АМАНДЫҚ БАТТАЛОВ 120 ПӘТЕРДІҢ КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ
Елбасының «Нұрлы Жол»бағдарламасы аясында қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесіжақсы қолға алынуда. Осыған дейін қаламыздағы бірнеше тұрғын үй ел игілігіне беріліп, көптеген жанның баспана мәселесі түбегейлі шешілген еді. Бұл үрдіс тағы да жалғасын тауып, кеше қаланың оңтүстік батыс құрылыс аймағында бой көтерген бір және екі бөлмелі 120 пәтерлі қос үй өз иесін тапты,-деп хабарлайды облыстық «Жетісу» газеті.
Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы, «Арлан – Жоба құрылыс» ЖШС-нің жобасы бойынша мердігер компания «Люмен Электро ІІ» ЖШС-нің құрыш қолды құрылысшылары тұрғызған коммуналдық санаттағы қос ғимараттың құрылыс, абаттандыру, басқа да мақсаттағы жұмыстарына жергілікті бюджеттен қомақты қаржы игеріліпті. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, азаматтарына пәтер кілтін табыстады.
Алдымен қуаныш иелерін жаңа қоныстарымен құттықтаған өңір басшысы Елбасының қолдауымен облысымызда құрылыс саласының қарқыны артып, қала ажары айшықтала түскенін сөз етті. Ірі жобалардың қолға алынып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттардың арт-артынан бой көтергенін де назардан тыс қалдырмады. Алдағы уақытта ел игілігіне берілетін өндірістік, әлеуметтік, мәдени-рухани нысандарды айтып өтті.
– Елбасының тапсырмасымен өңірімізде ірі-ірі жобалар атқарылуда. Бүгінге дейін бірнеше үйді қаладағы баспанаға мұқтаж жандарға табыстадық. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Міне, сол игілік бүгінде жалғасын тауып отыр. Алдағы жоспарларымызда ауқымды. Келешекте осы оңтүстік батыс тұрғын үй аймағынан балабақша, мектеп, театр ғимараты, Салтанат сарайы, Көрме залы, тағы да басқа нысандар салынады. Абаттандыру жұмысы да қаланың басқа шағын аудандарынан өзгеше болады. Демек, бұл жерге салынатын жаңа ғимараттар қаланың көркін арттырып, жерлестеріміздің қуанышын еселей түседі, – дей келе үй иелеріне пәтер кілтін табыс етті.
Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасы мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері, мемлекеттік қызметте, әлеуметтік салада, үкіметтік емес ұйымда, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндер баспаналы болды. Осыдан-ақ Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасының шарапаты барлық санаттағы адамдарға тиіп, олардың әлеуметтік әлеуетін арттырып, баспанаға деген мұқтаждығын шешуге серпін бергенін аңғардық. Әсіресе, үйлі болғандардың Елбасына, облыс және қала басшыларына ризашылығы мол. Олар бірінен соң бірі мінберге көтеріліп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Пәтер кілтін табыстаған соң облыс әкімі Амандық Баталов көппен бірге пәтерлерді аралап, құрылыс жұмысының сапасын көріп, үй иелерін құттықтады. Сол қатарда толық емес отбасы мүшесі, екі бөлмелі пәтердің иесі атанған Күлан Жинақова мен бір бөлмелі пәтерге қолы жетіп, қуанышын көппен бөлісуге асыққан Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті, жетім бала Дария Әбдірахманова және жастайынан арбаға таңылған, І топтағы мүгедек Элмира Смағұлованың отбасына бас сұққан өңір басшысы олардың дастарқанынан дәм татты.
Көппен бірге көпшіліктің қуанышты көңіл күйін көре жүріп, Елбасының тапсырмасын бұлжытпай атқарып келе жатқан облыс әкімі Амандық Баталов пен қала әкімдігіне деген жұрт ықыласының ерекше екенін байқадық. Расында, осындай қиын күндерде жоқтан бар жасап, қаржы көзін тауып, бір жылда бірнеше үйді тұрғындардың игілігіне тапсырып, өңірдің баспана жетіспеушілігін шешуге серпін берген облыс басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қажет АНДАС
Abai.kz