К.Мәсімов: Ақтөбедегі жағдай толық бақылауға алынды
Ақтөбеде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңес алдында Кәрім Мәсімов 5 маусымда лаңкестер шабуылына ұшыраған 6655 әскери бөлімшесінің қасында гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, қаза тапқан ақтөбеліктерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Жуырда елімізде қайғылы оқиғалар болды, оның салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер ажал құшты. Біз қаза тапқандарды аза тұтамыз және өз халқын қорғаған әскери қызметкерлердің батырлығын мақтан етеміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бейбітшілік пен келісім – біздің мемлекетіміздің ең маңызды құндылықтарды», - деді Премьер-Министр.
Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша облыстық ҰҚКД және ІІД басшыларының баяндамаларынан соң Кәрім Мәсімов жиынды қорытындылады:
«Жағда й толығымен бақылауға алынды, террористер ауыздықталды. Аймақтағы қауіпсіздік қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар орындалды. Енді қаланы бұрынғы қалпына келтіріп, әлеуметтік мәселелерге, жұмыспен қамтуға, жастар саясатына, кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлген маңызды».
Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Дәл осы күні Кәрім Мәсімов теракті салдарынан қаза тапқан ақтөбеліктердің отбасыларымен кездесіп, оларға көңіл айтты. Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы Ақтөбедегі жедел медициналық жәрдем ауруханасын барып, жараланған азаматтардың көңілін сұрады.
Абай-ақпарат