ДОМБЫРАМЕН ҒЫЛЫМ КҮЙІН ШЕРТЕЙІН...
Домбыраның ең көне аспап екені былай да көрініп тұрған жоқ па? Өн бойында мысқалдай темір, не, мыс жоқ. Ағаш пен шек-табиғи дүниелер. О баста, домбыраны бабам табиғатпен тілдесу үшін ойлап тапса керек? Содан бері, ештеңені өзгертпей сол қалпында ұстап келеді. Сондықтан да мен "Нар идіргенге" сенемін.
Ал, "Қыз Жібек" фильмін түсіріп жатқандағы оқиға ше? Аққулар режиссерге бағынбай, су бетіне қонбай қояды ғой. Сол кезде Нұрғиса ағам дыбыс күшейткішті қосып, "Аққу" күйін төкпей ме? Күйдің сазына елтіген аққулар үйіріліп келіп, камераның алдында өздері "ойнап" беріпті. Домбыраның үні-табиғаттың тілі деген осы.
Осындай оқиғалар көп пе? Аңыздар, баршылық әрине. Ал, сіздер өз көздеріңізбен не көрдіңіздер? Домбыраға құр тамсана бергенше, өмірдің өзі тудырған дәлелдерге бір мезгіл кезек берейікші. Айтыңыздар. Одан мынадай мәселе туады: акустик мамандар әрбір заттың, дененің, әр қимылдың өзіндік дыбыс шығаратынын жақсы біледі. Табиғат - толықтай үндестіктен тұрады, өзі. Бәлкім, жалпы дүниеге ортақ үн, дыбыс, тіл бар шығар? Голландиялық фермерлер музыка тыңдап тұрған сауын сиырдың сүтті анағұрлым көп беретінін анықтады емес пе? Музыканың құдыретін көрсететін деректер жетерлік.
Мені ойландырып отырған ол емес. Нақты - домбыра мен қобыз. Осы екеуінің үні - табиғаттың тілі. Әлем музыкасы емес, домбыра мен қобыздың үнін бүкіл әлем акустик мамандары табиғаттың үні деп танығаны - қажет. Домбыраның үнін герцке салып, өзінше зерттеген қазақ баласы бар ма? Болса, айтыңдаршы, кім? Басты дүние - тембрде, бояуда ғой. Жалпы, табиғатқа ортақ тембр қандай? Домбыраның тембрі қандай? Домбыраның құдыретін біз бүгінгі ғылымның, техниканың жетістіктері арқылы зерттеп, сараптап, дәлелдеп шығуға тиіспіз. Сонда ғана бүкіл әлем қазақтың аңыздары шын дүние екенін, домбыраның үні - табиғаттың тілі екенін мойындайды.
Жаңа ғана бір кішкентай бала домбыра көтеріп бара жатқанын көрдім. Бұл жай нәрсе емес. Оны да елтітетін бірдеңе бар, бар. Соны ғылыми дәлелдейік те. Сонда, қазақ баласы домбырасын бұрынғыдан бетер биік көретін болады.
Серік Жанболат
Facebook-тегі парақшасынан