Мұхаң мен Сәбең
Ауызекі сөзде дабырасы көп, солай болған екен, бүй депті, сүй депті деген ыбыр-сыбыры мол, ұзақ уақыт әдеби ауанға, тіпті пенделік ниетке түрткі салып, мұхтаршыл, сәбитшіл топтың пайда болуына себепші болған айрықша мәнді қарым-қатынастың сырын ашуға бел байлап отырмын. Мұндай тақырыпқа барудың оңай еместігі қазір кейбіреулерге қисынсыз да болып көрінер. Алайда, өмір сыбағасын орнына қою мақсатын көздесек шындықтың удай ащылығына қарамай ашық айтатын заман келді. Оны жасамасаң әдейі бұрмаланған, саналы түрде берекесі қашырылған өмір шындығын біле алмай қателікке ұрынамыз.
Мен бұл мәселені әңгімелегенде өзімнің дерекке, құжатқа сүйенетін әдетіме бақпақпын. Ұлылардың ет жақыны болмасам да біраз уақыт қастарында болып, ақылдарын тыңдаған, іс-әрекеттерін көзбен көрген кекселігімді де аңғартпақпын.
Қазақ әдебиеті мен ғылымы тарихында Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов екеуінің арасындағыдай шиеленіскен қарым-қатынас басқаларда жоқ десе де болады. Қайсыбіреулердікі кезеңдік дыз етпе болып, ертеңіне ұмытылып жатса, бұл ұлылардың әңгімесі күні бүгінге дейін созылуда. Менің айтып, жазғанымнан бәрі жөнге түседі деп дәмеленбеймін. Алайда, пыш-пыш әңгімелердің отын өшіруге, әдейі жасалатын қадамдардың тыйылуына себі тисе адами міндетімді орындадым деп марқаяр едім.
Ауызекі сөзде дабырасы көп, солай болған екен, бүй депті, сүй депті деген ыбыр-сыбыры мол, ұзақ уақыт әдеби ауанға, тіпті пенделік ниетке түрткі салып, мұхтаршыл, сәбитшіл топтың пайда болуына себепші болған айрықша мәнді қарым-қатынастың сырын ашуға бел байлап отырмын. Мұндай тақырыпқа барудың оңай еместігі қазір кейбіреулерге қисынсыз да болып көрінер. Алайда, өмір сыбағасын орнына қою мақсатын көздесек шындықтың удай ащылығына қарамай ашық айтатын заман келді. Оны жасамасаң әдейі бұрмаланған, саналы түрде берекесі қашырылған өмір шындығын біле алмай қателікке ұрынамыз.
Мен бұл мәселені әңгімелегенде өзімнің дерекке, құжатқа сүйенетін әдетіме бақпақпын. Ұлылардың ет жақыны болмасам да біраз уақыт қастарында болып, ақылдарын тыңдаған, іс-әрекеттерін көзбен көрген кекселігімді де аңғартпақпын.
Қазақ әдебиеті мен ғылымы тарихында Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов екеуінің арасындағыдай шиеленіскен қарым-қатынас басқаларда жоқ десе де болады. Қайсыбіреулердікі кезеңдік дыз етпе болып, ертеңіне ұмытылып жатса, бұл ұлылардың әңгімесі күні бүгінге дейін созылуда. Менің айтып, жазғанымнан бәрі жөнге түседі деп дәмеленбеймін. Алайда, пыш-пыш әңгімелердің отын өшіруге, әдейі жасалатын қадамдардың тыйылуына себі тисе адами міндетімді орындадым деп марқаяр едім.
Менің үстелімнің үстінде "Әуезов үйі" ғылыми-мәдени орталығының 1997 жылы шығарған "М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі" деген 766 беттік қалың кітап жайылып жатыр. Одан басқа да Мұхаңа арналған еңбектер кітап сөресінде тізіліп тұр және бәрі де оқылған, қажетті кезінде пайдаланылып отырылады. Сонымен қатар, 60 жыл архивтен жинаған еңбектерім де қасымда. Мұны мақтан үшін емес, шындықты айтатын әдетімнің дәлелі және кейбір еңбектерде саналы, кейде білместіктен ескерілмей қалған шындықтарды бұрмаламай пайдаланайын деп отырмын.
Сәбит Мұқанов жетімдіктің бар тақсіретін тартып ес жиған, етек жапқанда қатарға тұрып, қазан төңкерісі кедей-кепшікке, жетім-жесірлерге, халықтың 90 пайызына жақсылық әкеле жатыр, бай-манап, бишікештердің сілікпесін шығармақшы деген үгіт-насихатқа сеніп, большевиктердің айтқанынан шықпаған, ұрандатқан, дауылдатқан, осы ісім қате емес пе деп күдіктенбеген, бәрін де халқым үшін істеймін деп айылын жинамаған адам болғаны әмбеге аян. Артық айтқанын, кем соққанын ұққан тұста елден бұрын өзі мойындап отырған пенде де Сәбит Мұқанов. Тура жүріп келемін, қателікке ұрынып жатқан жоқпын ба деп бір сәт күдіктенбеген адамдар болса, соның біріншісі Сәбит Мұқанов болғанын дәлелдеп жатудың тағы қажеті жоқ.
Ал Мұхтар Әуезовке келгенде уақытпен үндес болған сәттерін жиі көреміз де, әрқилы қисындарды айтқызған тұстарға кезігеміз. 1932 жылға дейінгі Мұхаң өмірбаянына көз салсақ Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірмей жатып, 1918 жылы көктемде Омбы қаласында өткен жас алашшылдардың жиынына қатысып, сөз сөйлеуі, "Жас азамат" газетін шығарысуға қатысуы, "Абай" журналы мен "Сарыарқа" газетіне ұлтжандылық сипаты басым мақалалар жазуы, 1919 жылдың қараша айынан 1923 жылдың наурызына дейін ВКП (б), яғни коммунистік партияның мүшесі болуы, 1919 жылы 20 желтоқсанда Семей ревкомының инородческий подотделінің бастығы болып тағайындалуы, одан 3 күн бұрын "как члены организация "Алашорды": Ермеков, Ауезов и Дюсебаев" үшеуінің ревком отырысына қатысуы, губревком мен губбюроның 1920 жылғы 20 шілдедегі отырысында Қазақстан Советтерінің сьезі жақындап қалуына байланысты бұратаналар бөлімшесін бұратана бөліміне айналдырып, "Тов. Ауезова назначить завинотделом и членом губревкома совещательным голосом" деп шешті (Орысша жазылғандарды сол күйінде береміз және бұл кезеңге назар аз аударылып келеді). Содан кейін 1921 жылы Орынбордағы Советтердің бүкілқазақстандық ІІ съезіне қатысып, 1922 жылдан бастап үкіметтің салқын қабағын сезінді. Мұны білген соң желтоқсан айында Ташкентке келуге әрекет жасады. Партиялық есептен шықпай, партбилетін пошта арқылы Орынборға жіберіпті деген дерек те бар. Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметі тұсында, 20-жылдарда Ташкент қаласында қазақ зиялылары, әсіресе, алашордашылар саяси иммигранттар болды деген түсінік қалыптасқан-ды.
1922-25 жылдары Ташкент қаласында батыс алашордасының, яғни Ойыл уәлаяты өкіметінің көсемі Х.Досмұхамедов қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев сынды қайраткерлерге коммунистік партияның сегіз мүшесіне мінездеме бергенде, қазақтың ұлы азаматы Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге 1924 жылы 29 сәуірде жазған хатында "Политическое и духовное влияние над киргизским населением во Туркестане сейчас находится в руках алашординских деятелей. Они имеют тесную связь с заграницей." (Мәскеудегі РГАСПИ архиві, 17 қор, 85 тізбе, 77 іс, 244 бет.) деген деректі айы-күні түгіл, сағатына дейін баяндап отыруымның сыры Мұхтар Әуезовтің осы кезеңіне тиянақты көңіл бөлушілер аз және кейбір сәттер шежіреге түспей көлеңкеленіп қалғандары да жоқ емес.
Мұхаңның әуелі Ташкентке, соңынан Ленинградқа, кейіннен Ташкентке қайтып оралғанын мансұқтай айтқандардың бірі Сәбит Мұқанов болғаны белгілі. Ондағы негізгі тезис - байшыл, ұлтшыл, алашордашыл болды. Ол бетінен қайтқан жоқ деп қазақ әдебиетіне қосып жатқан ірі үлестеріне, айтулы шығармаларына мән берілмеді. Соның нәтижесінде, алаштың 44 қайраткері 1930 жылдың көктемінде Мәскеу түрмесінде тексеріліп, 13 адам ату жазасына, қалғандары әрқилы жылдарға сотталғаннан кейін қазақ зиялыларына екінші толқын соқты. Солардың алғашқысы болып, 1930 жылы 17 қыркүйекте Ташкент қаласында Мұхаң тұтқындалып, Алматы түрмесінде 1932 жылдың көктеміне дейін жатып, 3 жылға шартты сотталды. Сәкен мен Сәбит бұл соттардың бірде-біріне қатысқан жоқ. Жаздым, жаңылдым деп біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) Қазақстандағы өкілетті өкілдігіне Мұхтар Әуезов: "Я все же по существу оказался не в лагере революционных писателей Казахстана, а стал одним из националистически настроенных писателей. А этот путь обьективно вел к контрреволюции... Я в данный момент отношусь не только к своей прежней литературной позиций как литература, но даже осуждаю свои позиции и в области исследовательской деятельности как историка казахской литературы" (128-бет), дегені 10 маусым күні "Социалды Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінде даурықтыра жарияланды.
Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің Орынбор басында жанасқан сәттері тек жиналыстарда болмаса, дастарқан басында немесе көшеде серуендеген кездері байқалмайды. Тіпті өсек-аяңның өзі де еш хабар жеткізбейді. 20-жылдардың аяғында Сәкен Сейфуллин өзі басқарып отырған Ташкенттегі қазақ оқытушылар институтына (Казпедвуз) Мұхаңды мұғалімдікке қабылдаған болатын. Ал Мұхаң оқуын бітіріп кеткеннен кейін 1928 жылдың күзінде С.Мұқанов Ленинградқа барып, университетте бір семестр оқып, жергілікті жерде қызметкер аз деген шешіммен бір қыс "Кеңес ауылы" газетінде редактор болып, 1930 жылы Мәскеуге кетіп, 1936 жылы оралды. "ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті". І-бөлім (ұлтшылдық, байшылдық дәуір) деген кітабын 1931 жылы 28 cәуірде жазып бітіріп, 1932 жылы басып шығарады. Бұл кезде Мұхаң Алматының түрмесінде азап шегіп жатқан-ды.
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында алашшыл ақын-жазушылар туралы күні кешеге дейін, яғни тәуелсіздік келгенге дейін тек қарғау-сілеумен келген Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбектің творчестволық портреттерін алғаш оқулыққа, ғылыми зерттеуге айналдырған ғалым Сәбит Мұқанов екендігіне ешкім дау айта алмайды. Рас, пролетарлық диктатураның айбары мен әміріне сүйеніп, оңды-солды сілтегені, кейде бұрмалап, тырнақ астынан ұлтшылдық-байшылдық қана емес, Кеңес өкіметіне қастандық іздеп жазғаны да белгілі. Өйтпесе ол кітаптың шығуы екіталай еді, өйткені сен кеңес жауларына обьективті түрде насихат жасап отырсың деу қиын емес-тін. Ондай айыпты 1937 жылы естіді де, газет-журналда сыналып, партиядан қуылды, қызметінен босады.
Ал енді Мұхаңның шежіресіне қайтадан оралайық. Түрмеден шығып, зооветинститутта қызмет істеп жүргенде 1933 жылдың 21 ақпанында Мұхаң Сәбит Мұқановтан хат алыпты. М.Әуезов музейіндегі қолжазба қорындағы және Тұрсын Жұртбаевтың "Бесігіңді аяла" деген тарихи-ғылыми эссесінің 627-бетінде: "Мұхтар да, Сәбит те "ет қызуымен" айтылған пікірлерінен қайтып, қателіктерін мойындады. Сәбит Абайды қаралаушысынан насихаттаушысына, зерттеушісіне айналды. Мағжанды да, Мұхтарды да мойындады. Оған 1933 жылы 21 ақпанда Мұхтарға, 1934 жылы қарашаның 2-і күні Мағжанға жазған хаттары дәлел. Екі хатта да Сәбит пікір таластыра отырып ойын ашық айтады" (136-бет), деп сендіруі шындық. Құжаттар дәлелдейді.
Ал осыған дейін, яғни екеуі екі лагерьде жүрген кезде жазылған " ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті" монографиясындағы Мұхаң портретінде не жазылған екен, соған көз салайық.
Қандай мін тауып, коммунистік жала жапса да Сәбит ақындық, жазушылық күшін алғанда Мұхтар күшті жазушы дейді. "Тіл сұлулығының үстіне, Мұхтар кейіпкер жасауға шебер. Мұхтардың кейіпкерлерінің сыртқы көрінісі мен ішкі сезімі айқын көрініп отырады. Байшыл жазушылардың ішінде байлар тобының таптық кескінін оның кейіпкері арқылы көрсету ретінде Мұхтардан асқаны жоқ. Жазуға шеберлік жағынан пролетариат жазушыларына Мұхтардан үйренетін нәрсе көп" (С.Мұқанов. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Екінші басылым. 2008. 352-353 беттер.) деген қорытындының айтары мол, сездірері көп екені айдан анық.
1933 жылдың 21 ақпанындағы хаттың жалғасы көктем кезінде Ленинградтан отбасын Алматыға алып қайтқан Мұхаңның Сәбиттің Мәскеудегі жертөле жатақханасында түні бойына созылып, көз шырымын алмаған әңгімелері таусылмағанын Мәриәм Қожахметқызы жыр қылып айтып еді. Ал соның нәтижесі қалай болды?
1934 жылы 6 маусымда Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің сьезінде сөйлеген сөзінде Сәбит Мұқанов: "Тартыс", "Октябрь үшін", "Түнгі сарын" пьесаларын, тағы басқа бірнеше кеңес тақырыбына жазған әңгімелерінен кейін Мұхтарға күдіктенуге болмайды" (Социалды Қазақстан 6.6.1934), деп кепілдеме береді. 1922 жылдан 1937 жылға шейін Сәбит Мұқановтың айтқанына, жазғанына ел-жұрт қана емес, билеуші партия да, өкімет те құлақ қойғанын естен шығармайық.
Орталық партия комитетінің жанындағы Қызыл профессура институтынан 1935 жылғы жазғы каникулға келген Сәбит Мұқанов екі жарым жылдан бері Мұхаңның қолында жүрген әңгімелер жинағына редактор болатын адам шықпай жатқанда, сол "Ескілік көлеңкесінде" жинағына қысқаша алғысөз жазып, жауапкершілігін көтергені үшін 1937 жылдың қызылкөздері Қазақстан жазушыларының партия жиналысында " С.Мұқанов Әуезовтің кеңеске қарсы әңгімелерінің ("Қилы заман", "Қараш-қараш") жинағын өзінің редакторлығымен жарыққа шығарғандығы" үшін айыпталды.
Бұл аз болса, Мұхаң мен Сәбең 1935 жылы 20 қарашада оқу халық комиссары Т.Жүргеновке орыстың атақты композиторы Б. В. Асафьевке қазақ операсын жаздыруға келісім-шарт жасауды өтініпті. 1936 жылдың қаңтар, ақпан айларында қазақтың ірі ғалымдарының бірі Т.Нұртазиннің естелігі бойынша, Мұхаң мен Сәбең "Ленинградта "Европейская" қонақ үйінде жатты. Қазақстан көркемөнер басқармасы Ленинградтағы атақты композитор Б.В.Асафьевпен келісім жасасыпты. Композитор "Ақан мен Зайра" деген опера жазбақ. Мұхаң мен Сәбең Асафьевпен жүзбе-жүз әңгімелесе отырып операның либреттосын жасап тәмамдауға барыпты" (Мұхтар Әуезов тағылымы. 1987. 57-бет.) дегені пенделік тірліктің творчестволық бірлікке, қажет десеңіз достық көңілге ауысқанына дәлел болса керек. Ал шығарманың сырына келсек, "Қазақ әдебиеті" газетінде 1936 жылы 17 мамырда Сәбит Мұқанов ақындар мен әншілер өмірінен "Ақан мен Зайра" атты алты суретті либретто жазылғанын хабарлайды. Ал ол М.Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағының 11-томында жарияланыпты.
Мұхаңның қазақ драма театрының әдеби бөлімін басқаруы репертуарды өз шығармаларымен, сондай-ақ аудармалармен байытудың үлкен кезеңі болды. 1937 жылғы ақын-жазушылар жиынына қатысты. 1937 жылы 7 қыркүйекте Алматыдағы ақын-жазушылардың "Ұлтшыл фашистердің әдебиеттегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы" жиналысында президиумде отырып: "Т.Жүргенов халық әдебиетін Алашорда жолымен ұғындырмақ болды және орыс халқының үлкен еңбегін пайдаландырмады", дегені де хатқа түсіпті. Ол заманда кім не айтпады дегенді былай қойғанда, Сәбит Мұқанов Мұхтар Әуезов ұлтшыл-байшылдардың ішінде деп санағанымен, мақалаларында түсін түстеп, атын атаған сәті өте аз. Осы көңіл 1932 жылы Мұхаң түрмеден ашық хат жазып шыққаннан кейін жолдастық қарым-қатынас деңгейіне жеткен.
Осындай күйде жүрген ұлы дарындардың бір-бірімен ұстасқан, қағысып қалған, сынға алған сәттері 1938 жылдан кейін басталған сияқты.
1937 жылы 20 маусымда Қазақ ССР Халық комиссариаты жанындағы көркемөнер басқармасы драматургтердің жиналысында Мұхтар Әуезов: "Сейчас я занят над либретто оперы "Айман - Шолпан". Большая ответственность на мне - это окончание пьесы к Октябрю" (166-бет) дегені қазіргі Абай, бұрынғы Л.И.Мирзоян атындағы опера театрының 1937-1938 жылдардағы репертуарына еніп, музыкасын Е.Брусиловский жазғаны белгілі. Оған дейін жазылған "Айман - Шолпан" комедиясы Ақтөбе, Орал облыстарының драма театрында қайтадан қойылатын болыпты.
Көркемөнер басқармасының бастығы Ғабит Мүсіреповтің бұйрығымен "Айман - Шолпан" операсын тапсыру 1938 жылдың 28-29 сәуірінде, премьерасы 2 мамырда жүзеге асуға тиіс болған. Өмір өз жолымен жүріп жатқан уақытта Сәбит Мұқанов 1939 жылы 27 ақпанда "Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық (пікір алысу ретінде)" деген мақаласында қазақ эпостарын дұрыс пайдалану, әсіресе, театр сахнасына лайықтағанда өңін айналдырмай, образдың даму, көріну деңгейін сақтау жайына тоқталып, "Айман - Шолпан" пьесасы мен либреттосында Көтібардың бейнесі сайқымазақ болып шыққанына қарсылық білдіреді. Осыған байланысты 1939 жылы 2 наурызда жазушылар мен мәдениет қызметкерлерінің қалалық жиналысы болған. Жазушылар одағының төрағасы Д.Әбілов "Постановление Совнаркома и ЦК КП(б)К о дальнейшем развитии искусства и литературы" деген тақырыпта баяндама жасаған. Президиумда Орманов, Бекқожин, Кузнецов, Мүсірепов, Тәжібаев, Амангелдин отырғанда Сәбит пен Мұхтар залдан жарыссөзге араласыпты. Ол сөздер стенограммаға түсіпті.
Жазған мақаласында да, осында сөйлеген сөзінде де Сәбит Мұқанов: "Я совершенно отрицал путь, по которому идет автор и композитор в создании оперы "Айман - Шолпан". По моему, это ошибочно, неправильно написанная, противоречивая народному фольклору, народному произведению, работа. Тов. Ауэзов в своей ответной статье вчера товарищескую критику принял очень болезненно и разбрасывался всякими нужными и ненужными эпитетами, сравнениями. Я тоже писатель, с таким же успехом я мог вернуть товарищу Ауэзову столько же эпитетов, но они ни к чему. Есть русская пословица "кто ругаеть, тот не прав" (С места - "Я в своей статье не ругаюсь"). Там есть такие слова, которые просто значит собака. (С места - Я таких слов не употреблял и не буду употреблять). Ни я, никто другой не говорит, что Вы плохой писатель. Я вас ценю как художника, как драматурга. Было время, когда я к Ауэзову относился очень пристрастно, это тогда, когда Ауэзов был не наш. Когда он пришел к нам в советскую литературу, меня это очень обрадовало. Находясь в Москве, не видя Ауэзова в лицо, я написал ему письмо. "Вы были хорошим художником, я ценил Вас тогда, когда Вы были не нашим писателем. Я рад видеть Вас в ряду советских писателей. Одно время я либерально относился к ошибком Ауэзова. Под моей редакцией вышел сборник рассказов Ауэзова под названием "В тени старого времени." Этот сборник рассказов Ауэзов написал тогда, когда был не советским писателем. За этот сборник я получил большое наказание, и когда меня в прошлом году исключали из партии, но одним из пунктов обвинения был поставлен мне этот сборник. Не могу же я все время относится к недостатком Ауэзова либерально" (Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты. 1778-қор, 1-тізбе, 68-іс, 43-46-беттер).
Сондағысын не дейсіздер ғой. Көтібарды мазақ етіп көрсетуге болмайды, халық эпосын бұрмаламау керек деген негізгі ой ғана. Осыдан тұтанған жалын бара-бара қалың өртке айналды. Оған қызыққандар арам сезімдерін қанағаттандырды, ал пайда тапқысы келгендер ойына келгенін істеді. Тұтанған өртті сөндіруге асықпай қызығына бата түскісі келді. "Үрит-соқ" дегендер де аз болмады.
1937 жылдың басында троцкийшілерді лағнеттеуден басталған көзқарас көктемге қарай теріс айнала бастады. Ана жерден, мына жерден троцкийшілер табылып, оның бір шеті Қазақстаннан да көрініп жатқан тұста Сәбең өзіне тән белсенділікпен біраз жиналысқа Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы ретінде ресми қатысып, сөз сөйлеп жүрді. Осының бәрін жіпке тізгендей "Казахстанская правда", "Социалистік Қазақстан" газеттерінен қалмаймыз деп "Лениншіл жас" пен "Ленинская смена" газеттері "өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай" етіп оңды-солды жазды. Оған "Қазақ әдебиеті" де үлес қоспаққа талпынды. Жаз ортасына қарай "әшкерелейік, масқара етейік" деген сөздер енді "көзін құртайық, жер бетінен аластайық" дегенге көше бастағанда Сәбең 1937 жылдың 7 маусымында аяқ астынан "шабыт қысып" демалыс алды да, Мәскеу түбіндегі жазушылардың саяжайы Переделкиноға барып, "Жұмбақ жалау" романының соңғы тарауын жазып, үстінен қарап шығуға кірісті. Алматыдан алыста болуды қалады.
Шілде айы туа әуелі Ғаббас Тоғжанов, онан кейін Ілияс Жансүгіров, Әбдірахман Айсарин ұсталып, түрмеге жабылды. Құрық үкімет адамдарына да түсе бастаған кезде Сәкен, Сәбиттердің саяси соқырлықтары, қаперсіз-қамсыздықтары газеттерге жазылып, аяғы Жазушылар одағының хатшысы Мұхамеджан Қаратаевтың 1937 жылғы 29 тамызда "Социалистік Қазақстан" газетінің екі бетінің етегін түгелдей иемденген "Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек" деген әйгілі мақаласы шықты.
Бұдан кейін жиын үстіне жиын өтіп, Жазушылар одағы азан-қазан болды. 1937 жылдың 7 қыркүйегінде "Ұлтшыл фашистердің әдебиеттегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы" деген тақырыпта жазушылардың съезд, пленумге бергісіз жиналысы өтті. Оның төрінде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Хамза Жүсіпбеков отырып қана қоймай, сөз сөйлеп, әдебиетті жайлап бара жатқан қастандықтарды түп-тамырымен құртайық деп шешті. Жиналысқа қатыспаған Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Ғабиттің сыртынан талай ғайбаттар айтылып, жиналыс шешімімен Сәбит Мұқанов демалыстан тез қайтып келіп, есеп беретін болсын делінді.
Сәбең 30 қыркүйекте Алматыға жетіп, 1 қазан күні Қазақстан Жазушылар одағы басшылығынан қуылды. 2 қазанда оның мәселесін қарайтын партия жиналысы басталды. Партком хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров Сәбеңнің саяси қателіктерін тізіп айтқанымен, ызғар шашпады. Сол әуенмен басқалар сөйлеп, шешімге келерде ию-қию болды.
- Сәбитті не деп партиядан шығарамыз? Кедей десең нағыз батырақ, тапшыл десең партия жолынан қия басып көрмеген жан, қай істі болса да үлкен жігермен орындайды. Партия мүшелерінің бәрі осындай болса социализмді жарқыратып-ақ жіберер едік қой. Әзірге сөгіс, тіпті қатаң сөгіс берейік, - деп пәтуаласты.
Ертеңінде Жазушылар одағының төңірегі абыр-сабыр болды. Сәбиттің партиялылығы қайта қаралатын болыпты деп қорқып жүргендер де, ренжіп жүргендер де бар. Кешкі төртті тағатсыздана күткендер көп, тіпті партияда жоқтардың өзі одақ жанында ереуілдеп жүрді.
Әлден уақытта машинадан Ілияс Қабылов, әрең қозғалып Ғабит Мүсірепов түсті. Жиналыс басталды. Қызды. Бірін-бірі тыңдап жатқандары шамалы, көптің аузында кешегі сөз. Әлден уақытта Ілияс Қабылов сөзге араласты.
- Сәбит Мұқанов жолдастың мынадай саяси қателіктері бар. Кеңес елінің жауы Мағжан Жұмабаевқа барып сәлем беріп, жазушылар қатарына аламыз деп сонау Қызылжардан Алматыға алып келіп отыр. Бұл не? Дұшпанға қол ұшын бергендік емес пе? Иә болмаса, Сәбит жолдас оқуын бітіріп келісімен "өз қателігін ашық хатымен мойындаған, "марксизм-ленинизмді түсінгім келмей кеңеске қарсы болдым" деп жазған Мұхтар Әуезовтің "Ескілік көлеңкесінде" деген жиырмасыншы жылдардағы теріс бағытта жазған шығармаларын бастырды. Оны алғашқы әңгімесінен-ақ, Еуропа мәдениеті деңгейінде жазған қаламгер деп сонау империалистер жайлаған Еуропаның сайқымазағын асыра мадақтап, кеңес оқушыларын адастырып отырғанын қалай кешірмексіңдер?! Газеттер жазғандай, Жазушылар одағының саяси қырағылықтан айырылған ұйым екенін бүгінгі сөздерден анық көріп отырмын, - деп пәлсапашы Ілияс Қабылов әр мәселенің қисынын тауып, астарын ақтара сөйлегенде айтқанына көне салғандар болды. Жақтап сөйлегендер доңайбаттан шошып, орындарына тез отыра қалды. Не керек, екіндіде, яғни сағат төртте басталған жиналыс түнгі екіде Сәбитті партиядан шығарумен аяқталды. Апыл-ғұпыл есіктен шыға берген Сәбитке Ғабит:
- Әй Сәбит, партбилетті тастап кет! - дегенде:
- Оны сенен алған жоқпын, саған тапсыра да алмаймын, - деп бұрылмапты да. Алматының қараңғы түніне сіңіп бара жатқанда Бейімбет пен Қалмақан екеуі Сәбитті қуып жетіп, үйіне дейін шығарып салмаққа ниеттенеді. Манадан бері бастықтарды тосып тұрған машина жарығын жарқылдатып Сәбиттерге жақындай бергенде:
- Әй, Бейімбет, кел машинаға, - деп Биағаңды шақырып алыпты.
Партиядан қуылу күнкөрістен айырылу ғана емес, түңғиықтың түбіне батудың алды ғой ол кезде. "Кезек енді маған да келген шығар", деп Сәбит түрмеге ала кетер дүниелерін жинатып, тас түйін болып жүріпті. Күн өтеді, жұма өтеді, жарты ай болады, бір ай өтеді. Сақтана сыртқа шықса, Сәбитті анадайдан көргендердің өзі теріс айналып, жүрісін тездетеді. Сәлемдесу, сөйлесу дегендер мүлдем ұмытылған сияқты.
Омалып үйде отыра берейін десе қарны аша бастаған бала-шағасы қыңқылдай береді. Мәриәм оларды ебін тауып тыныштандырғанмен, Сәбитті не деп жұбатарға айла таба алмай әлек... Бір күні аштық азабы сұмдық шешімді айтқызды.
- Әй, Сәбит, аштан өлеміз бе?! Мына балаларға ие бол, мен жұмыс іздейін, - дегеннің аузынан қалай шығып кеткенін өзі аңғармай қалыпты.
Сәбит талай рет жазушыларды бастап келіп, өлең оқыған, әңгіме шерткен КазПИ-дің есігін қорқа ашты. Директоры Шарафи Әлжановтың есігін тықылдатты. "Иә", деген дауысты естіген соң еппен ішке кірді. Шарафи таңдана қарады. Сәбит Мұқанов кабылдауына келіп тұр. Зұлым уақыттың ызғарына қарамай, орнынан көтеріліп, қолын созды, орындық нұсқады. Әйтеуір, бөлмеде екеуінен басқа ешкімнің болмағаны қандай ғанибет еді.
- Бәрін білемін, естідім, оқыдым. Менің саған берер көмегім - ассистенттік қызмет. Одан жоғарғысын бере алмаймын. Доцент, профессорлықты да атқара алатыныңды жалғыз мен емес, бүкіл қазақ біледі. Бірақ саған дәл қазір ассистенттіктен басқаны ұсына алмаймын. Жата-жастана көре жатармыз, - деп бір-ақ қайырды Шарафи Әлжанов.
Бұл ұсыныстың өзі Сәбитті тау басына шығарып жібергендей үйіне ширақ қайтты.
Лекторлардың қай курсты оқығанын сұрап, қай кезеңнен бастау керек деген сияқты күнделікті күйбең басталып, шиеттей балаларының ырзығы табылып жатса да, Сәбеңнің көңілі Алматыдан кеткенді қалауда. Шарафидің жәрдемімен бе, әлде басқалардың ұйғаруымен бе, әйтеуір жаңа оқу жылында Сәбит 1936 жылы Сәкен аты берілген Семейдің оқытушылар институтына жолдама алды. Оған аттанғанша "Жұмбақ жалау" романын баспаға дайындап, Сәкен жинастырған "Батырлар" жинағына мәнді алғысөз жазып, баспаға тапсырды. Не керек, бұрын еркін адымдап, жан-жағын қызық әңгімеге батырып жүретін Сәбит байқап сөйлеу, аңдап басуды үйрене бастаған кезде қалалық партия комитетіне: "Мүшелігімді қайтып беріңдер", деп арыз жазды. Олай тосты, былай тосты, өтінішінен күдер үзе бастағанда, 1938 жылдың 2 наурызында қалалық комитеттің бюросына шақырылды-ау. Кеңес өкіметін жанындай жақсы көретін тақыр кедейдің баласы емес пе едім деген үмітпен келді. Үлкен бөлменің ішін кернеп отырғандардың жүзінен жылылық аңғарылмайды. Ойламаған сұрақтарды жаудырып есін шығара жаздады. Тілі жеткенше ағынан жарылып кеңес заманында атқарғандарын тәптіштей бастаса, қайсыбіреулері: "Жасаған қастықтарыңды, істеген қателіктеріңді айт. Қай жерде шалыс бастың, халық жауларына қалай көмектестің?" деген содырлы сұрақтарды қойып жатыр. Өңдерінде кан-сөл, атарға оғы жоқ жандар тесіле қарауын, күдіктене сөйлеулерін тыймады. Сонда алынған қаулыда:
"Муканов обвиняется в том, что в своих литературных произведениях, как-то "Сын бая", "Мирзабек", "Темиртас", "Литература XX века", протаскивал контрреволюционные националистические взгляды. Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблаченными врагами народа. Решением бюро Фрунзенского ГРК КП/б/К Муканов "как активный член контрреволюционной националистической группировки, как пособник врагов народа и как неразоружившийся буржуазный националист" из рядов партии исключен. Муканов в своих заявлениях не отрицает предъявленные ему обвинения в допущенных ошибках в своей литературной работе. Ввиду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отложить и поручить Холодову дорасследовать", дегеннің ызғары арқаңды қарығандай. Осындай күй кешкен Сәбит Мұқановтың Алматыдағы қызылкөздерден аулақ жүруге тырысуын түсінуге болады.
Ыңғайын тауып Семейге аттанып кетуінің сыры да осы болса керек. Онда ұзақ болды ма, жоқ, тез оралды ма, әйтеуір Абай мұражайын ұйымдастырумен айналысып жүрген Қайым Мұхаметхановтай іні-жолдас тауып алғаны рас.
Қазіргішілеп айтсақ, шығармашылық жолын былай қойғанда, керей-уақ болып кездесті. Жазушылар одағынан алған тапсырмасы бар ма, әлде Қайымға жәрдемдесу ниеті жеңді ме, не қызыққыш көңілі ауды ма, әйтеуір Сәбит Абайдың "көзін көрген" ақсақал-карасақалдармен кездесуге, тобықты елімен танысуға асықты. Даңғайыр даңқы бар Сәбитті ел-жұрт қуана қабылдады. Алматыда ұйтқып соққан ызғардың беті қайта бастағанда өмірі көріспеген ағайындардың арасына кіріп, мәре-сәре болды. Дастарқан басында тобықтының сөзуар шалдары әр нәрсені әңгімелеп отырғанда: "Мұхтар Абайдың баласы ғой", деген оғаш сөзді естиді. Оның анық-қанығын білуге, Қайымнан сұрауға мән бермепті.
Аман-есен Алматыға оралғанда Сәбитті үлкен қуаныш тосып тұр еді. "Жұмбақ жалау" романы шығып, ел-жұрттың қолына тие бастады. Жер-жерден Сәбеңе хаттар жауып кетті. Өмірдің қиястығы, партияның зәбірі хат топанының астында қалып, Сәбең қайтадан даңқ тауына көтеріле бастады. Осы жолы шыққан шыңы бұрынғыдан да биік, көрікті және мығым болды. Өйткені, қазақ әдебиетінде көркемдігі керемет, алымы алысты қамтитын, озық елдің шығармасымен қатар қоюға ұялмайтын толыққанды роман дүниеге келді. Сәбит түлеген бүркіттей сілкініп, қатарға қайта кіре бастады. Әрине, бұған қуанғандар көп, қызғанғандар да аз емес.
Семейден Алматыға біраз уақыттан кейін Қайым келіп, Мұхаңның үйіне түседі. Оны естіген Сәбең, Қайымға: "Біле білсең, сенің түсер үйің біздікі емес пе?! Керей-уақтың еншісі бөлінбегенін білесің бе өзің?" деген қалжыңының аяғын үйіне қонаққа шақырумен аяқтайды. Семейде талай гөләйттаған "серілер" аттың басын еркін жібереді. Айтылмаған әңгіме қалмайды. Сондай бір желпініс үстінде Сәбең: "Мұхтар Абайдың баласы деген тобықты шалдарының сөзінің шындығын білесің бе?" деп сұрап, Қайымды таңғалдырады. Осы бір тосын сауал екі алыптың арасының ашыла түсуіне себепші болды. Және даңқ тұғырына шабуылдаудың бір тұсы осы. Сәбит шығармашылығының көркемдігіне күдіктене қарау сол кезден басталып, барған сайын өршелене түсті.
Қайым жатқан үйіне түн ортасында оралып, таңертең Мұхаң екеуі шайға отырғанда көңіл көтеріңкілігі әлі басыла қоймаған еді. Мұхаңнан сүйінші сұрағандай: "Сізді Абайдың баласы дейді ғой, сол рас па?" деп езуін жимай сұрайды. Сол кезде Мұхаң тарс жарылып: "Мұны саған Сәбит айтты ма, тағы не естідің?" деп қатты ашуланады. Айтпаған сөзі қалмаған соң, Қайым ішіп отырған шайын тастап, үйден шығып кетеді. Оншақты күн әскери тумасының үйін паналайды. Ойда жоқта көшеде кездесіп қалғанда Мұхаң: "Әй, Қайым қайда жүрсің? Осылай да өкпелеуге бола ма?" - деп едәуір уақыт ашуын басуға әлек болып, аяғында үйіне алып келіп, шаруасына көмектеседі.
Мұхаң мен Сәбеңнің пенделік тұрғыдан кетіскен сәті осы. Оған дейін де анау-мынаулар болған шығар, бірақ жоғарыдағы қисынсыз сөз екі алыптың ең шешуші айқасына себеп болды.
1941 жылы 29 мамырда Сәбит Мұқанов Мәскеу қаласынан Мұхтар Әуезовке орыс тілінде ұзақ хат жазыпты. Қазақтың екі сөзгері неге орысшалап кеткен дегенге жауап: Мұхаң болса әу бастан қоңыраулы адам, ал Сәбең 1937 жылдан бері аңду мен арбаудың астында. Олардың әрбір адымы аңдуда екенін, оның үстіне Мәскеуден жазылған хаттың міндетті түрде оқылатындығын, қазақша жазса әр саққа жүгіртетіңдігін ескеріп, Сәбеңнің орысшасы шығандап тұрмаса да орысша хат жазады. Мұхаң да орысша жауап жазыпты. Енді екі сөз шеберін қазақшалап біз әуре болмай-ақ қояйық. Біріншіден, бар бояуымен жеткізе алмаспыз, екіншіден, "дейді екенге" үйреніп қалған қазақтарға мұрағат дүниесін сол күйінде жеткізсек, күні бүгінге дейін жалыны басылмай, қоламтадағы шоғы бықсып жатқан өсек сөздердің үні өшер.
"Екеуміздің шындап танысқанымызға және бір-бірімізге "сен" деп сөйлескенімізге соңғы төрт-бес жылдың іші. Содан бері ашығырақ сөйлесейін деп талай оқталдым, сенің шамшылдығыңнан (одним из твоих недостатков является то, что ты очень обидчив, иногда обижаешься ни за что) айта алмадым. Хат жазуды орынсыз көрдім, әлі де жүре беруге бар едім, "Если бы в Москве мне не говорили о твоих поведениях в отношении меня. Мне говорили, что ты в Гослитиздате разъяснил, что "Жұмбақ жалау" Муканова мы знаем: он плохой, его хорошим делал Дроздов..." Также мне там сказали, что ты, прочитав свою статью, помещенную в "Сборнике современной казахской литературы" ужаснулся, что кто-то вставил туда слова "одним из ведущих в казахской литературе является Мұқанов", и когда тебе показали твою рукопись, где ты сам писал такие слова, ты покраснел и сказал коротко - "я вычеркну" дегенді естігенде төбе шашым тік тұрды. Құнанбай заманындағы тобықтылығың қалмаған екен ғой деп түйдім. "Я был о тебе очень высокого мнения даже тогда, когда мы находились в разных противоположных лагерях. Я тебя считал (и считаю) одним из больших талантов нашего времени и одним из культурнейших людей, не только среди казахских писаталей, но и среди писателей нашего многонационального Союза, включая и русских. Твое знание я сопоставляю со знанием самых передовых писателей нашего времени, включая и европейских. Это - не комплимент, а мое убеждение", дегенді ашулы хаттың өзінде жазуға Сәбиттің ақылы да, азаматтығы да жеткен көрінеді.
"Я - растующий писатель" деп өзінің шығармашылық жолындағы жетістігі мен қате-кемшілігін өзгеден бұрын өзі бадырайта айтады да, екеуінің дүрдараз болу жайына мықтап тоқталады.
Қос алыптың жазған хаттарының көшірмесі қолымда. Машинкаға интервалсыз басқанда сегіз, ал екі интервалмен басса 16 бет. Бір-біріне айтпағандары қалмаған. Әрине, қазір олардың жазғандарына өз әлімізше қорытынды шығарсақ, пәленің бәрі, бір сөзбен айтқанда, ұлылыққа талас, данышпандық пен кемеңгерлікті бөлісе алмау. Менің бұл ойым ащылау, рабайсыздау шығар хатты оқымағандар үшін, ал оқығандардың келісе қоймаулары да мүмкін. Сондықтан ұлы жазушылардың "ішек-қарнын" өздерінің ой-пікірлерімен ашуға мәжбүрмін. Қаншама Сәбитшіл болсам да, бұра тартпай, ғаламдық данқы бар деп Мұхаңа жеңілдік жасамай, өзімнің өрем жеткенше ащы шындықтарды алдарыңызға жайып салмақпын. Олар кейінгі ұрпағынан мұны күтпеді деп айта алмаймын, өйткені, 1941 жылғы жазылған хатқа 1960 жылы 28 наурызда Сәбит Мұқановтың "цель написания данного комментария к письму Ауезова заключается в восстановлении исторической истины... и все" деуінде бірталай қыжыл жатқанын аңғармасқа болмайды. Оның ең үлкені 1959 жылғы берілген Лениндік сыйлықта жатыр.
"А" деп ауызды ашқан соң "Б"-сынан сескенбейік.
"Теперь я хочу объясниться с тобой в том, почему наши отношения за последние 2-3 года натянулись? Причину я вижу в следующем: ты в последнее время (может быть и раньше) почему-то убежден в том, что на свете живет злодей по имени Сабит Муканов, который завидует всем, особенно Мухтару Ауезову и не хочет дать дорогу никому, кроме себя. Так ты говорил на совещании в редакции "Социалистік Қазақстан" в этом году.
Я просил бы тебя объяснить, когда ты говоришь, что "Муканов завидует нам", кто это "нам?" Ты взгляни на все кадры казахской советской литературы и скажи, разве среди них есть хоть один, которому я не помог в росте. Даже Габит, с которым натянуты мои отношения за последние 3-4 года, не может сказать, что я ему не помог в его творческом росте. Все эти писатели об этом писали неоднократно. Без моих принуждении. Разве это зависть? Наконец, зачем мне завидовать тебе? Я знаю, что ты в казахской культуре вообще, в литературе в частности, занимаешь очень большое место. И у меня есть свой участок, вполне достаточный для разведения моего хозяйства; так что тебе не за чем бояться, что колонизирую твой край".
Сала құлаш хаттың ең түйінді, от шашып тұрған мәселесі осы: тағы да қайталайын, ұлылыққа таласу, данышпандық пен кемеңгерлікті ешкімнің қанжығасына байлатпау, атақ-даңқты бөліспеу ниеті екенін жазбай танимыз.
Мұхаң да тартынбапты. "В тебе есть хвастливость, нескромная самореклама. Это видел на многих собраниях, в газетных выступлениях, - и есть также очень поверхностное самомнение, что казахская литература - это ты. Ты на совещании в "Социалистік Қазақстан" дал неверную справку о том, что будто ты начал критиковать, и я обиделся. Не упрощай и не искажай правды. Вспомни заседание парткома в 1938 г., где нас слушали товарищи. Я там говорил, что каждое произведение Сабита, появившееся до сих пор недоношено, что я недоволен, неудовлетворен с таким стажем, как у тебя. Я тогда же и после был глубоко разочарован в тебе, заметив твое восприятие этого критического суждения о твоем писательском труде на манер, скажу прямо, Сейфуллина. Ведь у него была отвратительная система; критику его произведений называть враждебным актом против Советской власти. Он был именно настолько нахален и беззастенчив. Я вправе объяснить это еще не изжитым в тебе влиянием корыстных отношений той литературной группы, к которой ты принадлежал, и которую возглавил Сейфуллин. А это группа с ее грязными, феодально-родовыми правами, очень много навредила советской литературе в Казахстане. Она много навредила и тебе в начальный период твоего формирования", деген ойларын келтіру мәселенің байыбына бару үшін өте қажет.
Мұндай ашық пікірлерге түсіндірме беріп жатудың өзі артық. Бұлар пенделік тұрғыдан болса, енді шығармашылық жағынан қарастырсақ, онда ұлылыққа таласудың қандай арнамен жүргендігін бірқыдыру анық шамалаймыз.
Сәбиттің Мұхтарға қойған ең үлкен кінәсі - кеңес тақырыбына жазған шығармаларың өз дарыныңның деңгейінен әлдеқайда төмен. "Мои критические замечания в отношении твоих отдельных произведений совершенно не исходят из моей зависти к тебе, они исходят из моего убеждения. Говоря откровенно, я недоволен твоими шагами в литературе последних лет. Они у тебя нерешительны, робки. Я сопоставляю твои произведения до советского и советского периода. Ты не смелый в своих шагах, много оглядываешься в сторону, боясь как бы чего не случилось. Отсюда страдает вся твоя советская тематика. Свою советскую душу на новой тематике ты, как художник, соответственно твоему таланту и знанию - ты еще не показал", дегені әр қилы ой айтуға болғанымен, әдебиеттің бүгінгі шындығы төңірегінде шыр айналу керек деген социалистік реализм талабын анық аңғарамыз. Оны аттап өтуге Сәбең бармаған, қайта кейбір науқан тұсында артық сілтеп жіберетінін де жасырмаған абзал. Және оны өз тәжірибесінде талай сынап көрген.
Оның нақты дәлелі 1938 жылы шыққан "Жұмбақ жалау" романы. Оны осы жауабында Мұхаң: "Это первый настоящий роман на нашем языке" дегені шындық болғандықтан ел қуанышына айналып, халық жаппай оқып, өздерінің ой-пікірлерін, қуаныш-шаттықтарын 1937 жылы жазықсыз жазаланған Сәбиттің жадау көңіліне демеу болған хат арқылы білдірген. Алғашқы басылымның өзіне мыңнан астам хат келген. Жазушы туындылары жөніндегі хат-хабарлар Сәбеңнің көзі тірісінде мемлекеттік мұрағатқа 141 том болып тапсырылған.
Сәбит саяси жағынан таяқ жеп, түңілерлік деңгейге жеткенмен, шығармашылық жағынан зор абыройға ие болып, бұрын қолы жеткен даңқы "Жұмбақ жалау" тұсында еселене түсіп, өнерпаздықтың биік деңгейіне көтерілді. Мұндайды, қаншама әдемі сөзбен көмкерсе де, ақын-жазушылар, әсіресе өз деңгейлестері басы бүтін Сәбитке қия бермегені, пенделік танытып алғандары сөзсіз. Оның шет-жағасы Мұхаң хатынан көрінеді. "Даже лучшие вещи твои "Ақ аю", "Жұмбақ жалау" носят следы огромной недоношенности, недоработки" дегенді домбыраның құлақ күйіндей жиі қайталайды. "Айы-күні жетпей туғанын, иі қанбағанын" нақты көрсетпей, жалпылай айтады. Пенделік сипат араласқанда "мы могли бы вести с тобой эту переписку гораздо более спокойным, не раздраженным местами, тоном. И она была бы полезнее, продуктивнее. Но в этом повинно твое же письмо. Откровенные (за них я благодарен) суждения твои о моем человеческом и писательском облике были у тебя отравлены излишней раздражительностью, местами злобным запалом. "Злодея Сабита" я не знаю, это твоя выдумка. Я высказался полнее и, местами, со справделивым возмущением. С приветом Ауезов" (Сәбит хатын "С искренним к тебе уважением" деп аяқтаған-ды) дегенінен алыптардың да өзіміз сияқты пенделіктен алыс болмағандығын көреміз де, әрқайсысының мінез-құлқына қарай жасаған қылықтарын байқаймыз.
Сәбит Мұхаңды ұлы жазушы деген түсініктен еш айнымайды. Оны біз кесек шығармаларын бағалауынан анық көреміз. 1941 жылы әлі жарияланбаған, қолжазбадан оқылған: "О романе "Абай" я высокого мнения. Я думаю, что по своему художественному уровню он куда выше, чем пьеса, и стоит на уровне романов настоящих мастеров прозы Европы", дегенді жарық көрмеген (кітап 1942 жылы шықты) кезде, яғни 1941 жылдың 29 мамырында жазды. Мұхаңа ең жақын ақын-жазушылардың аузынан шықпаған осы түпкілікті өзгермес ойын "Мұқанов қызғаншақ" дегенді (Я быть может не писал-бы это письмо еще долго, если бы меня сильно не задело твое слово - "Мұқанов қызғаншақ") естігеннен кейін жазу әншейінгі көлгірсу емес екенін кейінгі оқиғалар көрсетті.
Осы арада кімнің қызғаншақ, кімнің жалпақшешей болғанын түбегейлі қазбай, соңғы кезде жазылып жатқан естеліктерді дәлелге келтіруге болады. Мысалы, Қадыр Мырза Әлінің "Иірімінде" Ғабит Мүсірепов жайындағы естелігі шықты.
Ғабеңнің Мойынқұм сапарына серік болған сазгер, "Махамбет" операсының авторы, Қазақстан Композиторлар одағын бірқыдыру уақыт басқарған Базарбай Жұманиязов - бір куәлікке тұратын азамат. Жол үстінде талай әңгімелер айтылып келе жатқанда Қадыр Ғабеңнен Мұхтар Әуезовтің пенделігі жайында өз ойын айтуды өтінеді. Ешуақытта сұраққа қолма-қол жауап бермейтін, аузынан шығар сөздің көрікті де, ойлы болуын қалайтын, сабырлы үнімен талайлардың аптығын баса сөйлейтін Ғабең өз ойын былай білдіріпті:
- "Қалың ойдың ішіне кіріп кетіп, шыға алмай отырмын. Қалың ой емес, ауыр ой! Өте ауыр! Айтсам ба, айтпасам ба? Вот в чем вопрос! - деп сөз аяғын Гамлеттің монологымен тұжырымдады.
- Айтыңыз! - деді Базарбай.
- Айтыңыз! - дедім мен де.
- Не айтатынымды білмеген соң: "Айт!" "Айт!" деп отырсыңдар ғой. Білсеңдер: "Айтпай-ақ қойыңыз!" дер ме едіңдер, кім білген! Шындық!
"Шындық!" деп айқай саламыз. Ал сол шындықты жария ету дүниенің азабы! Дұрысы - сол шындықты білмей-ақ қою. Кейде өтірік адамды өрге сүйреп, ақиқат адамды көрге тығады! - Ғабең, тағы біраз үнсіз қалды. - Мәселе Мұхтар Әуезов туралы. Дау жоқ, ол үлкен жазушы. Ұлы жазушы! Бірақ, қалай айтсам екен, кісілігі төмен, ішіне шынашақ айналмайтын қызғаншақ пенде еді! Біз куәміз. Ал қарапайым халық оны білмейді! Мүмкін білмегені де дұрыс шығар!
Мені не сайтан түрткенін білмеймін:
- Ғабе! Сіз зират басында мүлдем басқаша сөйлеп едіңіз ғой! - дедім.
- Иә, басқаша сөйледім. Қалай сөйлеуім керек еді, сеніңше?! Барып тұрған пенде еді деуім керек пе еді?! Жоқ, мен именно солай сөйлеуім керек еді ғой. Мен шындыққа керегін айтқаным жоқ, елге керегін айттым! Ал енді біреу болмаса біреу сол шындықты біле жүргені дұрыс секілді! - деді де Ғабең алдындағы қадағын ешқандай тоссыз тастап жіберіп, бір күрсініп алды", дегенді оқығаннан кейін, мен келтірген деректерге күмән бола қоймасын сезінудемін.
Мұхаңның мына қайтарған жауабында Сәбеңнің пайдасына шығатын ойлар өте сирек және: "Ты продуктивен - это хорошо. Но ты ведущий большой писатель Казахстана. За твоими плечами почетный стаж и огромное по количеству наследие. А вот подумал ли о том, что и твои удачи падают на исторические "Сұлушаш", и "Балуан Шолақ". Прочитал я твои "Мектебы". Признаю, хорошее наблюдение быта, улучшение языка, но опять очень много незрелости. Нет совсем психологии (опять), нутро человека ты не задеваешь, люди (опять), за исключением тебя самого, мелкие. Почти ничтожны они и мыслями, и чувствами", дегендері мақтамен бауыздау екенін жұрт аңғармайды дегендік пе, әлде ойлау жүйесінің машығы ма? Ұнамды ойларының соңынан "бірақ, но" дегендер ылғи ілесіп жүретіндігін көреміз, оқимыз.
Осының өзі Сәбит шығармашылығы жөнінде пайда тапқысы келген "толмаған Толстойлар мен шала Шекспирлердің": "Мұхаң осылай деп еді", - деп алаулатып әкетуіне негіз болғаны тағы бар. Вокзалда жатқан жерінен үйіне әкеліп, ұзақ уақыт паналатып, жазып жүрген "Курляндиясын" авторына оқытып, тыңдап, өзі оқып, талай пайдалы кеңес берген Сәбеңнің 60 жылдығына ризалық көңілін білдірген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің: "Басқалар секілді Сәбит Мұқановтың творчествосында да кемшіліктер бар. Сыншыл, қатал оқушы соның бәрінен кемшілік табуы мүмкін. Сәбит Мұқанов шығармаларында кемшілік болса, ол біреу ғана. Ол Сәбеңнің асығыстығы. Ал Сәбеңе асықпа деу қиын. Ол бүгінде ондай ақылды ала да қоймайды" (187-бет) деуі қаншама достық ниетпен айтылғанымен, көкейдегісін аңғармасқа болмайды. Қаншама Сәбитке жеңілдік жасағысы келгенімен, "оның таудай еңбегінің көлеңке жағына әдейі беттемей, қуанышты мереке үстінде халық кағидасын: "жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" демекпіз" деген сөз иесінің қандай тактиканы қолданып отырғанын анық танытады. Тап осындай ойлар Сафуан Шәймерденов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдоловта жиі кездесіп: "Шіркін, Сәбең асықпаса, тамаша жазушы еді ғой", дейтін сипай салды пікірлер көп айтылып, жаттандыға айналып кеткен болатын.
Сәбеңнің Мұхаңды мойындауында ешқандай аярлық жоқ. Өкінішке қарай бізде, әсіресе, зерттеушілерде жетілудің диалектикасына қарамай, соңғы қорытындыдан өріс алып, ой-пікірлерін соған ыңғайлап жазып, оқушылардың түсінігін лайлайтындар бар. Қандай ұлы, данышпан болсын аяғы салбырап аспаннан бірден түспейді, біртіндеп-біртіндеп өсіп-жетіледі, танылады, құрметтеледі. Сондықтан айтқан ойдың қай жылы, қай сәтте болғанын ешуақытта ұмытпаған абзал, сапырылыстырып жіберу көбіне фальсификацияға апарып соқтырады.
Екі алыптың 1941 жылы жазысқан хаттары әрі қарай созылғанда немен тынарын кім білсін, егер соғыс басталып кетпесе. Тегінде табысқан сияқты. Өйткені: "В 1942 году ЦК КП Казахстана просил меня занять пост председателя Правления Союза писателей Казахстана. Я согласился. Секретарем ЦК тогда работал Н.А.Скворцов. В предварительной беседе с ним я ставил одно единственное условие - снять судимость с Ауэзова (он был посажен и осужден по 58-статье в 1929 году на 25 лет за контрреволюционную деятельность: был выпущен из тюрьмы в 1932 году, но судимость не была снята. (Шындығы, Мұхаңды 1932 жылы 20 сәуірде 3 жылға соттап, жазасын шартты (условно) атқаруға кескен-ді. 22 мамырда қамаудан босатылған болатын. - Т.К.), дать ему право советского гражданина. Скоро на закрытом заседании Президиума Верховного Совета Каз ССР и бюро ЦК КПК судимость с Ауэзова была снята", деген деректің айтары, ұғындырары өте мол.
1946 жылы Мұхаң "Жолы кең жазушы" деген мақаласында: "Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты - қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Сәбиттің "Теміртас", "Жұмбақ жалау" сияқты романдары сапа мен көркемдік жағынан қазақ көркем қара сөзінің елеулі үлкен дәуірін танытады. Қазақ романының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны - бірінші орын. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім және кеңес әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор енбегі бар адам", дегені "судимосты" алдырғанның қайырымы деуге еш болмайды.
Әрине, ұлылардың дүрдараздығын пайдаланып қалуға талаптанатын қулар аз болмайды. Және ондай пиғылға берілгендер өз пайдасына шығатын кұбылыстарды өте тиімді және мықты пайдалана біледі. Сәбит даңқының шайқалуына Мұханның 1941 жылғы "каждое произведение Сабита, появивщееся до сих пор, недоношено", пісіп-жетілмеген, бір қайнауы ішіндегі дүниелер дегенде, өңгелерін былай койғанда, "Сұлушаш" пен "Адасқандарды", "Жұмбақ жалауды" құрбандыққа шалып жіберуі мезеттік көңіл-күйдің әсері еді. Міне, осыны өз пайдасына шығарып жүргендер әлі де бар. Сәбеңнің Мұхаң тұсындағы және кейінгі 13 жылы түгелдей мінелумен, кеудесі басылумен өткенін дәлелдейтін іс-әрекеттер өте көп. Соның екі жайы мынау: бірі - көркемдік жағынан кемсіту болса, екіншісі - игі әкімшілік шаралар арқылы мысын басу, меселін қайтару.
Сәбеңнің абырой-беделіне нұқсан тигізіп, шығармашылығының мәнін төмендетудің әртүрлі айла-амалдары жасалды. Бірі - ауыз әдебиеті дәстүрінде өскен әдебиет өзімізге болмаса, әлемдік озық мәдениеттің өкілдеріне ұнай бермейді десе, екінші бір кезекте - Мұхтар Әуезовтің өз кемеңгерлігі жетпейтіндей асқақтата мақтау мен мадақтау тәсілін қолданды. Ондайлар көп жағдайда өздерінің кұлқынына керектіні ойласа, екінші жағынан Сәбиттің мысын баса түсуді көздеді. Үшінші бір тәсіл - бұрын алдымен аталып келген Сәбеңді біртіндеп шегіндіре беру, амалсыздан атау, тіпті тізімнен "ұмытып кету" әдеті кездесті, тіпті күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
Әдебиеттегі сабақтастықты сақтамау ниеті Кеңес өкіметі кұлағаннан кейін тіпті рабайсыз сипат алуда. Тәуелсіздік келгеннен бері популизмге, яғни тарихи-көркемдік негізі жоқ даурықпалы айғайға кезіктік. "Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді", дегенге Сәбит Мұқанов кезігіп отыр. Мен кейбіреулерше, сауап деп табаламаймын, өйткені ол жетеліліктің белгісі бола қоймас. Дауыл кезінде қандай шаң көтерілмейді, заман өзгеріске түсіп жатқанда не айтылмайды дегенге бағып, елемей кетуге болар еді, бірақ қоғамдық-эстетикалық ой-түсінік диалектика заңына бағынады.
"Қазақ әдебиеті" газеті 1992 жылы "Қазақта ұлттық әдебиет бар ма? Қазақ кеңес әдебиеті деп жүргеніміз қандай әдебиет" деген қияс сауалдарға жауап ұйымдастырғанда "Қазақ әдебиетінің классиктері қатарында аталып келген С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Ғ.Мұстафин шығармашылығын енді қалай бағалауымыз керек?" деген қиналысын 1994 жылы "Жұлдыз" журналы "оп-оңай" шешіп берді. "Ұлттық ақын ұғымын айқындап, орнықтыру үшін ұлтсыз ақындар - кеңесшіл, одақшыл, партияшыл батырақтар, көлгір интернационал белсенді ақындар жасаған "қазақ кеңес әдебиеті" деген қампиған дөкейді қайта сарапқа салып, тарих таразысына тартуға міндеттіміз.
Бүгінге дейін "Алыптар тобын" құрап келген Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабит, Ғабиден бұрынғыдай әспеттеліп, "негізін қалаушылар" ретінде оқулықтан-оқулыққа жөңкіле алмас" (№ 5-6.1994,187-бет) деген қыңыр ойлардың шалығы алдымен Сәкен мен Сәбитке тиіп жатыр.
Газет-журналдарда шәлкем-шалыс айтылғандарды былай қойғанда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті" (жаңаша бажайлау) деген кітапты 1997 жылы шығарды. "Әдебиеттегі жаңа дәуір" деген тараудың авторы марқұм Дәрімбетов тарихи шындықтарды белінен басып, өз қисынымен емін-еркін сілтепті. "Осы күнге дейін роман ретінде дәріптеліп келген "Тар жол, тайғақ кешу" С.Сейфуллиннің баспа бетін көрген күнделігі, басынан кешкен оқиғалардың хроникасы еді. Ал С.Мұқанов "Адасқандар" романында жігіт пен қыздың сүйіспеншілік тарихынан тап күресінің "диалектикасын" таппақ болды" (34) деп "қисындайды". Бар соққыны Сәкен мен Сәбитке бұрып, іліп алар ештеңе таппайды. 20-жылдары қанат жая бастаған тапшыл әдебиет, оның өкілдері "Сейфуллин, Жансүгіров, Майлин, Мұқанов және т.б. көптеген ақындар заманды жаңаша жырлаймыз деп жалаң үгіт, даңғаза ұранға ұрынды. Бұл бүкіл қазақ әдебиетіне тән тенденция" болды (30) деп түйін жасайды.
Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының басшылығына 1943 жылы қайтадан тағайындалды. Соғыс жеңіспен аяқталды. Біздің жауынгерлеріміз Еуропаның талай елдерін азат етіп жүргенде, Батыс мәдениетінің біраз үлгісін көріп, үйреніп, елге оралғанда солардай болуға талпынды. Театр сахнасынан, кино экранынан, газет-журнал беттерінен батысты мадақтаған дүниелер көбейіп кеткен соң қытымыр партия "Батысқа табынушылықпен қүресті" бастап кеп жіберді. Қаулы-қарарлар қарша жауды. Батысшылдығы жоқ қазақтар "ұлтшылдықпен" күресуге кірісті.
Сарыарқа, сағындырған атамекен,
Алда - майдан, артта - сен, қайтсем екен ? - деген Қасымның жан сөзі бүкіл науқанның қозғаушысы болып шыға келді. Біраз жастар "ұлтшылдықпен" күресті, аттарын шығарып алды. Олардың улы қаламына ілікпей қалған ақын-жазушы некен-саяқ. Қазақстан Орталық партия комитеті, әсіресе Храмков бастаған үгіт-насихат бөлімі шуды даңғазаға айналдырды. Шаяхметовтің тізгінді тартуға мұршасы келмеді. Әбділда Тәжібаевтың еш жерде жарияланбаған, сахнаға қойылмаған, қағаз бетінен машинкаға ғана көшірілген "Біз де қазақпыз" атты пьесасы СОКП Орталық Комитетінің театр жайлы қаулысына ілініп кетіп (Сәбеңнің бұған қатысы жоқ деуге дәтім бармайды, өйткені ол кезде Жазушылар одағының басшысы болатын), Қазақстан театрлары репертуарларының ойран-ботқасы шықты.
Қазақстандағы әдеби атмосфераның жайсыз жағдайын түзету үшін КСРО Жазушылар одағы басқармасының Борис Полевой бастаған үлкен бригадасы келіп, жарық көрген шығармаларды былай қойғанда, көкейіміздегі ойымызда қандай кінәрат барлығын сүзгіден өткізді. Мұхтар Әуезовтің "Абайы" "Казахстанская правда" газетінде тас-талқан болып сыналды. Жастар театрында қала зиялыларының жиналысы өтті. Берекесіз талқылау еді ол. Олай дейтінім, Сәбит Нұрышев деген ғылым кандидаты талай академиктерге "сабақ" беріп, "ақыл" үйретті. Орысшаға тілі келмейтін Әмірбек Тәкежанов сықылды тарихшылар Сәтбаев сынды данышпандардың шаужайына жабысты. "Ұлтшылдықты" әшкерелеуден басталған у-шу Абай мектебіне соқпай өтпеді. Сәбең ептеп абыройсыздыққа ұрынса, дәл осы тұста ұрынды. Абай аруағы жібермеді, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығынан кетті. Бірақ партияның зорлауымен келген философ Жаймұрзин ештеңені тындыра алмады. Ғабиден мен Ғабитті алма-кезек таққа отырғызуды машыққа айналдырды. Алайда, Жазушылар одағының Сәбит көтерген биіктен асып түсе қойғаны шамалы.
Өлімнің қасиеттісі де, қасиетсізі де болады екен. Шыңға шығып, әлемді аузына қаратқан тұста шарт сыну - бұрынғы атақ-даңқын еселей түсетін көрінеді. Мен Мұхаңның пайғамбар жасында кеткеніне қуанып отырған жоқпын, оның өкінішті өлімі абырой-атағын бұрынғыдан да аспандатқанына тәубе деп отырмын. Тірлігінде дүниенің тұтқасын жалғыз өзі ұстап тұрғандай сезінетін дүмділердің көзі жұмылғаннан кейін көңілден кетіп, аты өшетіндері көп қой.
Осы арада пысықтай кететін жай бар. Бір-бірімен матасып жатқан тағдырлардың күнгейі де, көлеңкесі де аз емес. Өзі данышпан, ешкімнен қолдап-қолпаштауды қажет етпейтін дарындарға да бақытты сәттер керек екен. Мен Мұхаңның әлемдік даңқының асқақтауында Сәбеңнің жұлдызды сәтінің сөне бастауында көркемдіктен, әлеуметтік тірліктен гөрі бақытты кездейсоқтықтың рөліне тоқтайын деп отырмын. Біреу келісер, біреу келіспес, бірақ өмір шындығын айтпасқа болмас.
1961 жылы 27 маусымда қазақ даласына жай түсті. Мұхтар сынды алыбымызды ана дүние алып кетті. Халықтық дәстүріміздің сақталуымен болсын, не болмаса партия басшылығындағы құдасы Дінмұхамед Қонаевтың шешімімен болсын, Сәбит, Ғабит, Ғабиден мәйітті Мәскеуден алып келуге аттанды. Оларға Қырымда демалып жатқан жерінен ар әмірімен Әбділда Тәжібаев қосылды. Мәскеуден келген қаралы көшті Алматыда қарсы алған халықтың ықылас-пейілі ұлы өкінішке оранып тұрды. Шын жыладық, аһ ұрдық. Байрағымыздан айырылдық дедік.
Бәріне де уақыт төреші. Осы арада менің есіме Теміртау оқиғасына байланысты өткен пленумда Сәбит Мұқановтың сөйлеген сөзі түсіп отыр. Мұны Димекең ойлады ма, ойламады ма, әйтеуір Мұхаңа жасалар жақсылықтың бәрі Сәбеңнің мысын басып, абыройы мен беделіне нұқсан тигізудің амалындай болып шыққаны өтірік емес.
Теміртау жұмысшылары кеңес заманында ереуілге шығып, қару күшімен басылған-ды. Оны ел-жұртқа сездірмеудің бар айла-амалдары жасалған болатын. Жаңалыққа құлағы елеңдеп, ел жағдайын көзбен көріп жүретін жазушылар, оның ішінде партияның нақсүйері, Орталық Комитеттің мүшесі Сәбит Мұқанов мұндай оқиғадан қалыс калуы күнә.
Көтеріліс атаулы жайсыздықтан күйсіздіктен бастау алады ғой. "Қазақ даласын аралаудан артық маған демалыс керек емес", - деп әмбеге жайып жүретін Сәбең Теміртау жұмысшыларының аштық-жалаңаштыққа қарсы ереуілінің себебін түсіне келіп, оны қалың қазақ малшыларының жай-күйімен салыстырады. Хал-жағдайлары бұлардан да төмен екенін көзі көріп жүрген жазушы осы пленумда сөйлеуге бел байлайды.
Бұл сөздің мән-мағынасын ғана емес, қалай айтылғанын бажайлай баяндайын. Өйткені, қазақтың қаңқу сөзімен елге жетіп, анық-қанығын әлі күнге дейін білмей жүрген ағайындар көп және мұның зардабы Сәбит Мұқанов үшін қандай болғанын да аңғарып қаламыз.
Орталық Комитеттің Теміртау оқиғасына арналған XVІ пленумы 1959 жылы 23 қазанда өтті. Сонда сөзінің найзасын Сәбит Мұқанов Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Н.И.Беляевке бағыттайды. "С большевистской прямотой заявляю это", - деп қамшыны басып-басып кеп жіберіпті. Демек, республиканы басқарып отырған бірінші хатшыдан аяғын тартпаған Сәбең кімнен жасқансын! Осындағы әрекетінен Сәбеңнің қазақ халқына жаны қалай ашитынын, тіпті ұлтшылдығын айқын көреміз. "В нашей стране труженики так плохо не живут, как в отгонных отарах. Там просто адские условия. Я как член ЦК КП Казахстана и депутат Верховного Совета Казахской ССР, настаиваю на том, чтобы вопрос о жилищных условиях для чабанов был включен в постановление данного пленума. Контроль над этим вопросом должно взять на себя Бюро ЦК КП Казахстана, в нем лично тов. Беляев - первый секретарь. Так я говорю потому, что практика работы показывает, что в ответственных делах трудно надеяться на тов. Кунаева. По всеобщему признанию он является "мешком обещаний". Я отчасти разделяю эту оценку. Разделяю потому, что у тов. Кунаева часто слова расходятся с делом".
Әрине, үкімет басында отырған азаматқа бұл өте ауыр кінә.
Теміртау оқиғасын қараған пленумның материалдары ақын-жазушылардың қолына түскенде өңделіп, толықтырылып, ел-жұртқа жайылып, әр түрлі саққа жүгіртіліп кететін еді. Оны мейлінше жасырып келді. Алайда, оның алыс жаңғырығы филология ғылымдарының докторы, әрбір мағлұматы тірнектеп жинап, айы-күнімен көрсететін атақты библиограф Әбділхамит Нарымбетовтің құлағына жетіпті. "Қазақ әдебиеті" газетінің 2000 жылғы 2 маусымда шыққан санында Сәбит Мұқановтың: "1959 жылы Теміртау көтерілісі туралы мәселе пленумда қаралды. Мен пленумда сөз сөйлеп, Н.И.Беляевты да, Д.А.Қонаевты да (Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің председателі) қатты сынадым. Олар менің бұл сынымды жаратпады. Қонаев пленумда маған отпор бермек болып сөйледі. Осы пленумнан кейін Н.И.Беляев: "Мұқановтың бар кітабын қарап, қате табыңдар", деп Қазақстанның КГБ-сына тапсырма берді. КГБ қызметкерлері "Алматы" гостиницасынан бір бөлме алып, 2 ай бойы менің кітаптарымды қарап ештеме таба алмады", - деген естелігі Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ғана жарияланды.
Пленумда айтылған сынды Димекең кешіре алмапты.
Сәбит пенделік тұрғыдан емес, идеологиялық тұрғыдан өте ұрыншақ қайраткер еді. Оған заманы дем берді, өзінін тақыр кедейден шығып, жетімдікпен жетілгені негізгі тірек болды. Сондықтан партия мен кеңестің сөзі Сәбеңе Құран сөзінен артық саналғаны өтірік емес және бұл ойын қысылмай, қымтырылмай айтатын.
Құдай берген мол дарынның арқасында жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ "Сұлушаш" пен "Адасқандарды" жазғаннан кейін Сәбит даңқы Қазақстанға кең тарады. Сөзі уәлі болды. 1946 жылы Ғ.Мүсіреповтің: "Сәбиттің еңбектері - халық қазынасы, ел мақтанышы. Сәбитті қазақтың елінен, елді Сәбиттен айыратын ешбір саңылау болған емес", - деп сендіруі тарихи шындық. Міне, осындай адамның аузынан жоғарыдағыдай пленумда сын есту кімнің болса да ұйқысын бұзары хақ. Оның қайырымын қайтаруға Димекең Мұхтар Әуезовтің әлемдік абыройын мықтап пайдаланды. Солай ойласын, ойламасын мейлі, бірақ нәтижесі осындай болды.
Сәбеңнің Мұхаңмен қарым-қатынасын әдейі ушықтырғандардың қанша пайда тапқандары бізге мәлім. Қазақтың "солай болыпты ғой" дейтін өсек-аяңын өшіру үшін өзім анық білетін жайларды құжатпен дәлелдейін.
1933 жылға дейін Мұхтар мен Сәбит шүйіркелесіп сөйлескен адамдарға ұқсамайды. Сәбеңнің жиырмасыншы жылдардағы ащы да ожар мақалаларында Мұхтар ұлтшыл, байшыл деген пікір оңды-солды жазылған. Мұхаң Алматының түрмесінде жатқан кезде 1932 жылы жазылған "ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті" деген Сәбеңнің атышулы еңбегінде тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтің монографиялық портреті берілді. 378-418-беттерде, табаны күректей 40 беттей, яғни 2,2 баспатабақ көлемінде арнайы тарау жазды. Артық айтқаны, кем соққаны, әдейі бұрмалағаны бар бұл еңбекте мынадай түйін жасалды: "Ақындық, жазушылық күшін алғанда Мұхтар күшті жазушы. Тілі сұлулығының үстіне Мұхтар кейіпкер жасауға шебер. Мұхтардың кейіпкерлерінің сыртқы көрінісі мен ішкі сезімі айқын көрініп отырады. Оның кейіпкерлерінің көбінде жасырынбақ жоқ, қай тапқа жататынын айқын көріп отырасың. Таптық бетін бүркемейді, өсе береді, өркендей береді. Бастаған ісін аяқтауға тұрақтылығы жетеді. Байшыл жазушылардың ішінде байлар табының таптық кескінін оның кейіпкері арқылы көрсету ретінде Мұхтардан асқаны жоқ. Жазуға шеберлік жағынан пролетариат жазушыларына Мұхтардан үйренетін нәрсе көп" (418-бет) дегенін қандай саққа жүгіртсек те, Мұхтардың ұлы жазушы екендігін мойындауы айқын да анық.
Сәбит Мұхаңа 1933 жылы 21 ақпанда ұзақ хат жазыпты. Онда: "Біз Алматыда көріскенде жөнді сөйлесе алғанымыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз - сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте", - деп марксизм-ленинизм дүниетанымын тарамдата баяндайды. "Бұл сөздер, әрине, үгіт емес (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі балалық болар еді)", - деп қайырып: "Жаңа қоғам жаршысы боламын деген ниетіңді құптаймын, әсіресе "Ашық хатыңды" адал ниетіңмен жазғаныңа сенемін", - дейді.
Мәриәм Қожахметқызы Мұқанованың теледидарға берген сұхбатында және ауызекі әңгімесінде ескерер бір жай бар. "1933 жылдың көктеміне қарай Сәбитке Мұхтар Ленинградтан: "Отбасымды көшіріп әкеле жатырмын", - деп телеграмма берді. Қарсы алып, жатақханамызға қондырдық. Тамақ ішкеннен кейін Сәбит пен Мұхтар екеуі ас бөлмеге кіріп алып түні бойы сөйлесті. Көз шырымын алдырмай, таңертең Алматыға шығарып салдық. Сондағы ұзақ сөздерінің түйіні 1933 жылғы әлгі хатына түсіпті: "Саған қиындық аз кездеспейді, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен: "Қателестім бе?" - деп біразға дейін жалтақтық істеуің мүмкін, "жасасын" жағын басыңқырауың мүмкін. Сен бұрынғы Мұхтар болсаң "қанжығада көрісерміз" деп айдай берер ек. Қазір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керек жәрдем болса, қолдан келгенше аянбаймыз", - дейді.
Сәбит оқудан келгенше Мұхтардың 1935 жылға дейін бірде-бір кітабы басылып шыққан жоқ. Шығармайын демеді, соған редактор болатын адам Алматыдан табылмапты. Күні бұрын дайындалған Мұхаңның "Ескілік көлеңкесінде" атты жиырмасыншы жылдардағы әңгімелер жинағына редактор болып, қысқаша алғысөз жазып шығарған адам - кәдімгі Сәбит Мұқанов. Және күні бүгінге дейін әуезовшіл болып келген және жүргендердің ойына келіп, аузына түспеген пікірді, яғни алғашқы әңгімесі "Қорғансыздың күнінен" бастап: "Мұхтар еуропалық мәдениет деңгейінде шығарма берді", - дегенді айтқан тағы да Сәбит Мұқанов. Осы батырлығы, әдебиетке, Мұхтарға деген жанашырлығы 1937 жылы Сәбитке пәле болып жабысты. Қызыл қырғын тұсында газет бетінде, жиналыстарда Сәбеңді кінәлағандар ауыр саяси айып етіп таққандар болды.
Талай қиын-қыстау кезеңнің өзінде сыр бермеген тату-тәтті қарым-қатынас Сәбит пен Мұхтар арасында 1939 жылға дейін созылды, теперішті бірге көрді. Болар-болмас қалжыңнан от шықты. Оған екі алыптың жазған хаттары куә. Оның шет жағасын Тұрсын Жұртбай М.Әуезов мұражайынан алып, "Сәбит Мұқанов тағылымы" деген жинақта 1990 жылы, одан кейін "Талқы" роман-эссесінде жариялады. Бірақ толық айтпады, тарта сөйледі.
Ақын жазушының тарихтағы орнын айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі өз елінде, өзінің ана тілінде ардақталған, қадірленген шығармаларының бөтен жұрт тіліне аударылуы. Сәбит Мұқанов шығармалары дүние жүзінің тіліне, оның ішінде әлемдік орыс, ағылшын, қытай, француз тілдеріне аударылып, сан миллиондаған таралымға жетті. Кейбір туындылары әлемдік әдебиет хрестоматиясына енді. Қазақ әдебиеті тарихында өз романын орыс тілінде бірінші болып жариялаған жазушы - Сәбит Мұқанов. 1935 жылы Мәскеудің көркем әдебиет баспасынан "Сын бая" деген атпен "Адасқандар" романы Б.Малдыбаев пен О.Фрелихтің аудармасымен қалың оқырманға жол тартты. Литературная газетада" В.Тевкелидің "Повесть об обреченных" деген ұнамды рецензиясы жарияланғанда дүниені күйдіре сөйлемесе іші кебетін "Комсомольская правда" газеті Р.Шпунттың "Политические слепцы из Гослитиздата" деген зәрлі мақаласында баспаны саяси жағынан тұқыртып, "Литературная газетаны" "адвокаты кулачества" деп айыптады. Мәскеуде көтерілген жел Қазақстанға құйын болып жеткен уақытта Қазақстан Жазушылар одағы С.Мұқановтың "Сын бая" романы туралы арнайы қаулы алып, қалың оқушы жұртшылыққа жеткізбеу үшін кітапты жабық қорда, яғни кітап түрмесінде ұстау туралы шешім шығарды. Әдетте, кеудесінде жаны жоқ, көркемдігінде іліп алары шамалы туынды мұндай әңгімеге ілікпейді. Орыс баспасөзін өз қорасына қасқыр түсіп кеткендей дүрліктірген қазақтың бірінші шығармасы болуының өзі Сәбеңнің пенделік тірлігіне қаншама қиындық әкелгенмен, қазақ әдебиетіне соншама абырой сыйлап жатқаны, дүниеде қазақ деген ел бар екенін сездіріп жатқаны зор қуаныш еді.
Сәбит Мұқановтың әлемге аты белгілі бола бастауы одан әрі жалғаса түсті. Франциядан оралған Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Левон Мирзоян 1936 жылы елге баға жетпес сәлемдеме әкеп бергені тарихтан мәлім. "Сұлушаш" француз тілінде аударылып, Парижде шығыпты. Бұрын Қазақстан аспанында атой салған Сәбең енді әлем әдебиетінің баспалдағын аттап, үлкен-үлкен дарындармен терезесі тең жазушы санатында атала бастады. Сәкен: "Батырақ інім, жарадың", - деген қысқа да нұсқа қоштаумен көкке көтерді. Сәбең болмашыға мәз болып, көкірегін керетіндерге ұқсамай, өзінің қарапайым табиғатымен өндіріп еңбек ете берді. Әр шығармасымен халқын қуантып, абыройын асқақтатты. "Сұлушаш", "Ботагөз", "Өмір мектебі", "Балуан Шолақ", "Мөлдір махаббат" көптеген тілдерге аударылып, қазақ әдебиетінің даңқын шетелге шығарғаны ЮНЕСКО шешіміне негіз болып әлем 100 жылдығын тойлады.
Сәбит Мұқановтың шығармашылығы туралы ұлы ақын-жазушылардың айтқандары мен жазғандарын тізіп жатпай, аты-жөндерін атаудың өзі-ақ біраз сырдан хабар берер. Алексей Толстой, Леонид Леонов, Александр Фадеев, Самуил Маршак, Галина Серебрякова, Аалы Тоқамбаев, Түгелбай Сыдықбеков, Ионас Шимкус, Петрусь Бровка, Максим Рыльский, Сулейман Рагимов, Вадим Собко, Берді Кербабаев, Давид Кугультинов, Имре Тренчени Вальдапфель, Расул Ғамзатов, Мирмухсин, Мұстай Кәрім, Петр Проскурин, Федор Панферов, Шыңғыс Айтматов... Сәбең даңқын әлемге жайғандар, Құдайға шүкір, жетерлік.
Әр дарын өз елінде абыройлы, беделді болса ғана шет жұртқа танылмақ. Ол жағынан Сәбеңде еш кенделік жоқ, тіпті халықтығы жағынан онымен қапталдасар жазушы жоқтығын өңге емес, өзіміздің даналарымыз мойындағанын айтсақ та жеткілікті. 1947 жылы ұлы Мұхтар Әуезов "Жолы кең жазушы" деген еңбегінде: "Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім", - дегенмен-ақ шектелсек те болар еді. Ал баға түгіл, жай сөздің өзіне сараң, талғампаз Ғабит Мүсірепов: "Сәбиттің тарихтан алатын ерекше орны егіз екі саламен келіп, бір арнаға құятын жазушылық еңбегінің нәтижесі. Оның бірі әдебиет қазынасына қосқан Сәбиттің өз шығармалары болса, екіншісі, қазақ кеңес әдебиетінің қозғалысын ұйымдастыру, басқару жағындағы еңбегі", - деген сүбелі ойларына ешкім дау айта алмас. Өз елінен, өз теңдестерінен осыншама биік баға алған ұлы классиктің еңбегін өзгелер онан әрі асыра мақтамаса, кем түсіре қойған жоқ. Орыстың атақты жазушысы Леонид Леоновтың: "Мұқанов талантының алдында басымды иемін", - деп мойындауы алыс, жақын елдер данагөйлерінің түйінді ойы екенінде еш шүбә жоқ. Олай болса, Мұхаңа да, Сәбеңе де ЮНЕСКО шешімін жалынып-жалпайып сұрап алмағанымыз халықтық абыройдың ең үлкені. Осындай ұлыларымыз бен кемеңгерлеріміздің болғанына тәубе дейік.
Қазақ қоғамында күйігі әлі басылмай келе жатқан пенделік мәселенің түйінін шешсек, кейінгі ұрпақ тиісті сабақ алар, алдыңғы ұрпақ байқап сөйлер деп үміттенейік. Тарихтың тазалығын, халық мерейінің асқақтауын тілейік.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.
«Егемен Қазақстан», 28 Шілде 2010
АЛМАТЫ.