Жұма, 22 Қараша 2024
Ұждан 15554 1 пікір 26 Ақпан, 2016 сағат 15:53

«АCЫЛ АРНАҒА» БАЗЫНА

 «Асыл арна» діни-ағарту

 телерадиокомпаниясының директоры,

қоғам қайраткері М.Тазабековке ашық хат

Құрметті Мұхамеджан мырза, өзіңізге мәлім соңғы кездері электронды және дәстүрлі БАҚ беттерінде діни мәселелер төңірегінде түрлі ой-пікірлер мен көзқарастар пайда бола бастады. Тіпті, солардың арты кейде  кішігірім дауға да ұласып жататыны жасырын емес. Мұндай мәселелердің туындауына біздің қоғамда діни сауатсыздық әсер етіп отырғаны белгілі.

Әрине, бұл мәселе қоғамдағы діни насихаттың біркелкі жүйеге түсе алмай жатқандығынан екенін баршамыз жақсы біліп отырмыз. Сонымен бірге Сіз басқарып отырған «Асыл арна»  телеарнасындағы көрсетіліп жатқан діни бағдарламалардың көбі дерлік тек бір жақты, тарихи тәжірибе деген жоқтың қасы. Берілсе де ат үсті, әрі ревизия жасау басым түсіп жатады. Кейбір бағдарламалардағы эпизодттарды көргенде қазақты бүгін ғана мұсылман болған секілді елестетуге болады.

Мәселен, қазақ мұсылмандық тарихында орын алатын тұлғалар Асан қайғы, Бұхар жырау, Майлықожа, Мәделі қожа, Қаблиса жырау, Албан Асан жырау, Тұрмахамбет т.б. секілді тұлғалар туралы арнайы бағдарламарда толық мәліметтер берілмейді. Тарихи орындар, мешіттер мен әулиелердің жатқан жерлері, мазарлары және олар туралы мәліметтер толық берілмей, тек егенмендік алған жылдардан бергі мешіттер ғана көрсетіледі. Қазақ егенмендік алғалы бері мұсылман болған жоқ қой.

Қазақ халқының мұсылмандық тарихы мен мәдениетінің қалыптасқанына жүздеген жылдар өтті емес пе? Сонымен бірге көп жағдайларда діни сана, діннің психолгиялық қабаттары ескерілмегені секілді қазақи сана, қазақи болмыс пен діни тәжірибе де терең зерттеліп, зерделеніп берілмейді. Керісінше танымдық бағдарламалар діннің сыртқы формасына ғана негізделіп, көп жағдайда олар «ширк» «күпірлік» деген шаблондарға құрылған. Діннің сенімідік жүйесі барша мұсылмандарға ортақ болғанымен танымдық жүйесі әркелкі болуы табиғи заңдылық. Себебі әр халықтың табиғи-климаттық, өмір сүру салты мен бітім болмысы бір арнаға тоғыспайды. Осы тұрғыдан Сіздің басқарып отырған телеарнаңыз еліміздегі дәстүрлі дінімізді насихаттайтын жалғыз арна болғандықтан жоғарыда келтірілген олқылықты толтыра отырып, «Асыл арнаға» төмендегі мәселелер туралы ғылыми-танымдық бағдарламалар көрсетілсе екен деген базына айтпақпын.

Елімізде ЮНЕСКО шешімімен түркі мұсылман халқына ортақ діни-тарихи тұлға, қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи жылы болып бекітіліп әлемдегі барша түркі мұсылман жұрты тойлап жатыр. Бізде өкінішке орай бұл мәселе туралы жұмған ауыздарын ашпай отыр. Осыған байланысты Сіздің телеарна қызметкерлері мен ясауитанушы, дінтанушы ғалымдармен бірлесе отырып, оның өмірі мен шығармашылығы және шәкірттері туралы ғылыми-танымдық деректі фильмдер әзірлеп көрсетсеңіздер. Бұл игі ісіңіз Сіздің де, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қосқан зор үлесі болар еді.

Екінші мәселе қазіргі уақытта әсіресе жастар, діни қағидаларды ұстанатын азаматтар арасында Исламдағы тасаууф (сопылық) іліміне байланысты біраз түсініспеушілік жағдайлар орын алуда. Кейбір жастардың тіпті, діни қызметкерлердің де аузынан: «Исламда тасаууф немесе сопылық ілімі жоқ емес. Бірақ, қазіргі уақыт бұрыңғыдай сопылық тариқаттар жоқ. Бұл ілімді ұстанып жүргендер адасып жүр» деген пікірлерді көп естіп жатамыз. Осындай пікірлердің арқасында қоғамда діни жікке бөлінушілік пен өз ата-баба жолдарын мансұқтайтын жастарымыз күннен-күнге көбейіп бара жатқаны ақиқат. Сопылық ілім арқылы орта ғасырда Ислам өркениеті дамып өркен жайғаны белгілі. Өйткені бұл ілімді орта ғасырда өмір сүрген ғұламалар тек адамның жеке басын дамытуға ғана емес, бүкіл қоғамның гүлденуі үшін пайдаланғаны ақиқат.

Бұл мәселе жөнінде тек арнайы академиялық білімі бар дінтанушылар ғана білсе, ал, қоғамдағы басқа азаматтардың көңілінде Ислам дінінің ішкі мәні мен мазмұны болған тасаууф іліміне деген күдік басымдық көрсетіп тұр. Сонымен бірге қазіргі тасаууф ілімін ұстанушылардың жолы дұрыс па әлде бұрыс па? Болмаса бұрыңғы ата-бабаларымыз ұстанған сопылық жол қандай болған деген үлкен сұрақ белгісі әр азаматтың көңілінде жүргені де даусыз. Қоғамда қордаланған осы мәселеге жан-жақты академиялық тұрғыдан сіз басқарып отырған телеарна ғана жауап береді деген үміттемін.

Сіз осыған қалай жауап берер едіңіз, Мұхамеджан мырза?

Ізгі ниетпен дінтанушы Т.Тұрғанқұлов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321