ТМД КӨЛЕМІНДЕ БІЗДЕН БАСҚА ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ЖОҚ ПА?
Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жинап, еңсемізді тіктегенімізге ширек ғасырдан асса да, өз кезегінде өзге мемлекетке бодан болғанымыздың негізгі куәсі ретінде "Қазақстан" атауымен "тәуелсіз" анықтамасы қатар қолданылып келеді. Айдай әлемді аузына қаратқан алпауыттардың да, күні кеше ғана бодандықтан арылған өзге мемлекеттердің атауына да мұндай анықтама сөз таңылған емес. Неге Ресей Федерациясы "Тәуелсіз Ресей" немесе Ресей мен қатар Еуропа елдерінің езгісінде болған Қытай "Тәуелсіз Қытай", АҚШ-тың ықпалында болған Жапония "Тәуелсіз Жапония" деп аталмайды? Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін азаттық алған Африка елдерінің атауында неге "Тәуелсіз" сөзі жоқ? Оны айтасыз, КСРО-ның бодандығынан босаған кешегі "бауырлас" елдің қайсысы өзін "Тәуелсіз Армения", "Тәуелсіз Әзірбайжан", "Тәуелсіз Өзбекстан" ,т.б. атап жүр? Жалпы ТМД көлемінде бізден басқа "Тәуелсіз" атанып жүрген ел бар ма өзі? Ресейге ешқашан тәуелді болмаған сияқты, баяғыдан азат, баяғыдан бостан ел сияқты олар. Тек біз ғана... "Тәуелсіздік" сөзіне тас кенедей жабысып алғанбыз.
Иә, азаттық талай шейіт болған бастың, төгілген жастың есебінен келген ардақты ұғым. Бірақ, ол сөз "басын изесе де, тізесін бүкпеген" ұлттың өз шаңырағында отауы ортасына түскенін, екі жүз жетпіс жыл бойы "көрші" елдің уытын бойына дарытып келгенін айғақтайтын дүние болмауы тиіс.
Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Cалтанат Шынәділ
Abai.kz