ИЛЬЯ ИЛЬИН: ОЛИМПИАДАҒА БАРУ ҮШІН СОҢЫНА ДЕЙІН КҮРЕСЕМІН
Екі дүркін Олимпиада және төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды NUR.KZ.
“Бүгінгі ақпаратты естіп мен шалқамнан түсе жаздадым. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережеcіне сәйкес, мен туралы барлық ақпарат “ADAMS” халықаралық жүйесінде тіркелген. Онда менің әрбір сағатыма дейін жазылып тұр. Бұдан бөлек, менің жаттығудағы және жаттығудан тыс уақыттарым да көрсетілген. Мен допингке қарсы Агенттік өкілдері үшін үнемі ашық болдым, биылдың өзінде Польшада және Алматыда екі рет допинг сынама тапсырдым. Өздеріңіз білесіздер, бірде бір халықаралық жарыс допинг-сынамасыз басталмайды. Мен спортшы ретінде 2004 жылдан бері допинг сынама тапсырып келемін. Нәтижесі үнемі теріс болып шығатын. Мен Риодағы Олимпиадаға дайындала беремін және соңына дейін күресетін боламын. Спорттағы басшылар да білек сыбана кірісті, маусымның ортасында нәтижесі белгілі болып қалар. Олимпиадаға қатысуға өтінім беру үшін шілденің ортасына дейін уақытым бар. Маған қатысты шешім қалай қабылданса да, мен өмірімнің 20 жылын күніне 3 мәрте жаттығумен, таза еңбекпен спорт залда өткізгенімді айтқым келеді. Мен өз халқымның алдындағы жауапкершілікті үнемі сезініп, тек жеңіс үшін күрестім. Осы уақытқа дейін сіздер мені қолдап келдіңіздер. Қазір де сіздердің демеулеріңізге сүйенемін. Сіздердің Ильяларыңыз”, – деп жазады ауыр атлет.
Еске сала кетейік, шетелдік БАҚ Илья Ильиннің допинг қабылдағанын хабарлаған болатын. Бүгін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Илья Ильин бастаған қазақстандық 4 ауыр атлетті уақытша жарыстан шеттеті.
Допинг қабылдағандар қатарында Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло бар.
Abai.kz