ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕСІНЕН БАТУЫ - СҰЛТАНОВ КАРЬЕРАСЫНЫҢ СОҢЫ МА?
Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2016 жылдың 1 қаңтарында ЖІӨ 21,6 пайызын құрады,-деп хабарлайды «ҚазАқпарат» порталы.
Кеше халыққа есеп берген ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай деп мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, борыштарды басқару ел бюджетінің маңызды орнықты параметрлерінің бірі болып табылады. «Осы бағытта халықаралық тәжірибе бойынша қарыздың қауіпсіздігін білдіретін шекті мән белгіленген. Осыған сәйкес мемлекеттік қарыз ЖІӨ 60 пайызынан аспауы керек, ал оны төлеу мен пайыздарын жабу бағытындағы атқарылатын қызмет бюджет кірісінің 15 пайызынан аспауға тиіс. Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2016 жылдың 1 қаңтарында ЖІӨ 21,6 пайызына тең болды, ал оған қызмет көрсету 9,8 пайыз. Өздеріңіз көріп отырғандай бұл шекті мәннен әлдеқайда алыс», – деді министр.
Министр мырзаның айтуына қарағанда, «Мемлекеттік қарыз» рейтингінде Қазақстан 134 елдің арасында 12 орында тұр. «Әрине, борыштық басқару мәселесі ұдайы бақылауда және ағымдағы бюджеттік тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта тапшылықты қысқартуға бағытталған жұмыстар атқарылатын болады», – деді Б. Сұлтанов.
Өткенде экс-спикер Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалық етуімен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар қарыз мәселесіне қатысты Кәрім Мәсімов мырзаның командасын сұрақтың астына алып, берешегі көп Қазақстанның келешегіне алаңдаушылық білдірген-тін.
Ресми дерктерге сүйенсек, еліміздің сыртқы қарызы 145 млрд. доллар болса, оның 40 миллардттан астамы мемлекеттің берешегі екен. Бұл — үлкен сома. Сондай-ақ, Қаржы министрі Сұлтановтың сөздеріне сенсек, нақты мақсаттарға бөлінген қазына қаржысының 7,8 млрд. теңгесі тағы игерілмей қалыпты. Демек бұл соманың да діттеген мақсатына жетпей, орта жолдан ойрандалғаны ма? Мұны азсынсаңыз, былтыр 1,6 трлн. теңгенің заң бұзушылықтарына жол берілген көрінеді. Мұның көлеңкесінде жалған кәсіпкерлік тұруы да әбден мүмкін екенін сол кезде депутаттардың өздері айтқан еді. Мәселен, былтыр 300 млрд. теңге заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылыпты. Ал былтыр Мемлеетіміз бюджет тапшылығын жабу үшін шетелден тағы да 1,1 трлн. теңгеге жуық қаражат қарызға алыпты. Миллиардтаған сомаға халық қаражаты тиімсіз, талан-тараж болса, онда лауазымды адамдар тек тәртіптік, әрі кетсе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы дұрыс па?
Біздің шенеуніктердің «жалы күжірейіп» жүретіндіктен, оларға «арық атқа қамшы ауыр» деп айту қисынға келмес. Дегенмен «бәрі керемет» деген сөзге семіріп, босаңсып кеткендерін жөнге салатын кез келді емес пе? Қазақстан – «қарызстанға» айналып кетпей тұрғанда, бюджеттің жыртығын жамау үшін сырттан қарыз алғанды доғару керек. 11 жылды оңдырып жұмыс жасамаған Кәрім Мәсімов командасына сенімсіздік білдіру керек!
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz