АҚШ БАЛАНЫ ҒЫЛЫМҒА ҚАЛАЙ БАУЛИДЫ?
Аллаға шүкір, біздің Димекең де Elementary School-дағы алғашқы жылын ойдағыдай аяқтады. Бітіру салтанатына қатысып қайттық.
Осы ретте, өзім байқаған бір-екі мәселені сіздермен бөлісе отырғанды жөн көрдім.
АҚШ мектептерінде (нақтырақ айтсам, Сан Францискодағы қазақ орта мектебінде, қалжың, Hillcrest Elementary School-ында) сабақтан тыс шараларға өте сүлесоқ қарайды екен. Сабаққа нұқсан келмесін дей ме, әлде, өздері соған да риза ма, әйтеуір, мерекелік шаралары, ашық сабақ, қойылым, кеш деген сияқты жиын-тойлар дайындықсыз, шашыраңқы, жүрдім бардым өте салады. Бірақ, ұстаздар да, ата-аналар да мәз соған. бір ғана мысал, олардың акт залында тұрған аппаратты қазір біздегі шалғай ауылдың мектебі де ұстамайды.
Бізде қалай? Бізде, керісінше, бар күш-жігер, уақыт, қаржы сондайға сарп болмай ма? Балабақшадан бастап тақылдап тақпақ айтуға, саxнаны өлтіріп безендіріп, жарқырап киініп шығуға дағдыланамыз ғой. Меніңше, екі жақтікі екі экстрим сияқты. Ортасын табу керек-ау.
Екінші мәселе. Бұлардың бір ұстанымы - ешқашан баланың мүмкіндігін шектеме (недооценивать, underestimate). Мысалы, kindergarten (нулевой) бітіріп жатса да, Димаштар non-fictional writing бойынша ғылыми жоба дайындады. Қалай дейсіз ғой.
Әр балаға бір-бір жануардан таңдатып, соларды зерттеуге уақыт берді. Сол уақыт ішінде әркім өз жануары туралы кітаптар оқыды, видеолар көрді. Сынып болып зоопаркке барып, көзбен көріп, танысты. Сол жиған материалдары бойынша, әр бала арнайы тақта мен кітап дайындап шықты. Мектептің соңғы күні арнайы көрме ұйымдастырылып, жоба иелері басқа сынып оқушыларына өздері зерттеген жануарлар туралы әңгімелеп, жобаларын қорғады.
Біздің Димаш өрмекшінің black widow (чёрная вдова) деген аса улы түрін таңдап алыпты. (Қазақшасы, не қарақұрт, не бүйі болар деп жобаладым.)
Жасаған тақтасы мен кітабында мынандай мәліметтер қамтылған екен: Бүйінің дене құрылысы; қорегі; жаулары; мекендейтін аумағы; ол туралы қызықты фактілер; туыстас түрлері; автордың ол туралы жеке пікірі; автор туралы мәліметтер.
Айтып жүргенде мән бермегем, бітіріп, қорғап, кейін үйге әкелгенде, таң-тамаша болдым. Баланы ғылымға икемдеуді олар бір жылға да кешіктірмей бастап кететінін түсіндім.
Мұрат Есжан
Facebook-тегі парақшасынан