Кәсіби мемлекеттік аппарат мемлекеттік тілді меңгеруі керек
Кеше, яғни,13 маусымында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандум мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыретін арттырудағы өзара ынтымақтастықты көздейді.
Қол қою рәсіміне Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Асылов Қуаныш Жұмабекұлы және Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбдірасылов Болатбек Серікбайұлы қатысты.
Меморандумға қол қою барысында, Қуаныш Асылов бүгінде кәсіби мемлекеттік аппарат тілдерді, әсіресе мемлекеттік тілді меңгерусіз мүмкін емес екенін атап өтті.
- Елімізде тілдерді меңгеруге және дамытуға үлкен назар аударылуда. Біз өзгелерді жәбірлемей, Қазақстан халқының барлық тілдерін дамытуға жағдай жасай отырып мемлекеттік тілді дамытуымыз керек, - деді Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы.
Қорытынды сөзінде Қуаныш Асылов меморандумға сәйкес осы жылы алғаш рет «Мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыретін арттыру» пилоттық жобасы ұйымдастырылғанын, бұл жоба орталық мемлекеттік органдардағы қызметкерлерді мемлекеттік тілде іскерлік тілдік қарым-қатынас дағдысына оқытуды көздейтіндігін атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілерді оқыту кезінде қарқынды-тренингті және қашықтықтан оқытудың жаңа нысаны қолданылатын болады. Жалпы бұл бастама мемлекеттік тілдің дамуына және мемлекеттік аппаратты нығайтуға жаңа стимул береді.
Абай-ақпарат