АЛАШ ПАРТИЯСЫ: «ХАЛЫҚТЫ ДІНИ ФАНАТИЗМНЕН САҚТАУ КЕРЕК»
Дархан даламызды, аңғал да адал ниетті халқымызды, ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді мақтан етіп, азды-кемді кемшіліктеріміз уақыты келе түзелер деп, болашаққа керемет сеніммен қарап жүрген жұрт едік. Елдегі кейбір кемшіліктер – тіл, рушылдық пен жершілдік, жемқорлық сияқты дүниелер еді. Осының өзі кәдімгідей үлкен проблема болып көрінуші еді. Кейінгі қоғамды дүр сілкіндірген жағдайлардан кейін әлгі проблемалар қалыпты жағдайдағы, күнделікті өмірдегі бола беретін болмашы дүние деңгейінде қалып қойды. Сөйтсек, проблеманың атасы басқада екен.
Келмеске кеткен кеңес заманындағы атеистік көзқарастан алыстап, Алаш баласы Алланы тани бастады деп, бір қуанғанымыз бар. Арақ пен шылымнан, қылмыс пен басқа да жаман қылықтардан арылып, маңдайы сәждеге тиген қазақтың қарасы көбейгені көңілге жұбаныш болғаны жасырын емес. Елде мешіт пен медресселер көптеп салынып, иманды жастардың беті бері қарай бастаған еді. Осы уақытта жақсы мен жаманның қатар жүретініндей, жат ағымдар да лап қойып, керегемізді іргелей орын теуіп алды. Мемлекет қаншалықты сараптама жүргізгені бізге беймәлім, біраз дінді тіркеп, жұмыс істеулеріне жол ашып берді. Олардың ішіндегі мысықтілеу миссионерлердің жолдары болып, діннен сауатсыз, оң-солын танып үлгірмеген жастарды және тұрмысы тұралап, ақшаға мұқтаж болып жүргендердің барлық дерлігін қақпандарына түсірді. Осылайша, дін атын жамылған жалмауыздар қарға тамырлы қазақты қырыққа бөліп, жолынан тайдырды, қадірін қашырды. Билік өз қатесін өзі түземекке бел буып, олардың біразымен күрескендей болғанымен, онысынан пәлендей ештеңе шықпады. Кейіннен кеш болса да кейбір дәстүрлі емес діни топтарды қудалап, олардың емін-еркін үгіт-насихат жасауларынан тыйғанын айтуға болар. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі Ислам дінін жамылғандары болып шықты. Қазақша айтқанда қой терісін жамылған қасқырлар қас қылған заман туды. Дана халқымыз «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында», «Іштен шыққан жау жаман» деп, ескертіп отыратын жылқы мінезді өте секемшіл жұрт қой. Бір кездері діннен хабары бар ағаларымыз вахабит, сәләфит және осы сияқты тағы басқа ағымдардың қауіптілігін айтып, байбалам салғанда ешкім құлақ аспаған еді. Сол кезде ашылмай қалған ақиқаттар Ақтөбеде қайғылы оқиғамен әшкере болды. Өкінішті әрине...
Намаз оқымағандардың бәрін кәпірге шығарып, ата-анаға баланы қарсы қойып, мешіт имамдарын мойындамау сияқты Ислам шариғатының ешбір үкіміне сай келмейтін ұғым-түсініктермен адастырып, ел арасына іріткі салатын ібілістер көбейді. Намаз оқитын, Исламның тура жолын ұстанатын адамның жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы болуы керек емес пе еді. Ондай адамның киім киісі мен жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі ғибрат аларлық болмас па еді. Сақалды бей-берекет өсіріп, шалбар балағын шолтита шорт қиған немесе пәкістандықтардың киіміне ұқсас, қоғамға жат киімдер кию, тіпті әйелдерінің тұла бойын түгел қара матамен тұмшалап алуы қай қазақтың таным-түсінігінде немесе киім үлгісінде бар еді. Қабақтары қатулы, қимылдары шалт, саяқ жүрісті келетін сәләфит ағымындағыларды нағыз дін адамы деп тану өте қиын. Солардың бәрі әрі-беріден соң өзіміздің қара көз бауырларымыз ғой. Өз бармағыңды өзің кесуіңе тура келеді, егер кеспесең, оның уыты тұла бойыңа бірақ жайылып, бүкіл ағзаны жансыздандырмақ. Бір қиын жері де осы. Алла Тағала сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдім демеді ме. Яғни, әр ұлттың географиялық орналасқан жеріне, мемлекетіне, заңына, салт пен дәстүріне, әдет-ғұрпына сай өзіндік кешенді мәдениеті бар ғой. Неге сол заңдылық бұзылып, арабшылдық, вахабиттік немесе сәләфиттік болып өзгеруі керек. Қазақтың дәстүрін бидғат деп күстәналауға қандай құқықтары бар. Жол ортадан бүкіл халықтың атына пәтуа шығаратындай кім еді олар?! Олардың түпкі мақсаттары не? - деген сұрақтың жауабын іздеп көретін болсаң, ұйқың қашады. Еліміздің ертеңі қалай болады, балаларымыздың болашағы не болмақ, ұлт ретінде құндылықтарымызды сақтап қала аламыз ба, әлде жоқ па, деген күмәнді сұрақтар сейілер емес.
Бір кездері бақылауды босаңсытып алған кезде-ақ сырттан келіп азаматтарымыздың санасын улап үлгерген олар, жыл сайын қатарларын көбейтіп, тіпті халық соңына еретін шешен тілділер мен қолында әжептәуір билігі бар тұлғаларды тура жолдан тайдырып, өз халқына қарсы қойды. Сөйте-сөйте біртіндеп билік баспалдағына шықты. Оларды қаламымен қуаттап отыратын журналистерді де қармақтарына іліпті. Енді қараңыз, олар билікте бар, ықпалды бұқаралық ақпарат құралдарында отыр, тіпті халыққа сөзі өтетін азулы ақындар мен ел алдында жүрген әншілердің арасында да сәләфиттік бағытты ұстанатындар пайда бола бастапты. Әлеуметтік желіде өздерін ашық сәләфилерміз деп айтудан да тартынбайтындардың қатары төбе көрсете бастады. Яғни, олар қылмыстары ашылып қалғаннан кейін аяқ тартып отырған жоқ, керісінше өршеленіп тұрғанға ұқсайды. Сөз жоқ, бұл сырттан құйылып жатқан қыруар қаржының буы болса керек. Сонда радикалды діни ағымдардың осылайша еркін тайраңдауын тыятын құзырлы органдарымыздың оларға шамасы келмегені ме? - деген ой мазалайды. Егер, олардың шамасы келмесе, жағдайымыз тым мүшкіл екен. Балақтан өріп басқа шыққан биттермен күресетін қауқарлы қазақ қалды ма өзі? Президенттің өзі де Ақтөбедегі жағдайдан кейін мұны сәләфиттердің ісі екенін айтып, олармен күресу керектігін мәлімдеген болатын. Ендеше билік бұлармен қалай күреседі, әуелі күресуге қауқары бар ма? Бұл сұрақтың нақты жауабын әзірге ешкім білмейтіндей көрінеді. Кешегі Алаш партиясының 10 бөлімнен тұратын бағдарламасының бірінде «Халықты діни фанатизмнен сақтау керек» деген бөлім бар. Дәл сол кезде діни фанаттардың қаншалықты болғынын білмеймін. Бірақ, алаштықтар бағдарламаны бір немесе екі жыл үшін жасамағаны анық. Менің ойымша, олар болашақ ұрпақ үшін, біз үшін дайындаған сияқты. Біздің билікте өткенге шолу жасап, кешегінің кемеңгерлері қандай мемлекеттік бағыт ұстанғанын назарға алар болса, алаштықтардың айнытпай айтқанын алатын еді. Олардың осындай сақтық шараларын бекер жасамағанын аңғарып, соған орай сараптама жүргізіп, бір тұжырым жасайтын еді. Бірақ, Алаш десе ат тонын ала қашатын кәмүнистік идеологияның тас милары ондайды қайдан ойласын? Қош. Енді қайтпек керек, сол маңызды.
Қанат Тұрар
Abai.kz