Каспийдегі трагедия: 300-ден астам адамнан жауап алынды
Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу ісі бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынды...
Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
«Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ Әскери-тергеу органдары қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Орын алған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі обьективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілді. Бүгінгі таңда 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді», – делінген бейсенбідегі хабарламада.
Тергеу шеңберінде сот қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу ережелерін бұзды деп күдіктелген сегіз лауазымды тұлғаны қамауға алуды санкциялады. Олардың қатарында Қарулы Күштер Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің, теңіз жаяу әскерлері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.
Ведомствода жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтау және қылмыстық процесс қатысушыларына іс материалдарымен танысуға мүмкіндік беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында екені атап өтіледі.
Abai.kz