ЗІКІРИЯ ЖАНДАРБЕК. "МҮФТИЯТ САЛАФИЛІК АҒЫММЕН КҮРЕСІП ЖАТҚАН ЖОҚ"
Ақтөбеде болған соңғы қанды оқиғалар біздің қоғамның осы күнге дейін уаххабилік-салафилік ағым ықпалы алдындағы шарасыздығын көрсетіп берді. Не ҚМДБ имамдары уағыздарының, не Дін істері комитеті мен облыстық, аудандық, қалалық өкілдіктері тарапынан жүргізілген уаххабилерге қарсы күресінің уаххабилік-салафилік идеологияға тұрар қауқары болмай шықты. Мемлекеттің бұл бағытқа арнайы, елміздің діни-рухани тұтастығын қамтамасыз етуге бөлген қаншама қаржысы желге ұшты? Неге?
Неліктен уаххабилік-салафилік идеологияға қарсы жүргізілген жұмыстың нәтижесі жоқ? Әлде уаххбилік-салафилік ағым ықпалына қарсы тұру мүмкін емес пе? Немесе «анадай шара өткізіп жатырмыз», «мынадай шара өткізіп жатырмыз деп» бөлінген қаржыны желге шашып жатыр ма? Жалпы, осы мәселемен айналысатын ҚМДБ-сы бар, өзге құзырлы органдары бар, солардың уаххабилік-салафилік ықпалына қарсы шындап күресу ниеті бар ма? Менің пайыдауымша, олардың ешбірінде ондай ниет болмаған сияқты. Олай дейтінім бұл ҚМДБ-сынан бастап, аттарынан ат үркетін құзырлы мекемелердің ешбірі уаххабилік-салафилік идеологияға қарсы тұруға қауқарлы қазақ халқының дәстүрлі діни танымы негіздерінің өзегі болған Йасауи жолын өздеріне қару етіп, теріс ағымға қарсы тұрайық деген ниетінің болмауында жатыр. Ол қарумен қаруланбай, уаххабилікке қарсы тұру мүмкін еместігін мойындағылары келмейді. Өйткені, бұл мәселемен шұғылданушылардың барлығы дерлік қазақтың дәстүрлі діни танымы негіздерінен хабарсыз. Менің соңғы бір жылда бұған толық көзім жетті десем болады. Қазақ жастарының санасындағы діни дүниетанымының уаххабилік-салафилік бағытқа қарай ойысқанын, дінге қызығушылық танытатын жастардың 70 пайызынан астамының санасында қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы, уаххабилік таным қалыптасқанын көргеннен соң осындай тұжырым жасауға мәжбүр болдым. Жастар санасында ондай өзгерістердің қалыптасуына ықпал ететін басты орталық еліміздің мешіттері мен ҚМДБ атынан шығып уағыз айтып жүрген А.Сманов, А.Қуанышбаев сияқты уағызшылардың ықпалы болып отырғанын түсініп, дабыл қақтым. Дін істері комитетінің төрағасына хат жаздым және бұл қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын да көрсеттім. Алайда, менің бұл ұсынысым Дін істері комитеті тарапынан қолдау тапқанымен, ҚМДБ тарапынан қолдау таппады. ҚМДБ өздері ұстанған бағыты араб дәстүршілдігінен бас тартпады. Араб дәстүршілдігі мен уаххабилік-салафилік ағымның негізі екендігін, бұл жолдың қазақ қоғамы үшін қаншалықты қатерлі екендігін дәлелдеп мақалалар жазсам да, селт еткен ҚМДБ басшылығы болмады. Сол мақалалардағы ортақ тақырып біреу ғана болды. Ол мешіттер мен ҚМДБ уағызшыларының ұстанған бағыты қазақтың дәстүрлі діни танымына сай келмейтін дәлелдеу еді. Мұндай жағдайда мешіттердің уаххабилік-салафилік идеология ықпалына қарсы тұрады деудің өзі күлкілі емес пе? Ең өкініштісі, ҚМДБ-ға қарайтын оқу орындарында дайындалып жатқан болашақ мамандардың да сол араб дәстүршілдігі бағытында оқытылып жатуы десек, артық айтқандық емес. Демек, біздің ҚМДБ-ның ұстанған бағыты - болашақта қазақты дәстүрлі діни дүниетанымынан толық айыру болып отырғандығын көрсетсе керек. Басқаша айтқанда, тарих сахнасына жаңа типтегі халық шығару деп түсінуіміз керек. Бұл айтылғандар ҚМДБ-ның уаххабилік-салафилік ағымға қарсы күресте қазаққа да, мемлекетке де одақтас бола алмайтындығын көрсетеді.
Ендігі мәселе осы уаххабилік-салафилік ағымға қарсы күресуге тиіс мемлекеттік органдардың ұстанған бағыты қандай деген сұраққа жауап беріп көрелік. Мен бұл мәселеде Дін істері комитеті мен олардың барлық облыстық басқармаларына барлығына қарсы әңгіме айтудан аулақпын. Әсіресе, Дін істері комитеті мен оған қарасты құрылымдарда жанын салып, мемлекет мүддесін қорғап жүрген мамандар баршылық. Қазір мемлекеттегі діни тұрақтылық солардың арқасында сақталып отыр деп айта аламыз. Бірақ, кейбір облыстардағы басқармаларда діни ахуалға формалды түрде баға беруден аса алған жоқ деп айта аламын. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істер басқармасы басшылығы қазақтың дәстүрлі діні негіздерінен хабарсыз екендігін аңғару қиын емес. Оны Дін істері басқармасына қарасты «Әлеуметтік бастамалар орталығының» шығарып жатқан кітаптарын сараптай отырып, көз жеткізе аламыз. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» тарапынан шығарылған А.Төлегеновтың «Ислам атын жамылған кері ағымдар» атты кітабы жарық көреді. Осы кітапты түгел оқымай-ақ, аз ғана көз жүгіртудің өзі – кітап авторының қазақ халқының діни танымының негізін құрайтын Йасауи жолына теріс көзқарасы барлығын, ал уаххабилікке бүйрегі бұратынын аңғару қиын емес. Мысалы, ол Қожа Ахмет Йасауи туралы былай дейді: «Қолда бар мәліметтер, ал олар жалпы жұртқа таныс, сол заманда да дәл қазіргідей сопылық тариқаттар исламның хақ діндік қағидаларына сүйенген «Әһли сунна уал жамағасына», яғни ресми орталығына қарсы ашық күреске ауам халықты ауық-ауық шақырып отырғанын көрсетеді. Енді мұнан түркі әлемінің сопыларының көсемі саналған Қожа Ахмет Ясауи шет қалды дегенге кім сенеді? Тарихта мұндай теке-тірестердің болғанын дәлелдейтін құжат көп. Мәселе жан алысып, жан берісуге барғанын, сондай қақтығыстардың бірінде Қожа Ахмет Ясауидің Ибраһим есімді баласының өлтірілуі де жоғарыда айтылған ойды нақтылап, дәлелдей түседі» (92-бет). Демек, автор Қожа Ахмет Ясауи ислам діні негіздерін бұрмалады, қарсы шықты дегенді ашық айтып отыр. Автор, уаххабилік пен уаххабиліктің негізін салған Абд ал-Уаххаб Нәжди туралы пікірі, керісінше, дұрыс екендігін аңғару қиын емес. Тағы да сол кітапқа жүгінелік: «...Осы орайда «уәһһәбшілдік» өзінің таза ислам негізінде құрылған ағым екендігін дәлелдей алмай отырғанына баса назар аударғымыз келеді» (121-бет). Ал, Абд ал-Уаххаб туралы былай дейді: «...Мемлекет құрушы идеолог Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб пен теріс ағым «уәһһәбшілдік» арасында не тарихи, не рухани, не саяси, не ілімдік ниеттестік, мақсат-мүдделестік байланыс жоқ деп ойлаймыз» (122-бет). Сонда, осы күнге дейін уаххабиліктің негізін салған Абд ал-Уаххаб Нәжди екендігін, Ислам әлеміндегі барлық қасірет осы уаххабилік арқылы болып жатқандығын көріп, дәлелдеп жазып жүрген сансыз зерттеушілердің жазғандарының бәрі өтірік болғаны ма? Жоқ. Мәселе, кітап авторы А.Төлегеновтің діни танымы қазақы діни танымнан көрі, уаххабилік танымға жақын екендігін көрмеу мүмкін емес. Мемлекеттің діни-идеологиялық қауіпсіздігін қорғауға тиіс мемлекеттік мекемеден қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы мұндай кітаптардың шығуы мемлекеттік қаржының уаххабилік ағымның ықпалының артуына жұмыс жасап жатыр деп ашық айтуға болады. Қай жерде кім, қай бағытта жұмыс жасап жатыр? Оны бақылап отырған пенде бар ма? Мемлекет мүддесін қорғап, діни-идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс мекемеден мұндай бағыттағы кітаптар шығып жатса, онда басқалар қайтпек?
Ендігі кезекте осы мемлекеттік органдардың жергілікті аудандық, қалалық деңгейдегі іс-әрекеті қай деңгейде деген мәселеге көңіл аударып көрелік. Басқа жақты білмеймін, бірақ Түркістан қаласындағы жағдай уақыт талабына сай келмейтініне көзім жетті. Уаххабилік-салафилік идеология ықпалына қарсы тұрудың бірден-бір тура жолы-қазақтың дәстүрлі діні негіздері туралы кітап жазу, оны халықтың арасына тарату деген мақсатпен «Қазақтың дәстүрлі діні негіздері» атты кітапша жазып, оны Дін істері комитетінің сараптамасынан өткіздірдім. Қаржылай көмек беріп, бастыратын демеуші табылмаған соң, Түркістан қаласының әкіміне хат жазып, осы кітапшаны бастырып, халыққа таратылуын сұрап, хат жаздым. Ол хатты әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Бөкебаевқа жолдайды. Араға біраз күн салып, Б.Бөкебаевқа барсам, «Тендер өтіп кетті, кешігіп қалдың» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Мен бұл кітаптың маңызын айтып, қанша дәлелдемек болған әрекетімнен ештеңе шықпады. «Қолыңнан келсе, сотқа бер» деп алған бетінен қайтпады. Менің бұл жерде түсінбегенім бір нәрсе болды. Ол – мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе қашаннан бері тендерде шешілетін болған? Бұл мемлекет қауіпсіздігіне тікелей жасалған қианат емес пе?
Міне, құрметті оқырман, еліміздегі салафилік-уаххабилік ағым ықпалына қарсы жұмыс жүргізуі тиіс, еліміздің діни-идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген мекемелердің жағдайы мен ұстанған бағыт-бағдары осындай. Мұндай жағдайда уаххабилік-салафилік ағымның діни-рухани шабуылына тойтарыс беру мүмкін бе? Меніңше жоқ. Сіз қалай ойлайсыз?
Зікірия Жандарбек
Abai.kz