ҚР Үкімет басшысы әлем экономикасындағы жаһандық жаңа трендтерді атады
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер
палатасының ІІІ съезі кезінде болашақта әлем экономикасын өзгерістерге ұшыратуы
мүмкін негізгі жаһандық трендтерді атады.
«Мен өте көп нәрсені өзгерте алатын негізгі үш
тренд бар деп ойлаймын. Біз сіздермен алдағы 10 жыл ішінде дәстүрлі емес
көздерден, бірінші кезекте күннен алынған электр энергиясының құны ең кемінде
көмірсутектерден алынатын электр энергиясының құны деңгейінде, мүмкін, тіпті,
одан арзан болатын болады деп ойлаймын. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде
электр стансасын кім салатынына тендер өткізген, ал мемлекет бірден бір сатып
алушы болады. Бізде де бірыңғай сатып алушы оператор құрылуда, ол 2019 жұмыс
істей бастайды. Мұндайда электр энергиясының құны 3 центті құрайды, бұл мүлдем
басқаша баға», - деді К.Мәсімов.
Сонымен қатар Премьер-Министр күн батареялары
нарығының қарқынды дамуы мен автомобиль құрастыру саласының өзгергенін атап
өтті.
«Австралияда, АҚШ-та жаңа пластиналар, күн
батареялары пайда болып жатыр, оларды үйлердің шатырларына қоюға болады – бұл
бірінші мәселе, екінші мәселе – жаңа
технологияның көмегімен үйдің жертөлесіне жаңа батарея қоюға болады, яғни үй
сыртқы көздерден энергия алуға тәуелсіз болады, мұның нәтижесінде электр
стансаларында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта басқа да өзгерістер орын
алады. Бұл біздің елімізде 10 жылдан кейін емес, 15 немесе 20 жылдан кейін болса
да, бұл біздің экономикамыздың бүкіл құрылымына қалай ықпалын тигізеді?!
Дамитын үшінші бағыт — бұл автомобиль жасау
саласының өзгеруі. Қаласақ та, қаламасақ та, автомобиль басқаша болады. Қазір
біз бір елден кейін бір елдің дизельдік автомобильдерден бас тартып, батареямен
жүретін автомобильдерге көшу туралы шешім қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Бұл
орын алған жағдайда, не істеуіміз керек, мұнай өндіретін зауыттар бойынша,
біздің дәстүрлі автомобиль жасау бойынша шешімдер қалай қабылдауымыз керек?
Бұған дейін әлі уақыт бар сияқты, бірақ 10-15 жыл дегеніміз жылдам өте шығады,
сондықтан біз біріге отырып осы сауалдарға жауап табуымыз керек», - деді
К.Мәсімов.
Абай-ақпарат