Қырғызстанда президент сайлауына қатысатын алғашқы үміткер шықты
«Бүтун Қырғызстан» саяси партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров 2017 жылы өтетін президент сайлауына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы саясаткер Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Мен үшін президент болу – елге қызмет ету дегенді білдіреді», - деп түсіндірді ол өз шешімін. Партия жетекшісі сайлаулар әділ әрі ашық өтуі тиіс екенін атап өтті.
Баспасөз мәслихатына қатысқан тағы бір саясаткер - «Ар-Намыс» саяси партиясының жетекшісі Фелик Кулов президент сайлауына қатысу туралы ойланып көрмегенін, дегенмен түпкілікті шешімді әлі қабылдамағанын мәлімдеді.
Мадумаров пен Кулов партиялар коалициясы құрылғанын жариялап, бұған дейінгі сайлауларда заң бұзушылықтар болғанын тілге тиек етті. Саясаткерлер сайлау туралы заңдарға өзгертулер енгізуді ұсынды. Коалиция жетекшілерінің пікірінше, республикада сайлаудың латвиялық жүйесін енгізіп, саяси науқанда дауысты өзі санайтын жәшіктер пайдалану керек.
Абай-ақпарат