БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ - "БАЯН СҰЛУ"
Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы дағдарысқа қарамастан экспорт көлемін ұлғайтып жатыр
Бүгінде елімізде тек кондитерлік өндіріс ғана емес, тұтас азық-түлік өндірісі ақсап тұрғаны мәлім. Бұл уақытша құбылыс деп сенеміз. Кәсіпорын басшысы Виталий Трайбердің айтуынша, фабрика өткен жылы 41 мың тонна кондитерлік өнім шығарса, соның 35 пайызы экспортталған. Қостанай тәттілері Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Монғолия, Түркіменстан, Ауғанстан елдеріне жөнелтіліпті. Жалпы, кәсіпорын қазіргі таңда 250-ден астам түрлі кәмпит-піспе нандар өндіреді.
– Біз ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараймыз. Өндіріс толық қуатымен жұмыс істемесе де, жұмыскерлер бұрынғысынша екі ауысымда еңбек етеді. Ешкім де жұмыстан шығарылмайды,– деді кәсіпорын директоры.
Өндіріс ошағы үстіміздегі жылы да жаңа жобаларды жүзеге асырмақшы. Олай деуімізге себеп, қазірдің өзінде өнімділігі мейлінше жоғары өндіріс цехының құжаттары дайын тұр. Тек, оған 1,5 млрд. теңге несие қажет. В.Тарайбер сөз арасында: «Біздің өнімдерге тұтынушылардың сұранысы өте жоғары. Сондықтан ең бірінші сапаға көңіл бөлеміз. Президенттің өзі халықты Қазақстанда жасалған өнімдерді тұтынуға үндеді емес пе. Өте дұрыс ұсыныс. Мен де соны айтар едім. «Баян сұлудың» өнімдері жоғары сапалы. Тіпті, Ресей, Украинадағы әріптестерімізбен еркін бәсекелесе аламыз», – деді.
Өткен 2014-2015 жылдар кәсіпорын үшін табысты болды. Осы кезеңдерде фабрика рекордтық көрсеткішке жетіп, жылдық өнімді 40 мың тоннадан асырды. Әйтсе де, Ресей рублінің әлсіреуі кері әсерін тигізіп, алғашқы жеті айда өндіріс бәсеңдеп қалған болатын. Қазір қайта қарқын алды.
– Теңгені еркін айналымға жіберу саясаты күні бүгінге дейін отандық өнім өндіруші кәсіпорындар үшін тиімді болып тұр. Соңғы бір айдың өзінде біздің өндірісіміздың көлемі мейлінше артты. Қазір өз елімізбен ғана шектеліп отырған жоқпыз, Ресейдегі экспорт та өсіп жатыр, – дейді «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Садықов.
Бүгінде фабрикада 2000 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың саны қысқармайды, өнім сапасы да арта бермек.
– Мен осында 18 жасымда жұмысқа орналастым. Содан бері отыз екі жыл өтті. Көптеген оң өзгеріс бар. Қол еңбегі азайды, жабдықтар жыл сайын жаңартылады. Жалақы уақытылы. Жаңа толқын көптеп келіп жатыр, олар арнайы оқуға жіберіледі, – дейді бізбен әңгімелескен желі операторы Майра Байуақова.
Фабриканың басты ұстанымы – нарықты сапалы өніммен жаулап, бәсекеде дес бермеу. Сол үшін де жыл сайын жаңа желілер пайдалануға беріліп, өнім түрленіп отырады. Кәсіпорын мұнымен шектелмек емес. Шетелмен арадағы қарым-қатынастың шеңберін кеңейтіп, тауар алмасу шараларына мейлінше ден қоймақ.
– «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы жылына 1,5 млрд-тан 3,5 млрд. теңгеге дейін инвестиция тартады. Былтыр 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған жаңадан домалақ конфет және вафли шығаратын желі сатып алынды. Енді үстіміздегі жылы жоба бойынша жаңадан бисквит цехы ашылатын болады. Оған да кем дегенде 5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалады,– дейді сөз арасында «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Садықов.
Кәсіпорын жыл аяғына дейін шығарылатын өнім көлемін өткен жылғы меже – 40 мың тоннадан асыруды жоспарлап отыр. «Баға саясатындағы оң өзгеріс, бәсекеге қабілеттілік бұған мүмкіндік береді»,– дейді «Баян сұлудың» басшылығы.
Abai.kz