Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4461 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 19:17

Міржақып кесенесі құлағалы тұр. Музей үйі де қараусыз қалған

Алаш көсемдерінің бірі, XX ғасырдың басында қазақ халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қызбел (Бидайық) ауылындағы кесенесі қауіпті жағдайда тұр деп хабарлайды Baq.kz сайтының тілшісі.

1989 жылы Міржақып Дулатовтың сүйегі Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатованың бастамасымен, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, белгілі кино-режиссер Халила Омаров, танымал журналист Қайсар Әлім және өзге де адамдардың қатысумен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерленген болатын.

Кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірмановтың айтуынша, Жақаңның зиратымен қоса сол жерге салынған музей үйі де мүлде қараусыз қалған көрінеді.

«Міржақыптың басына зиярат етіп келушілер көп. Рухани салаға қатысы бар адамдармен қоса қарапайым адамдар да алыстан ат терлетіп келіп жатады. Өкінішке орай, бұл аумақ ешқандай бір мемлекеттік мекемеге тән емес болып, қараусыз қалған соң Қызбел ауылының әкімдігі сот шешімі арқылы өз қарамағына алған болатын. Бірақ, шалғай ауылдағы шағын әкімдікте кесене мен музейді ремонттап, коммуналдық шығындарды төлеп, күтіп ұстауға қаржы тапшылығы қатты әсер етіп отыр. Музейге электр жүйесі тартылмаған, келген қонақтарға фонарик жағып, қызмет көрсетемін. Кесене мен музей аумағын тазалап, күтіп ұстауға өзім жүгіремін. Еш мекемеге қарасты болмаған соң айлық та төленбейді. Тек, ұлы әруақ үшін жыл он екі ай тегін қызмет көрсетемін», - дейді шырақшы

(https://baq.kz/kk/news/asil_kazina/ekskluziv_mirzhakip_dulatulinin_kesenesi_kulagali_tur__foto).

Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерде ауыр науқастан көз жұмған еді.

Болмаса басыма да бармас па екен?

Атымды аузына да алмас па екен?

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен? - деп жырлаған  ақын.

Міржақып Дулатұлы – Сталиндік репрессияның құрбаны. Алаш ардагерлерінің арасында сүйегі алғаш табылып, мәйіті туған жерінің құшағынан орын тауып еді. 1992 жылдары тұрғызылған Міржақып кесенсі қазір құлап қалғалы тұр. Ақынның кесенесі мен музей үйіне Мәдениет министрлігінен бастап тиісті орындардың бәрі көңіл бөлуі керек.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419