БИЛІК "ХАЛЫҚТАН" ТЕРРОРШЫ ЖАСАП ЖҮРГЕНДЕ, НАҒЫЗ ТЕРРОРИСТЕРДІ ҰМЫТ ҚАЛДЫРДЫ
Кеше Ақтөбе облысындағы атыстар салдарынан 20 адамның зардап шекендігі айтылды. ҚР ІІМ мәлімдемесінде 4 адамның қаза тауып, 7 күдіктінің ұсталғандығы және олардың екеуінің атыстар кезінде жарақат алғандығы да хабарланды.
Аталған оқиғаға қатысты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқы жүріп жатыр, қазір. Ақтөбедегі атыс туралы ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өзінің «Твиттердегі» жеке парақшасында «Қасиетті Ораза қарсаңында орын алған Ақтөбедегі терракт – төтенше цинизм мен қарақшылардың қатыгездігінің көрінісі. Олардың жазалануы үшін қазір ең ауыр шаралар қолданылуда», - деп жазыпты.
Жазалануы тиіс! ІІМ мәлімдемесінде ұсталғандардың дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері болуы мүмкін екендігі де айтылды. Дәстүрлі емес дін өкілдері деген кімдер? Терракт неге дәл осы күні жасалды? 5-маусымдағы атыстың артында көптеген көмескі сұрақтардың жасырынып тұрғаны да рас.
Күллі әлемге «тұрақтылық пен тыныштықтың тал бесігі» атанған Қазақстанда террористік шабуылдардың орын алуы мүмкін екендігі бірнеше дүркін БАҚ-та жазылды. Өкінішке орай, ІІМ бұны ерен санамаған сыңайлы.
Қазақстан мен Орталық Азия елдері содырлардың келесі нысаны болуы бек мүмкін деп жазды шетелдік БАҚ. ІІМ бұған да назар аудармаса керек. Бұл кезде Қазақстанның құқық қорғау органдары «Жер сатылмасын және жалға берілмесін» деп, ешбір қарусыз бейбіт шеруге шыққан азаматтарды тұтқындаумен әуреленіп жүрген еді.
Жер мәселесіне қатысты талап-тілегін билікке бейбіт жолмен жеткізбек болған халықтан террорист жасамаққа әрекеттенді. Алаңдардан жарылғыш заттар, қару-жарақтар тауып алып, бет-жүздері жасырын әлде біреулерді тұтқындап жатты. Осы кезде билік әр жерден «майдан» іздеудің орнына нағыз экстримистерді бақылауда ұстауы керек емес пе еді?! Өкінішке орай, біздің биліктегі құзырлы органдар қауіптің алдын алғаннан гөрі, салдарымен күрескенді жөн көретін секілді.
Осы оқиғаға қатысты қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы арнайы «Abai.kz» порталына пікірін білдірді.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
- Шын мәнісіндегі еліміздегі экстримизм, оның ішінде діни экстримизм мәселесі баяғыдан бері айтылып келе жатыр ғой. 90-жылдардан бері біздің саясаттанушыларымыз, қоғам қайраткерлері идеология, дінтану мәселесін бет-албаты жіберуге болмайды дегенді айтып-ақ келеді. Бұл мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек еді. Өкінішке орай, биліктегі органдар бұған айтарлықтай назар аударған жоқ. Бұл жерде биліктегілердің айтқаны – Қазақстан қауіпсіздіктің діңгегі, бұндай болуы мүмкін емес деген еді. Содан кейін 2010-2011 жылдарда еліміздің бірнеше облыстарының орталықтарында лаңкестік оқиғалар орын алды. Ол кезде де қан төгілді. Ол кезде де бейбіт азаматтар оққа ұшты. Алайда сол оқиғалардан кейін биліктің алға тартқаны – үстіртін шаралар ғана болды. Мысалы, жаңадан Заң қабылдау, бұрыңғы Дін істері бойынша комитетті агенттік деңгейіне көтеру, құқық қорғау орындарына қосымша лауазым беру және тыйым салу, қысым жасау, қамау т.б.
Сол жылдан бастап, біздің сарапшылар тағы да ескерткен еді. Ең негізгі басымдық түйткілдердің салдарымен емес, себептерімен айналысуда болуы керек еді. Рас, ондай қауіпсіздік шаралары керек қой. Бірақ, бұл мәселеде ең негізгі басымдық – жастар мәселесімен айналысу, идеология мәселесі, біздің дәстүрлі ислам дінін дәріптеу керек еді. Бұл жерде тек біздің мемлекеттік органдар ғана емес, діни басқарманың да насихаттық жұмысына назар аударылуы керек еді. Өкінішке орай, билік мұндай шараларға аса бір мән берілмеді. Сол 2011 жылдағы шаралардан кейін жаңағы секталардың бірсыпырасы астыртын насихат жұмыстарына өтті, бірталайы жасырынып қалды. Бірақ, бұлардың ерте ме, кеш пе түбі шығатыны белгілі еді. Айту қиын. Қазір дүниежүзінде экстримизим мәселесі ушығып тұрғанын білесіздер. Мына, Сириядағы, Түркиядағы жағдайлардан құлақдарсыздар. Тіпті солардың сапында біздің де азаматтарымыз бар. Ушығып жатқан әлеуметтік экономикалық мәселелер бар. Бұлар да жаңағы Ақтөбедегі оқиғалардың себебі болуы мүмкін. Жастар мәселесі тағы бар, олардың жұмыссыздығы, олардың сырттан келетін насихатқа қарсы тұра алмауы бар т.б. Осының барлығы кешегі оқиғаның нәтижесіне әкеліп соқтырып отыр.
Қалай болғанда да ойлантарлық жайт. Күні бүгінге дейін ресми БАҚ-тан бұл мәселеге қатысты нақты реакциялар көріп отырғанымыз жоқ. Бұрыңғыша әлем-жәлем әзіл, көңіл көтеретін бағдарламалар, бір сөзбен айтқанда ырың-жырың. Нақты қоғамдық іс-шараларға қатысты ешбір дүниелер жоқ.
Сосын жаңағы өзіңіз айтқандай, біздің құқық қорғау органдары өздерінің ең негізгі мақсаттарынан адасып қалған секілді. Өзінің елін, жерін сақтап қаламыз деп, бейбіт шеругерге шыққан азаматтарды шетінен қамап, шын қылмыскерлерді бақылаудан шығарып алуы үлкен ағаттық. Азаматтарды қорғаудың орнына, өздерін қамап жүргенде, экстримистік сарындағы қозғалыстарды назардан тыс қалдырды. Бұл кездейсоқ дүние емес, бұл ерте ме, кеш пе орын алатын еді. Осындай қателіктерге жол берген органдар жауапқа тартылуы тиіс!
Бұл жерде жаңа кадрлық шешімдер керек, осы мәселемен сауатты түрде айналысатын адамдар келуі тиіс құқық қорғау орындарына, идеология орындарына, ақпарат орындарына. Діни басқармаға да кадрлық өзгерістер жасалуы тиіс. Себебі, осындай мәселелерде діни басқарманың да бей-жайлылық танытып, еш шара қабылдамай отырғаны жасырын емес. Қазір нағыз біздің жастарымыздың сана-сезіміне идеологиялық майдан жүріп жатыр. Осы майданда біздің құзырлы органдар тағы бір мәрте үлкен жеңіліске ұшырап отыр.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz