Жұма, 22 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 34240 14 пікір 30 Наурыз, 2016 сағат 10:27

КІМ МЫҚТЫ: ҚАЗАҚ ПА, ӨЗБЕК ПЕ?

Өз басым Қазақ еліне  іргелес жатқан  Өзбекстанның  қазіргі Әлішер Навои облысына қарасты,  Тамдыбұлақ  ауданында  туып өскен  жанмын. Жалпы, өзбек пен қазақ сан ғасырлар ауылы аралас, қойы  қоралас бірге  өмір  сүріп  келе  жатқан  туыс халықтар. Тәуелсіздік  алған жылдары екі бауырлас  елдің, әсіресе, әдеби-мәдени  қарым-қатынасы  қарышты дами  бастағандай болып көрінген, бірақ, кейіннен, уақыт  өте келе осы  туыстардың  арасындағы саяси, мәдени, тілдік, діни, байланыстар  алшақтап бара  жатқандай  көрінеді, маған.

Өйткені, атың өшкір жаһандану  деген жалмауыз  қазаққа  тән асыл  қасиеттердің  бәрін  бірінен соң  бірін  кеміріп  құртып барады. Сөзім  дәлелді болу үшін, Өзбекстан мен Қазақстанды  өзімше салыстырып  көрейін. 

1991 жылдың  31 тамыз  Өзбекстан  Республикасы  өз Тәуелсіздігін  жариялады. Өзбекстанның  астанасы Ташкент  қаласы  былай тұрсын, шалғайдағы  біздің  ауылдың  өзінде, ертесінен 1 қыркүйек күні  9 сыныпқа  бара  жатқанбыз, әкімшіліктің адамдары  В.И. Ленин, Карл Маркс, Фридрих Энгельс деген көшелерді  ауыстырып  жатты. Біздің мектептің аты  В.И.Ленин еді, Руов  болып  өзгерді.

Кешке барлық  телеарналардан  Ислам Каримов  тікелей эфирден былай деді: «Бұдан  былай біз ұлттық  мемлекет  құрамыз, сондықтан кімде-кім  өзбек тілінде сөйлеп, өзбек  ұлтын жақсы  көретін  болса, Отанымыздың  дамуына өз  үлесін  қосқысы  келсе  мархабат, ал егерде ондай  ойы  жоқ  болса, әзірге  шекарамыз  ашық, қалаған  жақтарыңызға  кетуге  болады. Бірақ, кейінірек  шекара  жабылады  кету  қиынға  соғады»  деді. Расында да, орыстілділерге  үйлерін сатқызбады, олар  бас ауған  жаққа кететіні – кетті, қалатыны – қалды, кейбіреулері  Шымкент, Тараз  және Алматы секілді ауа-райы ұқсас қалаларға  көшіп алды, бір-екі жылдың  ішінде  Өзбекстандағы  200-ден астам  орыс мектептері  өзбек  мектептеріне  айналды. 1993 жылы латын әрпіне  көшірілді.

Мемлекетте – өзбектендіру  машинасы  жедел түрде  барлық салада қарқынды  жұмыс істей бастады. Іс  қағаздар  латын  әрпімен  басыла  бастап еді, алғашқыда  бір-екі рет  қарсы шыққандар болды, артынша  жұмған аузын аштырпады. Қазақстанда  бар  ұлттар  Өзбекстанда  да  бар. Бірақ, олар ешқашан  «Біз  көпұлтты  мемлекетпіз» деп  айтпайды. Мемлекетті құрушы ұлт – өзбек  екенін  өзге  ұлттың  өкілдері саналы  түрде түсінеді. Сондықтан да Өзбекстанда  өмір  сүрген соң оның тілін, салт-дәстүрін, тарихын түбегейлі  білуге  тырысады, өзбекше білмейтін адамды  көшеде  кездестірудің өзі – фантастика. «Орыс, ағылшын, қытай тілдерін  үйреніңдер»  деп  үгіттеп  жатқан  бір  адамды  көрмейсің.

Бәрі, керісінше Президент Ислам Каримовтан  бастап,  етікшіге дейін  тек  өзбекше  сөйлейді. Тіпті, Африкадан келген оқушылар бір-екі жылда өзбекше  сайрап кетеді. Қазақстандағыдай оларға «тілдеріңді дамыт, салт-дәстүрлеріңді ұмытпаңдар» деп жеке-жеке ғимарат салып  беріп  жатқан  бір өзбекті көре алмайсың. «Ассамблея народов  Өзбекстана» деген сандырақ  сөздің  өзі ерсі естіледі.

Өзбекстанда  мемлекет  қазынасынан  тышқақ  лақ  сатып алатындай қаржыны  жымқырған  адамның  тегін  сұрамай-ақ  атып  тастайды. Шетелге  қашса интерполдың көмегімен жылдар бойы іздеп жүріп елге әкеліп Өзбекстан заңымен соттайды. Қазақстанда  мемлекет бюджетін миллардтап ұрлап, үй  қамауында отыру қалыпты жағдай, ақшасын төлесе сотталмаса да болады. Толерант – космополит болудан  қазақтар  әлем  чемпионы. Жағымпаздық пен  саудагерліктен өзбектер  мен  ұйғырлар  жолда  қалды. Арақ  ішу мен темекі  тартудан  орыстардан  озып   кетті. Көрінген  көк  аттыға  байға шығу мен кім  көрінгеннің  қызын  үйге  алып  келуден  алдына  жан  салмады.

Ал Өзбекстанда  туған  халқын  алдайтын  қаржы  саласына  жататын   кредит,  ипотека, валюта  айырбастау, ломбард  дегендер мүлдем  жоқ.

 Адамды аздыратын  (аборт) жасанды   түсік  жасайтын  емханалар  атымен  жоқ. Түнгі клубтарда  гейлер мен қызтекелер  стриптиз көрсету, жынысын  өзгерту, бір жыныстылар  үйлену  немесе  бала  асырап алу, шетелге бала  сату, ата-анасын  қарттар үйіне  апарып тастау, кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлау, жұмыс істетіп  лақтырып кету, адам саудасы, байға  шықпай  жатып,  мектеп қабырғасында  оқып  жүріп  бала  табу  деген келеңсіздіктер  өзбектердің  үш  ұйықтаса  түсіне  кірмеген.

Ата-анасын  қарттар үйіне  апарып  тастау,  өзбектер  үшін  өліммен  тең. Балалар  үйлеріне  балаларын  өлсе де  апармайды. Шетелге  бала  сату  керек  десең, өзбек қатындар  бетіңді  тырнап алады. Тек Ташкентте  ғана  өзге  ұлт  өкілдерінің  балаларын  мемлекет  өз  қамқорлығына  алып, барлығына  өзбек  есімдерін  беріп, өзбек  тілін  үйретіп, өскеннен соң, әскери оқуларға емтихансыз  қабылдап, адам  болып  кетуіне  жол  ашылған.

Діни көзқарасы  ата-бабалары ұстанған  Ханафи Масхабты  пір  тұтады. Өзбекстан бойынша 700-ден астам мешіт  болса, астанасы Ташкентте  ғана крестьяндарға арналған  бірақ шіркеуі бар. Қазақстанда кім көрінгенге  шіркеу салып бере береді және қазақтан басқаның  бәрін  қорғайтын  заңдар  бар да ал, қазақты  қорғайтын  заң жоқ. Дін жолын ұстанудан қазаққа  қарағанда, араб  мұсылман  болмай қалды. 

Өзбекстанда  бір  жылда  үш  мереке  ғана  бар. 

31 тамыз – Мустакиллик, яғни  Тәуелсіздік  мерекесіне  телеарналарда  деректі  фильмдер көрсетіледі, беделді  қоғам  қайраткерлерінің  құттықтау  сөздері айтылады, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін шаттанып қуанады, тек Ташкент қаласында от шашу  болады.

21 наурыз – Самарқандтың көк тасы еріген, күн мен түннің теңесіп, Жер-дүние жаңа түскен келіншектей құлпырып, табиғат-ана қыстан  құтылып, көкорай шалғын көк  майса шөптің иісі аңқып, жан-жануар  қайта  түлеп, ірі  қара мал шөпке тойып, құстар қайта  оралып, туған-туыс бірін-бірі  наурыз көжеге шақырып, (сүмалак)  қайнатып, мәре-сәре болып төс қағыстырып, реніш-назы болса  кешірім  сұрасып,  ағаш отырғызып  дүркіретіп тойлайды.

Үшінші  мереке  Құрбан  айт – әр жылы  өзгеріп  тұрғандықтан, үш күн арнайы демалыс  жарияланады. Арнайы бекітілген  жерлерде ғана, құрбан шалып, қонаққа  шақырып, өтіп  кеткен  ата-бабаларына  құран бағыштайды.

2005 жылы  28 жасымда Ташкент қаласынан Астанаға қоныс  аудардым. Содан бері Қазақстандағы  неше  түрлі  адам айтса  нанғысыз  қылмыстар мен  той-мерекелердің  куәсі  болып  жүрмін. Ең алдымен қаржы мәселесін атап кетуді жөн көрдім. 2004-2009 жылдары Ұлттық банктің төрағасы болған Әнуар Сәйденов, одан кейін Григорий Марченко, Қайрат Келімбетов сияқтылар жалған жаңалық айтудан жағы талмай, уәдені үйіп-төгіп бере салатын ешқандай  жауапкершіліктен жұрдай, олардың қателіктері қарапайым халық үшін үлкен қайғы-қасірет болды.

Біріншіден, Үкіметтің кепілдігімен шеттен қарыз алып, мемлекетімізді өзгелерге тәуелді етті.

Екіншіден, үстінен көлемді үстеме пайыз қосып халықты қанады. Енді сол несиелері мен үстеме пайызды төлей алмай зар илегендер қаншама.

Үшіншіден, несиені алған адамдардың оны қайтара алмайтынын біле тұра, бей-берекет үлестірді.

Төртіншіден, несие ақшасының басын бағамы әрбір сағат сайын аунап тұратын долларға байлап қойды.

Осының бәріне көз жұма қарауға бола ма? Өз пайдасы үшін  біздің банктер  туған халқының  басын  қатерге  тікті. Банктеріміздің  араны ашылып, тәбеттеріне тиым болмай қалды. Нәтижесінде, көптеген  тұрғындарымыз   баспанасыз  қалды. Олардың  басым бөлігі  осы күнге  дейін  ереуілдетіп жүр. Тіпті  кейбір  қарызын  мемлекеттік қазына  есебінен  жабуға  тура  келді. Енді   кейбіреулері  бұл  соққыны  көтере алмай өздеріне  қол  жұмсап,  ең  қымбат  өмірлерімен  қоштасты. Озық  деген шетелдік  оқу  орындарын  бітіріп келген  мақтаулы  мамандарымыздың  біліктілігі осы ма?

Қыстың  көзі қырауда, Сарыарқаның  сары  аязы мен қақаған қарлы боранында  түбіміз   түрік   болғанына  қарамастан, түріктектес  мемлекеттерден  алабөтен, мүлдем  басқа сарында  әуендетуге  құштар 31 желтоқсанды  елден ерекше 1 қарашадан бастап Астана вокзалының алдына  шырша отырғызып,  жалт-жұлт  еткізіп күндіз-түні  әшекейлеп қояды, сол Аяз ата мен Ақшақар 1 ақпанға дейін  үш ай бойы  тапжылмастан тұрады. Астана бойынша ондай  шырша әрбір мекеменің алдында тұрғызылады. Одан тыс  көшедегі  «С новым годом», «Жаңа жылыңызбен» деген жазулар жаңбырдан кейінгі  бәйшешектей  қаптап  кетеді. Көшеде атылған қытайдың  от  шашулары мен қыршынан қыйылған шыршалар шашылып жатады. От шашудың  кесірінен  үйлері өртеніп, көзі шығып, басы жарылып  жатқан  тұрғындар тіркелген.

Мұнымен қоймай, арақ  ішіп көлікке отыру, әртүрлі  жол апаттарының  орын алуы, адам тонау, ұрыс-керістің  аяғы  талай отбасының  шаңырағының  шайқалуына  әкеліп соғады. Түрлі тамақтар мен ащы суға  кеткен  шығын  өз алдына. Дүкеннен қарызға  алған  азық-түлік  те  шаш-етектен. Осылай  бір  күнге  бола даңғаза  даңғыртпен есі  кетіп  елеріп, аузына  келгенін  лепіріп,  өлген  ата-бабасы тіріліп келгендей  қуанып, от  атып  туланып, көк  қатындай  долданып жүрген  әлемде  қазақтан  басқа  бірде-бір  халық  жоқ  шығар, сірә.

Қазақстан  телеарналарын  көріп  отырған адам біресе  орысша, біресе қазақша,  біресе  ағылшынша, қытайша, французша  ән тыңдап соңында есеңгіреп қалады, өйткені  қай  елдің  телеарнасы екенін  түсіне  алмай  дал  боласың... Таңның  атысынан  қара  кешке  дейін  ән  салады да  жатады.

Не  болмаса  бет аузы тыржалаңдаған  Тұрсынбек Қабатов, Жанар Айжанова, Айгүл Иманбаева   мен Ердәулет пен Салтанаттың  аузына  қарап  отырғаны. Әнші, күйші, бишілерден басқа  адам  жоқ  секілді. Үйіндегі ит мысықтарына  дейін, не  ішіп, не  киетінін  көрсетіп  жатады.

Енді Қазақстандағы  той-мерекелерді  тізіп  көрейік.

1 қаңтар – Жаңа Жыл деп тойлайды.

7-13 қаңтар – тағы сол көрініс.

25 қаңтар күні  «крестьяндармен  бірге сұп-суық суға  шомылып  күнәдан  арыласың « деген  жалған сөзге  құдайдай  сеніп,  жатқан  қаракөздерді  көріп  жылағым келеді. Қандай  бейшаралық десеңші.

14 ақпан қайдағы Валентин күні деп сандырақтайды, жастар жағы  бір-бірін  пәтерге  сүйреп,  зина жасауға асығады. Қыздың аяғы ауыр болып қалса, алдыртып  тастауға  тырысады немесе  сәбилер үйіне  тапсырып құтылады. Кейін сүйіп қосылған  күйеуінен бала  көтере алмай  екі  тізесін құшақтап  бармақ  тістеп  жүрген  қазақ қыздар  қаншама.

Биылдан бастап Елбасы «1 наурыз – алғыс  айту күні»  деп жариялапты-мыс. Кімге  кім  алғыс  айту  керек екенін  өздері  түсінбейді.

3 наурыз – кешіру  күні.

8 наурыз – халықаралық  әйел  қыздар күні. Президент  Ақордаға белсенді  қыз-келіншектерді  шақырып оларды бір  күлдіріп, бір  жылатады.

13-14 наурыз  – еліміздің батыс өңірі «Амал  Көрісу күнін» атап  өтеді.

21-22-23 – наурыз  Ұлыстың Ұлы күні.

1 мамыр – Халықтар  достығы күні.

7 мамыр – Қазақстан  Республикасының Отан қорғаушылар күні. Негізі Дариға Назарбаеваның туған күні.

9 мамыр – Жеңіс  күні.

25 мамыр – Соңғы  қоңырау күні.

31 мамыр – Қуғын-cүргінді еске алу  күні.

1 маусым – Балалар  күні.

6 шілде – Астананың  һәм Елбасымыздың туған  күні, 1-10 шілде  аралығында  Астанада  әр түрлі  іс-шаралар  болып  өтеді.

30 тамыз – Конституция  күні.

1 кыркүйек – Білім  күні.

22 кыркүйек – Тілдерді  дамыту  күні.

1 қазан – Ұстаздар  күні.

1 желтоқсан – Тұңғыш  Президент  күні.

Одан қала  берді Құрбан айт, орыстардың  Постхасы, Қазақ хандығының  550 жылдығы, Қысқы және Жазғы Олимпиадалар, әр жылы өтетін Астана  экономикалық форумы, Еуразиялық  Медия форумы, Дүние жүзінің  діндерінің  саммиті, Кедендік одақ жиыны, Еуразия экономикалық одақ жиналысы, әр түрлі елдердің  басшыларымен  кездесулер мен келіссөздер, пікірталастар мен дөңгелек үстелде  бас  қосулар, әр түрлі  елдердің  тәуелсіздік  алған  күндерін  атап  өту, елшіліктерден  келген  қонақтарға  кешкі  ас  беру, EXPO-2017, т.с.с...

Қып-қызыл  шығын, таусылмайтын, бітпейтін  той—думан... Абайдың  айтқан «мал шашпағы» болып шыға  келмей  ме? Осылардан  қарабайыр  халыққа  келіп-кетер  көк тиын пайдасы жоқ.

«Ахау  керім – бұраң  белің,

Күнде  думан, күнде той 

Жүрген  жерің» деп әндетпеуші  ме еді?.

Әртүрлі  деңгейдегі  шенеуніктердің  шетелде  сақтайтын  есепшоттары мен тендерлерден  түсіп  жатқан  қыруар  қаржыда  есеп  жоқ. Көшеде  қаптап  тұрған  полиция  қызметкерлерінің  көлігінің жанармайы мен киімі,  жалақысы  өз  алдына... Біз  бен  сіздің  салығымыздан  жиналған  қайран  ақшалар-ай. Барлығы да мемлекет бюджетін  тасалаумен  ғана  айналысатын  секілді  көрінеді  маған. Әйтеуір  құдайдың  құтты  күні  Астанада  думан  той. Елбасының  «экономите  бюджет» деген  сөзін  құлақ  асып жатқан  жұмырбасты пенде  жоқ.

Оның  орнына, Ресейден уақыты  өтіп  кеткен  қалған-құтқан азық-түліктерін  тонналап  алып  келіп жатқанына  «әй  дейтін  әже, қой дейтін қожа» жоқ. Сол Ресейдің  жеті  полигоны мен Байқоңырдан  күнде  ұшып  жатқан  протоны  мен  гиптельдің  зардабы  шаш-етектен, қынадай  қырылып  жатқан  ақбөкендердің  обалы  кімге? Қазақтың  даласы  өлік  сасыды...                                                               

Доллардың  тұрақсыздығы, жаппай  жұмыссыздық, 25 жылда  дені  сау бір  завод немесе бір  фабрика  жұмыс  істемейді, тек шикізатқа  тәуелді  елге  айналғанымызды  білмей де  қалдық, Қытайдан  келіп жатқан  улы  азық-түлік пен  зиянды  дәрі-дәрмектерге  кім  тосқауыл  болады? Төрткүл  дүниені  шулатқан  лаңкестік  әрекеттер, әлемдік  геосаяси  ахуал, ұлттық  мүдде, «соның  ішінде  қазақ  қашан  ұлттық  ел  болады?» деген  сұрақтарға  мемлекетті  басқарып  отырған  аға-көкелеріміз  бас  қатырмайтын  сияқты.  

Жұмамұрат  Шәмші, тарих  ғылымдарының  кандидаты

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317