Меркель қырғыз студенттерін Германияға оқуға шақырды
600-ден астам қырғыз студенті Германияда білім алып жүр, бірақ олардың санын болашақта көбейтуге болады. Бұл туралы Германия канцлері Ангела Меркель Бішкекте қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Біз Қырғызстанның 2010 жылы жасаған таңдауын қатты құрметтейміз. Парламенттік демократия жолын таңдаған Қырғызстан қолдауға зәру. Халықтың тұрмысын жақсартуда экономикалық өсім маңызды рөл атқарады. Жастар болашағына сенімді болып, жас мамандар елді тастап кетпеуі үшін шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалуы керек», - деді канцлер.
Қырғызстанның тамаша табиғатын атап өткен Меркель туризм саласындағы әріптестікті дамыту жолдарын бірге ойластыруға дайын екенін айтты.
Меркель республикадағы немістерді де тілге тиек етті. Оның пікірінше, немістер қырғыз қоғамын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. «Мен бүгін осындағы этникалық немістердің өкілдерімен кездестім. Біз болашақта KfW банкінің түрлі қорлар арқылы не істей алатынын ойластырдық. Арнайы даму қорын құру мүмкіндігін талқыладық», - деді ол.
Канцлер жақында Қырғызстанда неміс экономикасының күндері өтетінін еске салды. Форум Қырғызстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы байланыстардың жандануына септігін тигізеді.
Абай-ақпарат