Жұма, 22 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6749 0 пікір 29 Наурыз, 2016 сағат 08:57

КООПЕРАТИВТЕРДІҢ МІНДЕТІ – ШАРУАҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

 «Меркі өнімдері» кооперативі Жамбыл облысы Меркі ауданындағы 42 ауылшаруашылығы кәсіпкерлерінің басын қосты. Олар аудан шаруаларының түрлі проблемаларын шешумен қатар,  сүт өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр.

 

Биылғы жылы елімізде ауылшаруашылығы субъектілерін  кооперативтерге біріктіру ерекше қарқын алды. Айталық, Жамбыл облысында  шаруа қожалықтарын біріктірген бірнеше кооператив құрылса, ал оның  ең ауқымдысы Меркі ауданында бой көтерді. Осы  «Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі өңірдегі ірі сүт кластеріне айналуды көздеп отыр.  Осы және өзге де мәселелердің жай-жапсарын  «Меркі өнімдері» АӨК-нің директоры Дастан Айтүленов мырза өз  сұхбатында айтып берді.

–  Қазіргі таңда елімізде сүт кластері  дами бастады.  Осы орайда аталған саланы ілгерілетуге кооперациялар қандай үлес қоса алады?

  -  «Меркі өнімдері» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі кәзірдің өзінде  Қазақстанның сүт кластерін кооперациялар арқылы дамытуға болатынын дәлелдеді. Бізде оған қажет алғышарттардың бәрі бар. Яғни өңірдегі сүт фермалары мен шаруа қожалықтары кооперативтерге біріге отырып, осы саланың қордаланған проблемаларын шешіп,  құқықтық-құжаттық мәселелерін бірге реттеуге мүмкіндік алды. Өйткені, жеке шаруаларға өз өнімдерін нарыққа шығару қиын, әрі тиімсіз. Сонымен бірге, оларға мемлекет тарапынан көмек алу, қажетті мамандарды ұстап тұру да оңай емес. Шаруалар  иелігіндегі малдарды қадағалауға, селекциялық жұмыстарды атқаруға да күші жете бермейді.  Сондықтан осындай жұмыстарды жеңілдету үшін сүт өндіретін шаруа қожалықтары  кооперативтерге бірігуде.

– «Меркі өнімдері» АӨК-нің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

«Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі Меркі ауданы көлеміндегі сүт өндірушілердің шикізаттарын қабылдап, нарыққа шығаруға көмек көрсетуде. Қазіргі таңда қатарымызда 42 кәсіпкерлік бар.  Өндірістік кооператив ретінде 2015 жылдың 30 қараша күні құрылып, биылғы «Ауылшаруашылығы кооперациясы туралы»  жаңа заң қабылданғаннан кейін «Меркі өнімдері» ауылшаруашылығы өнімдері кооперативі болып қайта тіркеуден өтті.

Осылайша кооператив жаңа заң шеңберіндегі даму мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, аймақтық сүт кластерінің тынысын кеңейтті. Қазақстандағы сүт кластеріндегі негізгі мәселе – өнімді сату және қайта өңдеу үшін шикізат қабылдайтын өндірушілердің жеткіліксіздігі. Сондықтан «Меркі өнімдері» кооперативі ең алдымен шикізат қабылдайтын өндіріс орындарымен тұрақты байланыс орнатып, өздері де сүт өнімдерін қайта өңдеуді жүйелі түрде қолға алуда. Сүт кластеріндегі өндірістік кооперациялардың тиімділігі сол, шаруалар шикізатты  өздеріне қолайлы, жалпыға ортақ бағада сата алады. Сөйтіп олар бастапқы шикізаттың құнын бір деңгейде ұстап тұрады.  Біздің кооперативтегі 5-6 шаруа қожалығы жем-шөп дайындап, кооператив ішіндегі өзге шаруаларға  арзан бағаға сатады.  Және кооператив мүшелері ортақ техниканы пайдаланып, ортақ мамандардың, зоотехниктер мен мал дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алады. Мәселен, мал дәрігерін жалдау жекелеген шаруа қожалықтарына қиындық тудырса, ал кооперативтегі төрт-бес мал дәрігері барлық шаруа қожалықтарының малдарын емдеп, селекциялық жұмыстармен айналысады.  Шаруа қожалықтарынан жиналған шикі сүт өндіруші кәсіпорындарға жеткізіп отырамыз немесе өзіміз қайта өңдеу арқылы сауда орындарына  тұрақты түрде шығарамыз.

– Жоғарыда ауылшаруашылығы кооперативі туралы жаңа заң аясында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіздік деп айтып қалдыңыз.  Жаңа заң кооперативтерге қандай мүмкіндіктер береді? 

 Биылғы қабылданған «Ауылшаруашылығы кооперативі туралы заң» аясында «Меркі өнімдері» кооперациясының   құқықтық және құжаттық жұмыстарын бір жүйеге келтірдік.  Жаңа жарғы жасап, кооперативтің құқықтық қарым-қатынастары заң аясында жүргізілетін болды. Яғни, бұрын кооперативтерге жеке тұлғалар ғана мүше бола алатын болса, жаңа заң бойынша заңды тұлға да, жеке тұлға да мүшелікке қабылданады.  Сонымен бірге, қазір кооперацияның қосалқы мүшесі ретінде үлкен өндіріс орындарымен бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндігіміз бар.    Қабылданған жарғыға сәйкес, кез-келген шаруа ұжымның мүшелігіне өте алады. Әрбір шаруаның құқын қорғайтын ережелер бар.  Жарғыға сай, кооперативтің әрбір мүшесі жыл соңында еңбек көлеміне қарай өзіне тиесілі еңбек өтемін ала алады.  Кооперативтің негізгі ұстанымы –шаруа қожалықтарының қабылдануына және мүшеліктен шығуына еркіндік беру. Ұйымдастыру және басқару ашық әрі демократиялы түрде жүргізіледі.  

–  Жергілікті шаруалардың  кооперацияға бірігуге ынталары қандай?

-  Әрине, бастапқыда түсініспеушіліктер болды.  Бірақ,

жергілікті аудан әкімдігінің көмегімен аудандағы шаруа қожалықтарын жинап, жиналыстар өткіздік.  Кооперативтің рөлі мен маңыздылығын түсіндіру бағытында «Атамекен» ҰКП  өкілдерінің өңірлерде  атқарып отырған жұмысының нәтижесінде, халықтың қызығушылығы артып, тағы 15 жеке шаруа қожалығын іріктеп, қатарымызға қабылдадық.  Кооперация жұмысының тиімділігін байқағаннан кейін, өз еркімен бізге қосылуға ниет білдірген шаруалар көбейіп, бүгінгі таңда санымыз 42- ге жетті. Әлі де қатарымыз арта түсері сөзсіз.

«Меркі өнімдері» АӨК-нің алдағы уақытқа арналған жоспарлары қандай?

«Атамекен» ҰКП-ның көмегімен үш бағыттағы мемлекеттік қолдауға ие болғалы отырмыз.  Біріншісі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кооператив құрамындағы ірі қара малды асылдандыру жөніндегі ұсынысымызды бірден қолдап, облыстық атқарушы билікке жеткізуге арқау болды. Енді бюджеттен 580 млн теңге бөлінгелі  жатыр.  Бұл қаражатқа тәулігіне 8-9 литр сүт беретін асыл тұқымды 1000 бас ірі қара малын сатып алуды жоспарлап отырмыз.  

Екіншіден, «Ырыс» бағдарламасы бойынша  кооперацияға қарайтын 100 ірі қарасы бар 7-8 ферма ашылатын болады. Үшінші бағыт бойынша  Меркідегі ескі сүт зауыты күрделі жөндеуден өтіп, жаңа қондырғылармен жабдықталады. Не болмаса жаңа сүт зауыты  салынып, іске қосылады.  Бұл зауыт  кооперация құрамындағы шаруа қожалықтарының шикізатын қабылдап, сүт және сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысады.  Зауыт күніне 50 тонна сүт қабылдап, 50 түрлі өнімді экспортқа шығаруға қауқарлы болмақ.  Сондай-ақ,   өңірдегі өзге де шаруалардың шикізаттары сатып алынады деп көзделуде.  Қазір жобаның барлық сметалық құжаттары дайын, зауыт орны да белгіленіп қойған.  Енді министрліктің жобаны нақтылауын күтіп отырмыз. Жаңа зауыт іске қосылса, 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан агросаласында  тың серпіліс болар еді. 

– Сұхбатыңызға рақмет!  Істеріңізге табыс тілейміз! 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318