Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 8483 0 пікір 26 Наурыз, 2016 сағат 12:55

БЕКБОЛАТ АҒАМА ХАТ

Мәжілістің алтыншы шақырылымына Бекболат Тілеуханның қайта депутат болып сайлануы елге шынында қуаныш сыйлады. Әрине, бұл шақырылымда да елге танымал, тәжірибесі мол, ұлтқа жаны ашитын ескі-жаңа қалаулылар жоқ емес, бар. Дегенмен, Бекболат Қанайұлына артылар үміт пен жүктің салмағы ауыр екені бірден белгілі болды. Сол тілектес жандардың бірі өзіммін. Кезінде ағалап артынан ердім. Өкпелеп, «алыс» жүрген кезім де болды. Жақында кеуде түйістіріп, қайта табыстық. Жеке бастың қамы үшін емес, баяғы «Көші-қонның» шаруасымен бәрі! 

Қысқаша ғана шолып өтейін.

 2006 жылы көктемде «Атақты Қалибек Хакім Райымбекұлының 100 жылдығын өткізуге көмектесіңізші!» - деп жүгіріп алдына бардым. Бірден қолдап, сол кездегі Мәдениет министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке депутаттық хат жолдады. Хакім тойы сол жылы 16 қарашада Алматыда мемлекеттік деңгейде тойланды. Хасан аға Оралтайдың сондағы қуанғанын айтып, сұрама! Әке арманын орындап, бір жылдан кейін О Дүниеге аттанды.

2011 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болды. Шырылдап тағы бардым Бекеңе! Рақым Айыпұлы деген жігітті қоғамдық көмекші етіп алуын өтіндім. Сөзімді жерге тастаған жоқ, бірден алды.

Өкінішке орай, Көші-қон заңы алға басудың орнына сол жылдан бастап кері кетті. Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруы үшін қаптаған қалың кедергі сол жолы пайда болды. Әуелі, төрт жылсыз азаматтық берілмейтін Заң да қабылданды-ау! Алыстан келген ағайынның тартқан азабы мен көрген бейнетін айтып сұрамаңыз! Құдайға тәубе, ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНА МЫҢ АЛҒЫС, сол Заң өткен жылы қайта қалпына келгендей болды. Біраз кедергілер алынып, жаңа өзгерістер мен толықтырулар енді. Кемшіліктер де жоқ емес. Айтпақшы, кері кеткен заңмен бірге, Бекболат ағамның да артынан дінге байланысты бір қап сөз еріп шыға келді. Қысқасы, сол жылы Бекеңнің не дұшпаны көбейіп кетті, не дұшпанын өзі көбейтіп алды.

Өздеріңізге мәлім, Бекболат Тілеуханға Алла Алашта жоқ дауыс, аңқылдаған жүрек, тасыған көңіл берген-ақ! Күндей күркіреп, жұлдыздай жарқырап шығып, елінің рухын оятқаны да шындық. Жұрт оны сол үшін де жақсы көреді. Пенде болған соң, адам қателеседі. Бекболат ағаның да сүрінген тұстары болған шығар, мүмкін біреулердің сүріндіргісі келген шығар, бірақ халқы қиянатқа қиған емес. Бұл күндері оның Алла берген қызыл тілінен есіліп шыққан жалынды сөздерді жұрттың жүрегінен Каспийдің теңізін әкеп құйсаң да енді өшіре алмайсың. А десе, алдымен елдің аузына Бекболат түседі. Біразға дейін соңынан ерері де күмәнсіз...

Өткен жылы тоғыз ай бойы «Халықтың Көші-қоны туралы» заң жобасын талқылаған жұмыс тобында болдым. Сондағы түйгенім мынау: Бәрін шешетін – Заң! Мемлекеттің заңдары кемелді болса, ол заң бұлжытпай атқарылса, аузымыздың суы құрып жете алмай жүрген демократия деген «итің» өзі-ақ орнайды. Ал, сол заң, басқа емес, Мәжіліс депутаттарының қолында екен. Ықыласы түзу, ұлтына жаны ашитын, жауапкершілігі күшті, антына берік, ұяты бар депутат болса, бәрін жасауға болады екен!

Бір-ақ мысал келтірейін.

Осыдан алты-жеті жыл бұрын, нақтылап айтсам, 2010 жылы Бекең екеуміз Қытайдан 2000 мың отбасы шақырып әкелеміз деп шарқ ұрдық. Мен соның алғашқы 80-ге жуығының жекебас куәліктерінің көшірмесін алдырып, «Көші-қон шақыртуын» жасаттым. Ағамыз Алтайдың арғы бетіне дейін барып, «Үгіт-нәсихат» жұмысын жүргізіп қайтты. Қытай Заңының талабы бойынша оған біздің Ішкі істер министрлігі Көші-қон полицсиясы басқармасының таңбасы басылуы керек. Сол таңбаны бастыру үшін депутат Бекболат Тілеухан сол кездегі Көші-қон полицсиясы департаментінің бастығы Ғибратолла Досқалиевке шықты,  баспады. Шығыс Қазақстан облыстық Көші-қон полицсиясы басқармасының бастығы  Нұрлан Мұқаевке шықты, баспады. Себеп: Көші-қон туралы Заңда ол мәселе қарастырылмаған, жоқ! Сонымен тауымыз шағылды.

Арада бір жыл өткенде Көші-қон туралы Заңға қайталай өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 2011 жылы 22 шілдеде Елбасы қол қойды. Бекең көмекшісі екеуі сол Заңның басы-қасында бастан-аяқ жүрді. Ең құрығанда, осы мәселені заңдастыруға да «қолдары тимеді» ғой, шіркін!

Міне, өткен жылы қайта қаралып, қабылданған Көші-қон Заңының «Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті» деген 15-бабына табандап отырып, «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырадыдеген жаңа «13-1)» тармақ қостырдым.

Демек, Депутаттық мандат Мәжілістің төрінен есілтіп сөйлеу үшін емес, Үкіметтен жасақталып түскен Заң жобасына халыққа тиімді етіп өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін берілген! Сіз алдыңызға келген Заң жобасына, ең кемінде, бір тармақ қоссаңыз не бір тармаққа өзгеріс енгізсеңіз, жетіп жатыр! Шамаңыз келіп жатса, одан да көбірек! Болды. Миллиондаған жандардың тағдыры сол тармақ арқылы бірден шешіліп жатады! Сонда ғана, Сіз нағыз «Халық қалаулысы» деген мәртебелі атаққа лайықсыз! Қалғанының бәрі бос сөз, құры мылжың!!!

Қысқасы, Бекеңнің Мәжіліс төрінен төрт жыл бойы сөйлеген жалынды сөзінен гөрі, менің жұмыс тобының құрамында болып, Заң жобасына енгізген жалғыз тармағмның оралмандар үшін пайдасы төрт жүз есе артық! А, бірақ мен аталмыш Заңға бір емес, бір неше тармақ қостым, Тәубе!!!

Міне, араға төрт жылды салып, сол Бекболат аға, әбден ширығып барып, қайта депутат болды! Әрине, көптің тілегі, Алланың қалауы, Елбасымыздың қолдауымен!

Құрметті Бекболат аға!

Көңіліңізге алмаңыз, «Дос жылатып айтады!»-дейді ғой, «Жас келсе, іске!» деген тағы бар, шын тілегім: Есі дұрыс, сауаты мықты бір көмекші алыңыз да, СӨЗДІ ҚОЙЫП, ТЕК ІСКЕ КІРІСІҢІЗ! Алдыңызға келген әр Заң жобасына, жоғарыда айттым ғой, бір үтір болса да қосуға құлшыныңыз!

Шын мәніндегі ұлтқа қызмет етудің әзіргі жолы - осы!

Ал, сөзді ме, сөзді Құдай берген ақсақал депутаттар бар ғой, Қуаныш Сұлтанов пен Сауытбек Әбдрахмановтар-ақ сөйлесін! Олар аздық қылса, Аллаға шүкір, Мызекең – Мырзатай Жолдасбеков те әлі тың, сайрап тұр. Соларға беріңіз сөзді!! Теледидарға да солар шықсын!!! Сіз тек Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге барыңызды салыңыз!!!

Алла Сізге күш- қуат берсін, ардақты БЕКЕМ!!!

Ашуы қатты ақын бауырың

Ауыт Мұқибек

 

26.03.2016
Астана 

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394