көзі ашық, көңілі ояу оқырманға жеткілікті мәлімет беруге тырысады. Қазақ халқын алдағы уақытта күтіп тұрған оқиғалардан хабар береді. Тосын жаңалықтың бәріне елең ете қалатын халыққа сабырға шақыратын, сабасына түсіретін ой айтады. Әр түрлі себеппен болып жататын соғыс пен қақтығыстардың өзін тарихтың заңдылығы деп түсіндіреді: «Тарих жүзіне көз салсақ, таласпаған, соғыспаған халық көрінбейді. Бұл күндегі халықтар да, қанша ғылымды, өнерлі, білімді, мейірімді болдық десе де, аталарынан ұзап алыс кете алған жоқ». Соғыспай тұратын күйге әлі жеткен жоқ» /2, 275/.

«А.Байтұрсынұлы - гуманист күрескер. ...Ол қарапайым тілмен, ретімен тәптіштеп түсіндіруді артық санамайды» /3, 365/, - деп Дихан Қамзабекұлы айтқандай, ұлы ғалым айтар ойын өте ұғынықты сөзбен баяндайды. Себебі, ол мақаласын оқитындардың негізінен қарапайым, санасы енді оянған, білмекке құштар адамдар екендігін әбден ескерген сияқты. Осыған орай көтерген мәселесін таза педагогтік тәсілмен ежіктеп отырып, миға сіңіреді. «Соғысушы патшалықтар» атты мақаладағы: «Соғысқа қазірінде кірісіп тұрған бес ұлық патша, үш ұсақ патша. Соғысатын қандай жұрттар, қай жағының күші басым екенін оқушыларымыздың білетіндері де, білмейтіндері де бар. Сондықтан әрқайсысының жайынан қысқалап мәлімет бергеніміз теріс болмас деп ойлаймыз» /2, 275/, - деген жолдар осыны аңғартады.

Ахмет Байтұрсынов осы мақаласында кім кіммен соғысқалы отырғанын, қайсысының қандай мүмкіндігі бар екенін, әрқайсысының потенциялы қаншалықты күштілігін асықпай түсіндіреді. Осы елдердің бір-бірімен не үшін одақтасып немесе не үшін жауласып отырғанын ұғындыруды да ұмытпайды. Олардың соғыста қандай мүдде көздейтінін де ашық айтады. Ең бастысы, қарапайым қазақ жұрты әлемде қандай оқиға болғалы жатқаны, кім кіммен соғысқалы отырғаны жөнінде жеткілікті мәлімет алады: «Россия, Франция, Англия, - үш ұлық патша бір жақ, бұларға үш ұсақ патша қосымша болып тұр. Олар: Сербия, Қаратаулық (Черногорье) һәм Бельгия. Германия һәм Австрия - екі ұлық патша бір жақ. Осы екі патша қазірінде үш ұлық патша, үш ұсақ патшамен соғыспақшы. Соғысатын патшалардың бәрі де христиан дініндегі патшалар, бірақ түрлі мазхабінен болады» /2, 276/. Өздеріңіз байқап отырғандай, Ахаң соғысушы патшалықтардың дәстүрі, салты, діні, тілі жөнінде дерек келтіріп қояды. Сол арқылы қандай дәстүрлерге, қай өркениетке қауіп төніп тұрғанынан хабар береді. Сонымен қатар сол мемлекеттердің ішінде бізге туыстас түркі тілдес халықтардың бар екенін де ескертеді. Оларға жанашырлық танытатынын аңғартып, мұндай мәліметтерді де оқырмандардың қаперіне салады.

Жалпы, «Қазақ» газетінде жарық көрген материалдардың бәрінде де ұлттың қажетіне жарайтын ұсақ-түйек деген жәйттерге дейін ескеріліп отырған. Бұл турасында ахметтанушы Ө.Әбдіманов: «Газеттің жеткен жетістігі, оның бас жазушысы Ахмет Байтұрсынов көшелілігіне тікелей байланысты» /4, 165/, - дейді. Халыққа қажет нәрселер осындай ұғынықты тілмен газет арқылы баяндалды. Ол тұста жұртшылықтың қоғамдық пікірге құлақ қойғаны, ағартушылық идеяларға ықыласты болғаны ескерілмей қалған жоқ. Анығын айтқанда, «сөздің құдіреті де осы жерде сезіледі. Алаш азаматтарының қолындағы жалғыз қаруы - баспасөз. Сол арқылы елге тараған жанайқай - жүректен шыққан сөздер кімді де болсын ұйытып, жан тебірентпей тұрмайды» /5, 163/. Біз бүгін мысалға алып отырған мақалаларда да алдымен осындай мақсат көзделді.

Ахмет Байтұрсыновтың «Бұ заманның соғысы» деген мақаласы сол дәуірдегі қарулы қақтығыстардың сипатын көрсетуге арналған. Алдымен елдің көзін ашып, сыртқы дүниедегі жайлардан хабар беріп, ұлтқа болашақта қатер қайдан төнетінін аңғарту мақсат болған секілді. Бұл мақаласында да Ахаң соғыс тактикасының майын ішкен кәнігі маманның көзқарасын танытады. Ол әдетінше, ең алдымен мақаласының алға қойған міндеттерін аңдатады: «Өткен нөмірде соғысқа кіріскен патшалардың қай жағының әскері көп, қай жағының флоты күшті екенін айтып едік. Енді бұл заманның соғысқа жұмсайтын құралдары һәм соғысу тәртібі қандай екендігін айтып өтпекшіміз» /2, 278/.

Ғұлама ғалым халыққа соғыс әліппесін асықпай түсіндіреді. Ол қарулы шайқасқа қажет нәрселерді жіпке тізгендей баяндайды. Майдан даласында ескерілетін факторларды біртіндеп санамалап шығады. «Әуелі соғысқа керек - әскер, сондықтан әскерді жиып, соғысатын жерге төгу үшін істейтін істер жайынан бастайық. Әскерді тез жиып, соғысатын жерге тез түсіруге отарба сай боларға керек. Кей патшалар сол үшін арнап темір жолдар салдырады: мәселен, Германияда әр корпус әскердің өз алдына отарбасы бар» /2, 278/, - дейді А.Байтұрсынов. Ахаң әскери техникалардың сипатын жазып көрсеткенде оқыған адам таңғалады. Ол өмір бойы әскери ғылыммен айналысып, сол саланы зерттеп жүрген ғалымдардың қай-қайсысынан да еш кем соқпайды. Жан-жақты ғалымның майдан тактикасын да соншалықты жетік білгеніне күмән жоқ. Бұл мақала бүгінгі әскери қолбасшылар үшін де тағылым аларлық дүние болмақ.

Осы мақалада сол замандағы әскери қолбасшылардың қызметіне өзіндік баға беріледі. Олардың жұмыс тәртібі, соғыс ісін жүргізу ерекшелігі сипатталады. Ғұлама сол дәуірдің тынысын «Бұл күндегі әскербасылар бұрынғының әскербасысындай биікке шығып, соғысты көзімен көріп отырмайды, ілгері ұмтылу керек жерінде ұмтылып, шегінту керек жерінде шегінтіп басшылық ету бұл күнде жоқ. Бұ заманның әскербасылары соғыстың қарасын көрмей-ақ үйінде отырады. Қарайтыны соғыс емес, соғыс болып жатқан жердің планы. Бұйрығын телеграм, телефон арқылы істейді. Соғыстың хабарын телеграм, телефон арқылы алады» /2, 279/, - деп қалың елге қарапайым тілмен түсіндіреді.

Қазақ халқына сарбаздарды жауға бастайтын сардардың тұлғасы қашан да үлгі болған. Ел батырлардың қолбастаушылық қасиетін айрықша қадірлеген. Ахмет Байтұрсынов осы психологияны негізге ала отырып, әскербасының қызметін егжей-тегжейлі ұғындырады: «Планға қарау, телеграм, телефон арқылы хабар алу нақ өз көзімен көріп отырғандай болмайды, бірақ олай етпей амал жоқ. Сондықтан бұрынғының әскербасылық етуінен бұ күнгінің әскербасылық етуі қиын. Соғыстағы әскербасылардың ісі дойбы ойнаған сияқты: жалғыз қата жүрістен күллі ойынның берекесі кетіп, ұтылмақшы. Сондай-ақ, бір қаталасқан ісінің салдарынан соғыс бағының бетін аударып, жеңіліп қалмақшы» /2, 279/. Бұл мақалада көзсіз батырлықты дәріптейтін қазақ халқына сол замандағы қолбасшыға қажет жаңа сипаттарды түсіндіру мақсаты көзделген. Бастан-аяқ әскери тактика мәселесін көтерген ғалым қолбасшылықтың да енді тактикаға тәуелді екенін айрықша атап өтеді: «Сондықтан бұл заманның әскербасына батырлықтан гөрі соғыстың ғылымын, әдісін жақсы білетін адам сайланбақшы» /2, 279/.

Ахаңның бұл мақалалары қалың елдің санасын сілкінтті, рухын көтерді, танымын кеңейтті. Оның «Қазақ» газетінде жарияланған көсемсөздері талайды жігерлендіріп, нақты іс-әрекетке бастағаны анық. Ағартушылардың бәрі қайда барарын білмей дағдарған ұлтқа түзу бағытпен жүруге жөн сілтегені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Ахаңның мақалалары да елге жол көрсеткен бағдаршам болды. «Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінен тілеулес кісілер көп шыққан, олар да халықтың оянуына себепші болған» /6, 17/, - деген тұжырымға сүйенсек, ұлы ағартушының соғыс тақырыбына жазған мақалалары да кейбір жанның ой-санасына қозғау салып, ұлт ұландарының әскери қызметке қызығуына ықпал еткеніне дау жоқ. Жалпы, Ахаңның осы тақырыптағы мақалаларын халықаралық шолудың немесе қазақ әскери ілімінің негізін қалауға жол ашқан алғашқы талдамалы дүниелер деуге болады.

Бақытжан ОМАРОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

Магистранты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қирабаев С. Алашорда және қазақ әдебиеті // Алаш және Әуезов, Алматы: Жазушы, 2007. - 304 бет.

2. Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. Алматы: Жалын, 1991. - 464 бет.

3. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. Астана: «Фолиант», 2002. -474 бет.

4. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. Алматы: Қазақстан, 1993. - 168 бет.

5. Сақ Қ. Ұлттық сана ұйытқысы. Алматы: Қазақ университеті, 2001. - 183 бет.

6. Кәкішев С. Ахаң туралы ақиқат. Алматы: Қазақстан - Шапағат, 1992, - 112 бет.

 

АҚИҚАТ ЖУРНАЛЫ

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371