ҚАЗАҚСТАН 114 МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРЫЗ
Сорымызға қарай, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы 114 мемлекетке қарыз екен. 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 153,5 миллиард доллар болыпты. Мәселен, Өзбекстан Республикасы бірде-бір мемлекетке қарыз емес. Бірнеше мемлекетті асырауға жететін осыншама қыруар қарыз қандай игіліктерге жұмсалды? Тек Қытайдан алған қарызымыз 18 миллиард доллар екен. Елімізде әрбір жаңа туған нәресте 10 мың доллар мемлекетке қарыз. Масқара емес пе? Осыншама көп қарыз ел мүддесіне жұмсалды ма, әлде жеке қалталарға құйылып кетті ме? Мұны қазіргі билік салтанат құрып тұрған кезде зерттеу, жарыққа шығару мүмкін емес екенін өздеріңіз білесіздер.
Өткен сенбіде, яғни, 21 мамыр күні тек Алматы қаласында Қазақстан жерін шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсы көшеге, шамамен 15 мыңнан астам адам шықса, соның 2 мыңнан астамы қолы арқасы қайырылып, ұсталды, қамалды. Солардың ішінде 43 журналист бар екен. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайдан бастап, кейбіреулері 42 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген. «Билікті күшпен басып алуды насихаттады» деген сылтаумен белгілі әнші-сазгер Жанат Есентаевтан бастап, Талғат Аян, Ердан Башанов, Макс Боқаев, Сағынғали Қапизов, Қабайдолла Шолақ секілді адамдар бір жарым жылдық немесе одан да жоғарғы көлемдегі қылмыстық жауапкершілікке тартылғалы жатыр.
Бұрын да айттық, қазір тағы да қайталайын. Елімізде демократия – «жемократияға», экономика – «жекономикаға», депутаттардың көпшілігі «жепутатқа» айналып кетті. Сондықтан мұндай мәселелерге біз бей-жай қарамауымыз керек.
Ең алғашқы жиында жер туралы құрылған комиссияның 11 мүшесі ғана «жер шетелге сатылмасын және жалға берілмесін» дегенді қолдады. Ал бізге қарсы дауыс көтергендердің саны 59 адамға жетті. Бірақ біз алған бағытымыздан қайтпаймыз. Егер шындық ашық түрде мойындалмаса, жер мүддесі туралы көтеріліс те тоқтамайды. Мұны биліктің сойылын соғушы кейбір комиссия мүшелері білуі керек. Комиссияның екінші жиынында 59 адамның кейбіреулері шындыққа қарай бет бұрғанын да назарда ұстағанымыз жөн.
«Жер Қазақстан азаматтарына да сатылмауы тиіс. Бірақ жалға беруге болады» деп жатырмыз. Тек бір мәселені қатаң түрде ескеруіміз керек. Бүгінгі таңда 24 мың қазақ қызы қытай жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Қыздарымыздың бұл үрдісі үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Болашақта Қазақстан азаматшасына үйленген қытай күйеубалалар сан миллиондаған гектар жерді жалға алып, қытай құдаларды қаптатса қайтеміз? Сондықтан аралас некелі адамдардан келетін қауіпті жер туралы заңға ендіруіміз қажет.
Жаңа Оразалы Сәбден өте жақсы айтты. Ол біздің экономикамыздың қиыр-шиырын және проблемаларын өз жүрегінің елегінен өткізген азамат. Сондықтан оның ұсынысын басты назарда ұстап, соның төңірегінде жұмыс жасауымыз керек.
Тағы бір мәселе: «Үш тұғырлы тіл» де мемлекеттік тілді жоюдың және қазақ ұлтын жоюдың төте жолы.
Мен жер мүддесімен шұғылданатын комиссия мүшелеріне мынадай бір шумақ өлең арнадым:
Шындық шыңына бет бұра алсаңыздар, сау болыңыздар,
Есектер шыға алмайтын тау болыңыздар.
Жерді шетелге сатуға, жалға беруге,
Және өз адамдарымызға сатуға да,
Бітіспес жау болыңыздар!
Әумин!
Мұхтар Шаханов
(28 мамырдағы жер туралы комиссияның үшінгі отырысында сөйлеген сөзі)
Abai.kz