ШОЛУ: РЕСЕЙ ӘЛЕМДІ БИЛЕЙ МЕ?..
Бұл жолғы Қазақстандағы орыс веб-сайттарына шолудың алдында ақпараттық кеңістік үшін маңызды бір мәселені айта кеткен жөн. Президент Н.Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, әңгіме барысында Қазақстандағы БАҚ-тың сапасын көтеру, интернетке көңіл бөлу және БАҚ-тың мемлекет мүддесіне қызмет етуін жүзеге асыру қажеттігін айтты. Мемлекеттік және ұлттық мүддеге БАҚ-тың қызмет ету мәселесіне келгенде, елдегі ақпараттық кеңістіктің екіге бөлінгені әмбеге аян...
Сонымен,
NUR.KZ: «Ванга предсказала войну после распада Евросоюза» (Ванга Еуродақтың құлауынан кейінгі болатын соғысты болжаған) деген тақырыппен әйгілі көріпкелдің Еуропа мен Ресейге қатысты болжамдарын The Sun ағылшын басылымына сілтеме жасай отырып, жазыпты. Онда көріпкел Ванганың болжап кеткеніндей 2016 жылдың аяғына қарай Еуропа одағы жойылады-мыс. Тіпті террористік топтар Еуропа химиялық қару қолданып, мұның аяғы 2043 жылы орталығы Рим қаласы болатын Еуропадағы халифат құрылуымен аяқталатын көрінеді. Дегенмен, көріпкел адамзатқа үміт сәулесін тастап, өркениетті құтқарушы Ресей болатынын айтыпты. «Ресейді ешкім тоқтата алмайды. Жолында кесе көлденең болғанның бәрін тазалап, өзін сақтап қана қоймай әлемнің билеушісіне айналады» депті Ванга.
RATEL.KZ: Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күніне орай, ratel.kz веб-сайтының бас редакторы Марат Асипов «День работников коммерческого секса» (Коммерциялық жыныстық қатынас қызметкерлерінің күні) деген тақырыпта мақала жариялапты. Автор журналисттер мерекесі деп аталатын күн туралы айта келіп: «... бізді ең көне екінші мамандық иелері деп айтады. Егер біз ең көне екінші мамандық иесі болсақ, неге бірінші көне мамандық туралы айтпайды?» деп сауал тастайды да елдегі жезөкшелікті айта отырып, Қазақстанның экономикалық, саяси жүйесін, қоғамдағы жемқорлықты, әлеуметтік мәселелерді, елдегі қанау жүйесін сынайды. Автор мақаласын: «Өйткені, Отанды күнде саудалағаннан тәніңді сату адал күн көру сияқты көрінеді», - деп аяқтайды.
INFORMBURO.KZ: «Нурсултан Назарбаев рассказал о своём бунтарском выступлении в эпоху Кунаева» (Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қонаев дәуірінде өткір мәлімдеме жасағаны туралы айтты) деген тақырыппен «Елбасы» атты жаңа деректі фильмнен үзінді келтірген. Онда Н.Назарбаев: «Баяндама экономиканы басқарудағы үлкен кемшілік және қызмет дәрежесіне қарай бұл салада салақтық танытқандар туралы нақты дәлелдер болды. Бірақ менің айтпасыма болмады. Маған да ауыр болды» деп Қонаев дәуіріндегі советтік Қазақстан билігіндегі бір сәтті есіне алып: «Жалпы, мемлекеттегі кез келген реформа реформатор үшін қауіпті» деген ойымен естелігін аяқтаған.
MATRITCA.KZ: журналист Нәзира Дәрімбеттің саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиевамен жасаған сұхбаты осыдан екі аптадай уақыт өтсе де әлі талай уақыт өзектілігі мен маңыздылығын жоймайтын сияқты. Себебі, сұхбатта Қазақстанның ақпараттық кеңістігі тұтастай әрі жан-жақты терең талданған. "Единое информационное пространство - угроза нацбезопасности Казахстана" (Бірыңғай ақпараттық кеңістік – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп) деген тақырыппен шыққан сұхбатта ЕАЭО негізінде Бірыңғай ақпараттық кеңістік құру туралы Ресей президенті В.Путиннің Астанадағы кезекті жиында айтқан бастамасына қатысты саясаттанушының ойымен басталып, елдегі БАҚ және ақпараттық кеңістіктің өзекті мәселелері сөз болған. «... Сондықтан бұл идея Ақорданың өзінен шықты ма деген болжамды жоққа шығармаймын. Және бұл батыс елдері бұқаралық ақпарат құралдарының елдегі қоғамдық пікірге ықпалын азайту мақсатындағы Қазақстан басшылығының өтініш болса керек» дей келе «Билік санасатындай және басшылыққа алатындай, БАҚ-қа өз ұстанымын, өз құқығын, өз қызметін нақтылау керек» екенін де айтады.
Шолу жасаған – Нұра Матай
Abai.kz