Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 5924 0 пікір 20 Маусым, 2016 сағат 12:51

«ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕ ЖАТЫР» — ШЕТЕЛДІК БАҚ

Инвестиция салуда Қытайдың көздегені Ресей емес, Қазақстан болып шықты. Бұл туралы Die Welt неміс газетінің шолушы тілшісі Эдуард Штайнер жазады», — kaz.365info.kz

 «Ресей президенті Владимир Путиннің санкциядан соң Еуропамен ат құйрығын айырысып, Шығыспен, онда да Қытаймен одақтасамыз деуі сандырақ болып шықты. Қытай алдына екі санын шапақтап келген Ресейді масқара қылып „теріс айналдырып„ жіберді. Осылайша Пекиннің бүйірі Ресейге емес, Қазақстанға бұрып кетті» дейді ол.

Сондай-ақ мақалада Еуразиялық даму банкінің бас экономист маманы Ярослав Лисоволик алға тартқан мәлімет мысалға келтіріледі.

Мысалы, Қытайдың 2015 жылы ТМД елдеріне салған 27 млрд доллар тікелей инвестициясының тек 3,4 млрд доллары ғана Ресей еншісіне бұйырды, ал қалған — 23,6 млрд доллары бүтіндей Қазақстанға кеткен. Демек, Қытайдың көздегені Ресей болмағаны анық.

Неміс газетінің шолушы тілшісінің пікірінше, Ресейге әріптесінің өзі де сенбейді. Ал қытайларды Қазақстанның қазба байлығы мен тауарларын қазақ жері арқылы тасымалдау үшін жолдар мен оның құрылысы қызықтырады деп жазады ол.

Демек, қомақты инвестиция салып үлгерген Қытай біз қаласақ та, қаламасақ та Қазақстанға келетін болады.

Әрине, Ресей қызыққан шетел инвестициясын Қазақстанның өзіне „тартып„ кеткені жағымды құбылыс. Ол ел экономикасын қарыштатуға үлкен серпін берер еді.

Бірақ сол инвестицияның мақсатты жұмсалатындығына бізде күдік пен күмән көп қой. Кеше ғана түйені түгімен жұтатындар жайғасқан Үкіметтегілердің 8 милллиард (!) теңгені игермей тастағаны белгілі болды.

Ал ол ақшаға ойдым-ойдым қаншама жолды, қақырап тұрған қаншама мектеп пен аурухананы жөндеп алуға болар еді. Бюджеттің теңгесін пайда көріп, оған көз салып отырғандар миллиардтап сырттан келген долларға қалай ауыз салмасын?! Бұл — біріншіден.

Екіншіден, бейбіт еліміздің тыныштығын бұза бастаған да осы Қытайдың ақшасы сияқты.  Өйткені ел ішін тұрақсыздық жайлай бастағанда инвесторлар өз қаржысын алып, кері кете бастайды. Әрине, оларға мол капиталдың жұмыссыз жатқаны тиімсіз, сондықтан оны басқа жерге барып салады. Сондықтан Қытайдың Қазақстандағы инвестициясына да қызғана қарап, сілекейі шұбырып отырған сырт көздер баршылық.

Онсыз да премьер-министр Кәрім Мәсімов жуырдағы үкімет отырысында кейбір шетелдік инвесторлар Ақтөбедегі оқиғаға байланысты Қазақстанға салған инвестициясы үшін қобалжу білдіріп жатыр деп мәлімдеген еді ғой. Демек, соның бірі Қытай инвесторлары болуы бек мүмкін.

Үшіншіден, қазір саяси элитаның өз ішінде тартыс жүріп жатыр. Оны жоғары шенділердің бірінен соң бірінің сотқа тартылып жатқанынан-ақ байқауға болады. Соған қарағанда іште де Қытай ақшасына «әркімнің бар таласы» сыңайлы. Осы жағынан алғанда, жер мәселесі деп даурығып жүргендерді, шынымен де біреулер қолшоқпар қылып пайдаланып кетуі ғажап емес.

Төртіншіден, мұндай жайттан халық мүлде тыс қалуға болмайды. Елбасы құрып берген Жер туралы комиссияны диалог алаңы ретінде пайдаланып, ұсақ-түйекпен өзара қырқыспай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өзіндік сауатты позициясын айқындап, соны соңына дейін жеткізіп, табандап тұруы керек. Сонда халық ұтылмайды…

Камшат Сатиева

kaz.365info.kz


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454