Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 5991 0 пікір 8 Шілде, 2016 сағат 13:00

ШИРЕК ҒАСЫРДА ЖОҒАЛҒАН 4 МЛН ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ...

Құлаққа түрпідей тиседе, айтуға тура келеді: елімізде жасанды түсік жасатушылардың қарасы артып келеді. Сұмдық болғанда, дәрігерлер де жасөспірімдер арасында жасанды түсік көп жасалатынын жасырмайды. Білгеніміз, жасанды түсік жасататындардың көпшілігі ресми тіркелмейді екен, яғни жасырын түр­де жасататындықтан көбінесе олар жеке емханаларды таңдайтын көрінеді.

Жақында құзырлы органдар жатырындағы сәбиінен безінген безбүйректердің нақты статистикасын жариялады.  ҚР Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 1991-2015 жылдар аралығында елімізде 3 852 944 жасанды түсік жасалыпты. Бұл - нобайы 4 миллионға жуық сәби. 4 миллионға жуық қазақ, 4 миллионға жуық Қазақстан азаматы. Бұған кім кінәлі? Өз құлынынан өзі жерінген жас қыздарға құрық сала алмай отырған  Заң ба, әлде отбасында көрген тәрбиенің таяздығы ма? Бәлкім әлеуметтік тұрмыстың төмендігі мен жеңіл жүрістің белең алуы, жауапсыздық, моральдық тұрғыдан азғындау, т.б. - осының бәрі түптеп келгенде түсіктің көптеп жасалуына түрткі болып тұрған шығар.

Мынау 1991-2015 жылдар аралығында ресми тіркелген жасанды түсік жасату фактісі:

1991 – 260 000 бала

1992 – 350 000 бала

1993 – 295 000 бала 

1994 – 260 000 бала

1995 – 225 000 бала

1996 – 194 200 бала

1997 – 156 800 бала

1998 – 149 200 бала 

1999 – 138 197 бала

2000 – 134 100 бала

2001 – 136 800 бала

2002 – 124 500 бала

2003 – 128 000 бала

2004 – 129 495 бала 

2005 – 125 654 бала

2006 – 130 599 бала

2007 – 133 097 бала

2008 – 123 992 бала

2009 – 113 320 бала

2010 – 106 074 бала

2011 – 95 288 бала

2012 – 95 654 бала

2013 – 84 265 бала

2014 – 83 709 бала

2015 – 80 000 бала

25 жылдың ішінде барлығы 3 852 944  жасанды түсік жасалған.

Бұл деректерді бізге  Қазақстан Республикасының «Гендерлік теңдіктің дамуына» байланысты сараптаманың құжаттары көрсетіп отыр. Ащы болса да шындық сол – қолдан түсік жасау қоғамды қорқытатын қалыптан шығып, жай өмірдің заңына айналып барады.

Түсіктің де түрі көп екен. Оның бірі медициналық жолмен, операция арқылы жасалатын түсік. Былайғы күнде айтыла бермейтін, тек дәрігерлер арасындағы ащы шындықтың бірі – жүкті әйелдің жатырын мүлдем алып тастау немесе тігіп, бекітіп тастау. Сорақысы сол - оны қыздарымыздың өздері де білмейді, яғни жатыры жоқ екендігінен хабарсыз жүре береді. Жастығында көгалды қуып гөләйттап жүріп «көтеріп», оны көптен жасыру үшін осындай қадамға баратындардың көбісі кейін отбасылы болғанда бала көтере алмай жатады. Мамандардың айтуынша, 23-30 жастағы келіншектер арасында бала көтере алмай жүргендер көп. Себебін анықтағанда жас кезінде түсік жасатқан. Жатырын алып тастағандықтан түсік жасатушы ана атану бақытынан біржолата айырылады екен.

Демек, бүгінде біздің ортамызда дәл осындай 4 миллионға жуық жатырсыз жандар жүр. Бұл ұлт үшін үлкен қасірет, індет. Мұндай жүректі сыздатар мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өкінішке орай, түсік жасатқан 4 миллион қыздың арқайсысының артында адам тағдыры, ұлт тағдыры тұр. Дабыл! 

Түйін: Біз көтеріп отырған тақырыпты кейбір ағайын қабылдамауы мүмкін. "Некесізден, шатадан жаралған ұрпақ ұлт санатына қосыла қоймас" деп. Әйтсе де, түсік жасатқанның бәрі көлденең жүрісті "көбелектер" болмаса, қайтер едіңіз? Тұрмыстың төмендігі, денсаулықтың нашарлығы себеп болып та кейбір жас әйелдер жасанды түсікке баруы мүмкін ғой. Соны ескерсеңіз, іштен тынасыз. Шіркін, сол 4 миллион сәби аман-есен өмірге келгенде, бүінде санымыз 20 миллионнан асып отырады екенбіз...

Нұрзат Тоғжан 

Abai.kz

0 пікір