Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5666 0 пікір 12 Маусым, 2016 сағат 23:23

АСАНҚАДЫР ИСАБЕК. ОН АЛТЫНЫҢ ОЙРАНЫ

( поэма )

СӨЗ БАСЫ:

1916-жылдың маусым айында патша үкіметінің бұратана халықтардан, оның ішінде қазақтардан 16 мен 31 жас аралығындағы жігіттерді майданның қара жұмысына

алу туралы жарлығы шықты. Қазақ жеріндегі үстемдігін нығайтып, халқын тоз-тоз қылу мақсатында жасалған бұл  жарлық халықтың ашу-ызасын тудырып, қанды шайқасқа,  

жаппай үркіншілікке әкеліп тіреді.

 

- 1 -

 

Азынаған Арқаның ақ бораны,

Апта болды толас жоқ, тоқтамады.

Ақ боранмен алысқан бейбақ малшы,

Айналшықтай береді ақ қораны.

 

Ақ үміттің әзірге жоқ хабары,

Ақ боранда өр жігер тапталады.

Алабажақ дүлейден отар қойдың,

Аппақ қора жандарын ап қалады.

 

Қиыстырып жасалған талдан өріп,

Қора маңы қоршалған шарбақ еді.

Қара жігіт шарбаққа шөп тастаса,

Қара дауыл кетеді қарға көміп.

 

Қар аралас шөпке отар бас салады,

Көп қорқаудай қызарған қанға жерік.

Өмір, өлім осылай таласады,

Жанасады жас шопан талға келіп.

 

Жанасады... ой ағып өзегінен,

Өз өмірін ойменен кезеді кең.

Өкінбейді азапқа түстім-ау, деп,

Қауышқанда жаңа кеп өз елімен.

 

Ақ сағыныш арқалап асқан еді,

Кеше ғана Қорғастың кезеңінен.

Атажұртқа тезірек жеткісі кеп,

Тепкісіне қытайдың төзе білген.

 

Ой желісін жас жігіт бұрды мұңға,

Сұмдық жатар заманның шындығында.

Әкелері Қытайға ауған екен,

«Он алтының» қандыауыз қырғынында.

 

Көштің басын бұрыпты біраз қазақ,

Жүрмеймін деп кәпірдің құлдығында.

... Жан суырған Арқаның ақ дауылы,

Жас жігіттің жігерін сындыруда.

 

Дүлей боран қораға шүйлігуде,

Өткен өмір өзегін күйдіруде.

Әкелері ауыпты арғы бетке,

Көнбеймін деп кәпірдің билігіне.

 

Шекараны сүймейтін сайран қазақ,

Кезікпепті ол жақта күйлі күнге.

Қатал заман қаһары душар етіп,

Илікпейтін бастарын илігуге!..

 

Күн кешіпті онда да илікпестен,

Заманнан да, адамнан сый күтпестен.

Осындай бір қаралы күндер бопты,

Шалқып жатқан Албаннан күй, құт көшкен.

 

Зеңбіректің сесімен жеңген орыс,

Тарпаң жердің тентегін тидық дескен.

Осындай бір зәһарлы күндер бопты,

Текті елдің тағдырын миғұрт шешкен.

 

- 2 -

 

Аққа оранып Арқаның атырабы,

Ақ көбікті ақ дауыл сапырады.

Ақ дауылмен ешқандай ісі жоқтай,

Тойынған қой күйістеп жатыр, әні.

 

Қара дауыл кенеттен ұйтқып кетсе,

Қалтырайды үміттің жапырағы.

Тал шарбаққа сүйенген жас шопанды,

Тауға қарай бір арман шақырады.

 

Бір Арман шақырады тауға қарай,

Шыңынан шұғылалы жауған арай.

Қалықтап қазір ұшып жетер еді,

Қолтықтар қанатының болмағаны-ай!

 

Қорғасқа көштің басы тірелгенде,

Амалдап, сонда түсіп қалмағаны-ай.

Көзіменен жер шұқып шопан жігіт,

Қарға қарай береді, малға қарай...

 

Шекарада бұларды қақ бөлген-ді,

Бір қауымға бөлінер шақ келген-ді.

Бабамыздың бейіті жатқан жерге,

Барсақ деген тілегі жалт берген-ді.

 

Ұзынағаш апарып біреулерін,

Ұлытауға бұларды ап келген-ді.

Осы жерде жаса деп тірлігіңді,

Отар қойды алдына сап берген-ді.

... Қазақтың кең жері еді қайда барса,

Қоныс етпеген еді жат жерлерді.

 

Арғын, Найман қарсы алып Арқадағы,

Жат көрмеді бұларды, алқалады.

Сый көрсе де Шеңбердің шалдарынан,

Тауға деген сағыныш тарқамады.

 

Албанға атақоныс, жер төресі –

Алып-ұшып аңсайды Қарқараны.

Отар қойды еріксіз баға берді,

Өзегінде өртеніп бар талабы.

 

- 3 -

 

Асқар, асқар, асқар тау – асыл мекен,

Асқар таудың бұлт тұрар басында әсем.

Аспантауды жайлаған қазақтардың

Әнмен өткен әр күні ғасырға тең.

 

Алып таудың жүрегін сыздатып құр,

Асқарында ақ шыңның мұз қатып тұр.

Әр күн әуре сол мұзды жібіте алмай,

Шығыстан шуақ төккен ізгі ақық нұр!..

 

Ғасыр сайын қалыңдап қабыршығы,

Жұмыр жердің мүлгіп тұр тәуір шыңы.

Шың басына жай сұрап жанасады,

Қыранның тек қылыш жүз қауырсыны.

...Дәл қырандай дүниеден табу қиын,

Таудың мұңын ұғатын тамыршыны.

 

Хас биікте – қыранның ырыс әні,

Қыран мен тау өзді-өзі ұғысады.

Қыранның да, таудың да көкірегінен,

Арман лаулап сол сәтте мұң ұшады.

 

Асқар, асқар, асқар тау бұлт басқан,

Тау басынан түсті бір сынып дастан.

Асқар тауға сүйенген Албандардан

Шақ болыпты бақ тайып, ырыс қашқан!.

 

Тау арасы – жасыл бел, жасыл дала,

Тірек болған тектіге, тасырға да.

Жасыл дала төсімен арлы-берлі,

Көпестердің өтетін көші ырғала.

Қарқарада бастайтын қызу сауда,

Әрбір көпес тігіп ап қосын дара.

 

Қытай, дүнген, орысы, өзбегі бар,

Пайда іздеп келетін елге бұлар.

Тұмсықтарын майлы асқа батыратын,

Топ құзғындай таңсықтау жемге құмар.

 

Тең-тең бұйым келерде тиеп алып,

Бастарына пайданы үйеді анық.

Қазан түсе қайтатын елдеріне,

Тоқтыны алып, тайды алып, түйені алып!..

 

- 4 -

 

Қойнауынан жүз түрлі гүл атқылап,

Құлпыратын жаз сайын қырат-қырат.

Қоңыр елдің соғатын жүрегінде –

Ел, жер деген қастерлі бір-ақ мұрат.

 

Тұнығынан тұманың қанып ішіп,

Аз көрмесе бір-бірін сағынысып;

Болмысынан бұла еді, бостан еді,

Тәлімінен тірлігі жарып ұшып.

...Көптен бері сол елдің жүретұғын,

Кәпір көрсе ызадан тамыры ысып.

 

Жайлау буы жандарын желпіндіріп,

Еркін жүрген ел еді, еркін күліп.

Қоныстанып жатқан кей мұжықтарға,

Қарамайтын адам деп, бөркін бұрып.

 

Ақ патшаның болған соң билігінде,

Алатаудан аспайтын ол күнгі үміт.

Кенет “Маусым жарлығы” кетпегенде

Тұлпар елдің төзімін толқын қылып!..

 

Жүйрік баптап, тай-құнан жарыстырып,

Жабылықты, ездікті намыс біліп.

Тазалыққа тәу еткен көшпенді еді,

Сәл ескірсе қонысын ауыстырып.

 

Жыр-думанмен көркемдеп арай-күнін,

Жаз жайлауын ұжмаққа балайтұғын.

Жирен сақал, желбуаз келімсекке,

Жеркенішпен “кәпір” деп қарайтұғын.

 

Тәңір берген құт көріп тау, даласын,

Адалдықпен ішуші ед алдағы асын.

Міне, осындай мүмін ел дүрлігіп тұр,

Қырқысудан басқа амал қалмағасын.

 

- 5 -

Бас кеңсесі Қарқара жәрмеңкесінде орналасқан Жаркент уездінің приставы Подворков халыққа патша жарлығын жеткізіп, жауабын айтуға 3 күн уақыт береді.

 

Шуақ шашқан көктегі қылғып Күнді,

Аяр жарлық Алашты дүрліктірді.

Ауа да алмай, жауа алмай томсырайып,

Алатаудың басында бір бұлт тұрды.

 

Сәл қозғалса болардай өмір ойран,

Бір бұлт тұрды қайысып ауыр ойдан.

Ажар қашып жайқалған жаз аймақтан,

Тау мен дала түнеріп, қоңырайған.

Дейтіндей-ақ: “Көніп ем көп мазаққа,

Дәл мынаған таусылды менің айлам!”

 

Кербез өлке төсінен ән шықпастан,

Бір бұлт тұрды еңсені жаншып-басқан.

Бұрын-соңды бұл жерде болмағандай,

Бұла дәурен – бақыты шалқып-тасқан.

“Уай, дүние! Балықтай екенсің-ау,

Алтын қармақ басынан шоршып-қашқан!”

 

“Шынымен-ақ қасірет төнгені ме?

Шынымен-ақ апаттың келгені ме?

Илеуіне илікпей көне берер,

Ақ патшаның бұл қазақ ермегі ме?!

 

Шырмауына шыдап-ақ келіп еді,

Шын қасірет төніп тұр елге міне.

О басында бекер ақ болған екен,

Өрмекшінің бас сұғу өрмегіне!

 

Шынымен-ақ үміттің сөнгені ме?

Шынымен-ақ жігердің өлгені ме?

Жоғалтудың амалы қазақты бұл –

Жігіттерді берді не, бермеді не?!

 

Көрерің осы ма еді, уа, Жәмеңке,

Жер ортасы – жетпіске келгеніңде?

Шықпастай қып тығынын тыққалы тұр,

Кіргізіп ап бұл кәпір шөлмегіне.

 

Бұдан әрі көнді не, көнбеді не?

Ұрпағы өлсе – ұлттың да өлгені де.

Ұран салып, найза алып, атқа қонсын,

Ат салайын елімнің ерлеріне!

Қандайлығын көрерсің, қансыз иттер!

Қалың елдің қол салған жөргегіне!”

 

Көптен бері қалғандай ақпай қаны,

Ақылына жүр еді таппай дәрі.

Таразыға сап келіп талай ойды,

Жәмеңке би осылай шорт байлады.

 

Шорт байлады – жанары шоққа айналды,

Өзге жолдың жанына жақпай бәрі.

Тұла бойын балқытып бара жатты,

Сел боп аққан намыстың ақ қайнары!

Сел боп аққан ашудың ақ қайнары!

 

“Даланы алды, тауды алды, қаланы алды,

Баланы алса өмірдің жоқ қой мәні!..

Қорған болар, дос болар деп сенген ед,

Сорға айналған бұл орыс отқа айдады.

...Жел өтінде желкілдер күн бар ма екен,

Қайғысы көп қазақтың көк байрағы?!”

 

- 6 -

 

Ақбейіттің бауыры,

Жәмеңкенің ауылы.

Жиылуда осында

Албан ата қауымы.

Барлығын да жинаған –

Сұм жарлықтың дауылы.

 

Бала да бар бұл жерде

Басылмаған арыны.

Таяқ ұстап үлгерген

Табу да оңай кәріні.

 

Балуан да бар сызданған

Жер иіскемей жауыры.

Батыр да бар ызғардан

Қайтпайтұғын жалыны.

 

Ақын да бар ел десе,

Солқылдаған тамыры.

Момын да бар өзгеше,

Ұры да бар кәнігі.

 

Сөз ұстаған жақсы бар –

Көпке түскен жарығы.

Байлар да бар баққұмар –

Әрі жуан, әрі ірі.

 

Барлығын да жинаған

Нәлет атқыр нақұрыс

Ақ патшаның әмірі.

Барлығын да қайрауда

Өр намыстың шарығы!

 

Өр намыстың шарығы

Ел жігерін қайрауда!

Ер жүрегін қайрауда!

Патша жарлық қылыпты,

Бала бер деп майданға.

Майданға емес – қайраңға.

 

Қайраңға емей, немене,

Қару бермей қолына,

Қан майданға шақырса

Қара жұмыс жайғауға?!

 

Орда бұзар жастағы

Небір атпал жігіттің

Зығырданы қайнауда.

Қан майданда қарусыз

Құшармыз құр ажал деп,

Көңіліне қайғы - ауда.

 

Өзге жерде өлгенше –

Қос қолдары байлауда;

Тауын, тасын жастанып,

Қиянатшыл кәпірдің

Жағасына бас салып,

Құрбан болса болмас па ед,

Қасиетті бұл қойнауда!

Қасиетті мынау сайларда!

 

Бұндай тажал үкімге

Қарсы тұрар бар ма айла?!

Қарсы тұрар бар ма айла?!

Нелер батыр, нелер би

Осы жағын ойлауда.

 

- 7 -

 

Айтатұғын “жоқ”, “барды”,

Мөлшерлі шақ боп қалды.

Қалың қауым бір сөзбен

Бір байламға тоқталды:

 

 - Бұдан әрі ұлыққа

Салдырмаймыз қақпанды.

Ұлы үмітпен анамыз

Ұл деп бізді тапқан-ды.

Бата берген бабамыз:

“Жығылсаң да жағаңа

Жолатпа деп жат қолды!”

 

Қарын қару талдырған,

Ерлік отын жандырған.

Жайпап талай дұшпанды,

Жерді қорғап, қалдырған;

Ұмытқандай болыппыз

Баба үмітін ақтауды.

 

“Тәуекел” деп тас жұтсақ,

Әруағы оның сақтар-ды.

Әзірлеңдер қолда бар

Найза, қылыш, шоқпарды.

Жаратыңдар суытып

Жілікті айғыр, аттарды.

 

Қабырғамыз қақырап

Сөгілетін шақ болса;

Жаудың күші басым боп,

Шегінетін шақ болса;

Қытай жаққа ауармыз

Асып анау ақ қарды!..” –

 

деген Ұзақ сөздері

Бар жүректе жатталды.

Соғыс сәті жақындап,

Қалың қаудай лапылдап

Әр жүректе от жанды.

 

Серт байласып, Құранды ап,

“Райымбек!” деп ұрандап,

Азуынан от шашқан

Аждаһамен айқасқа

Қалың қазақ аттанды!

 

 - 8 -

 

Жетісудағы, оның ішінде Қарқарадағы көтерілісті басу үшін Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин 3 дружина, 7 атқыштар ротасын, 5 жүздік, 14 зеңбірегі

бар бір батарея, 2 пулеметшілер командасы бар екі казак полкін жібереді. 16 болыс Албанның басты адамдарын айламен қолға түсіріп, 17 адамды Прежевальск түрмесінде атып өлтіреді.

 

Өртке оранды жәрмеңке,

Ашуына мінді Албан.

Ерін алып баурына,

Асаудай боп тұлданған.

 

Ұлық қашып құтылған

Момын елді құлданған.

Саудагер де қалмаған

Мұрты май боп, жырғалған.

 

Дауыл ұрып, төңкеріп

Асқар-асқар шыңдардан;

Кеше ғана гүл болған

Жәрмеңкеден күл қалған.

Тасқындаған толқыннан

Қызыл қанға боялды

Ұжмақтай боп тұрған маң!..

 

Кек қайраған қазақтың

Атқа қонды еркегі.

Бүгіні – бұл, белгісіз,

Не болады ертеңі?!

 

Шырғалаңнан ап шығар

Құрықталып басшы бар

Қалың елдің кеудесін

Ащы өкініш өртеді.

Абызы жоқ – абдырап,

Қан майданнан қалжырап,

Толқып тұрды ел сеңі.

 

“Атаңа нәлет аярлар!

Елге тұтқа болатын,

Қиыннан ақыл табатын

Ерлерді байлап әкетіп,

Қиып та кетті желкені!

Басып та кетті еңсені!

 

Қапыда жауға алдырған,

Қапыда қақпан шалдырған

Өкініштің жоқ өлшемі!

Өкініштің жоқ өлшемі!”

 

Құсықтан шыққан Жәмеңке*

Аспантаудың көркі еді.

Құрманнан туған ер Ұзақ

Солқылдап тұрған серт еді.

 

Серікбай, Сыдық, Әубәкір,

Жаңабай, Нүке, Диқанбай

Лапылдап тұрған өрт еді.

Тұрлығожадай айбатты,

Бекдайырдай қайратты

Айттан тумас ер тегі.

Құдиярбек те Шоғанның

Суықтан сақтар бөркі еді.

 

Айтып айтпай не керек,

Патшаның есін қашырған,

Атағын көкке асырған,

Алшаң да басқан Албанның

Осылар еді “тентегі”,

Осылар еді көркемі!

 

Осылар еді нағыз ер

Басын да байлап ажалға,

Қарсы да шауып тажалға,

Қарсы да тұрып зауалға,

Қорғаған мынау өлкені!!!

 

- 9 -

 

Қалмаған соң көшуден басқа амалы,

Қалың қазақ тәуекел жастанады.

Кезең асып Қытайға кете барған,

Көшке тізіп кемпір-шал, жас баланы.

 

Жол үстінде талайы оққа ұшады,

Ажал сеуіп асудың тас қамалы!..

... Әкелердің өмірін еске алса,

Жас шопанның жанынан жас тамады.

 

Қара нарға үмітін теңдеп алып,

Қоныстапты қолайлы жерге барып.

Қалмақ, қытай кездігін кезенеді,

Қаймана елге сапардан келген арып.

 

Қытай билік құрғанмен, ол жерлерді

Құдай баста қазаққа бергені анық.

Жөндем жерге жантая жайғасыпты,

Жадаған жұрт арманын шерге малып.

 

Көшкен елге қай қоғам төрін берсін?!

Құтылған соң дөп келген өлімнен шын.

Құлжа, Құштай, Текесті** мекен етіп,

Қыздырады қайтадан өмір көркін.

 

Қара шалға қайтадан бала ереді,

Қарадала төсінде мал өреді.

Кенет... қайта сұрланып заман жүзі,

Қараяды қазаққа көрінген Күн.

 

Дүниеге келсе де Қытай барып,

Көрген еді тағдырдан құқайды анық.

Тоғызында әкесі ажал құшып,

Дөңгеленді дүние үш айналып.

 

Жұртқа келген жоқшылық жаудай төніп,

Жастайынан талабын тұсайды анық.

Қара жұмыс қатайтты қаршадайдан,

(Қолдап жүрді бақыттың құсы айналып).

 

Мақсат етіп Отанын гүл жасауды,

Мао Цзин*** жанарын қырға салды.

Лөгейлерді**** жұмысқа құлша жегіп,

Отқа салды халықты суға салды.

 

Қайткенде де өзге елден қалмауды ойлап,

Құлжа***** салды, Құлжаға мұржа салды.

Қара жұмыс қазақты тапты тағы,

Кім қуарып белгілі, кім жасарды?!

 

Он жасында еңбектің шамын жақты,

Он бесінде шахтаның дәмін татты.

Жесір ана, жетімек бауырды ойлап,

Жандайшаптың болса да малын бақты.

 

Бұғы бақты, тай бақты, өгіз бақты,

Күн астында қытайдың шөбін шапты.

Өмір үшін әйтеуір арпалысты,

Қашан оны қу өмір дамылдатты?!

 

Тасқа тамыр суарған өскін еді,

Бала күні, қайсыбір ес біледі.

Анау таудың артында қазақтың кең

Даласы бар дегенді естіген-ді.

 

Өзегінде ойрандап орыс салған,

Жарасы бар дегенді естіген-ді.

Арылмаған сандаған ғасырлардан,

Наласы бар дегенді естіген-ді.

 

Қыран ұшса қанаты талатұғын,

Ойын арбап, бермеді дала тыным.

Аян беріп әруағы бабасының,

Сезді бірақ сол кезде-ақ бала жүрек,

 

Түптің-түбі сол жерге баратынын.

Жанса бағы сол жерде жанатынын.

... Боданында орыстың екендігін,

Білмеп еді бірақта,

Бала тұғын!..

 

СӨЗ АЯҒЫ:

 

Мұздай қаруланған патша әскерімен шайқаста шегініп, қытай ауған халықтың біраз бөлігі 1917 жылдың көктемінде, және бір легі 1956-1962 жылдары атажұртқа оралады. Түрлі себептермен елге орала алмай, әлі күнге Қытай жерінде тіршілік етіп жатқандары да баршылық! 

 

* - Албан елінің басты адамдары, көтеріліс құрбандары,

** - жер аттары,  

*** - Қытай мемлекетінің басшысы,

**** - қара жұмысқа жегілген қылмыстылар,

***** - қала, Іле Қазақ облысының орталығы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534