«ЕУРАЗИЯНЫҢ» ДӘЛЕЛІНЕ ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?
Ресейлік «Еуразия» арнасының ілгерідегі іріткі салған мәлімдемесінің дәлелі ретінде келтірген сенсациялық «бейне сюжеті» қоғамның талқысына түсіп, өз дәрежесіндегі бағасын алды. Белсенділер халықтың демократиялық құқығын таптап, көпе-көрнеу жала жапқан арнаны Заң алдында жауапқа тарту керектігін де айтты. Тіпті, Польшаның Қазақстандағы елшісі «Еуразия» арнасының үстінен Сотқа шағым түсірді. Алматының Бостандық аудандық соты ресейлік арнаның үстінен түсірілген шағымды қабылдап, қылмыстық іс қозғады. Енді арна ақталып-ақ, жатыр.
Жә, бұл жерде сіз бен біздің позиция айқын. Ал Астанадағы ақ жағалылардың «Еуразия» арнасы төңірегіндегі дауға қатысты пікірлері қандай? Бұл сұрақтың жауабын «ratel.kz» сайты іздепті.
Ескісі бар, жаңасы бар Мәжілістегі мырзалар мен ханымдардың «Еуразия» арнасының ешкішек сюжетіне деген көзқарастары да әрқилы.
Владислав Косарев: Олар ешкімді кінәлаған жоқ, солай болып қалды
- «Еуразия» арнасы телекөрермендерге патриоттық тәрбие беруге тырысып жүр. Соныдақтан да осындай тақырыптарға тәуекел етуде. Бірақ, бәрі бірден болып кетпейді ғой. Себебі, біздің қоғамда «Отан» деген ұғым әлсіреп, бір ирониялық келбет алып кеткен. Ал мына арна сол түсінікті бұзғысы келеді. Сондықтан біз жалпы қазақстандықтар болып арнаға жәрдемдесуіміз керек.
- Олардың қазіргі жүріп келе жатқан бағыты дұрыс па, сонда?
- Дұрыс әрине. «Отан» деген әрқашан да дұрыс болмақ. Ал түсінік біздің әрқайсымызда әр түрлі.
- Бірақ, олар сіздердің электораттарды, сіздерге дауыс берген халықты ақша үшін алаңға шықты деп айыптады ғой.
- Жоқ, олар кінәлаған жоқ. Солай болып қалды.
Екатерина Никитинская: Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды
- Менің ойымша, егер дәл осындай факті рас болса, оны анықтау керек. Меніңше алаңға шығып жатқан халықтың барлығы оларға 50-100 доллар беретіндігі үшін алаңға бармайды, митингке шықпайды. Бірақ, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді ғой. Сондықтан бұл мәселені әлі толық анықтап алу керек. Шынымен де Отан үшін, жер үшін жанұшырып жүрген азаматтар мен, қаржылық жеке пайдасы үшін алаңға шығып жүргендерді айырып алуымыз керек. Себебі, саяси құрылымда ондай жағдайлар болатын рас. Өкінішке орай, біздің журналистикада «естігенін» айта салу деген қалыпты жағдай бар. Сондықтан алдымен, бұл ақпаратты толық зерттеп алу керек еді.
Серік Сейдуманов: Бұл тақырыпты кеңірек талқылау керек
- Менің ойымша, бұл тақырыпты кеңірек талқылау керек. Менің өзім әлі ол сюжетті көрген жоқпын. Бірақ, БАҚ-тан арна төңірегіндегі даудан хабардармын. Менің ойымша БАҚ-та бұл мәселеге қатысты жақсы баға берілді. Егер қандай да бір жалған немесе даулы ақпарат болатын болса, ол талқылануы тиіс және терістелуі де керек. Ал қандайда бір айыптауға келер болсақ, алдымен толық дәлелдеу керек.
Геннадий Шиповских: Бұл факті ме, әлде?..
- Шынымды айтайын, бұл мәселеге қатысты мен дәл қазір қандай да бір мәлімдеме жасай алмаймын. Өйткені, мұның факті әлде дақпырт екенін өзім де білмеймін. Бұл негізделген бе, әлде жоқ па? Мен мұны білмеймін. Егер мен мұның жалған ақпарат екенін нақты білмес ғой...
- Бірақ олар дәлел келтіре алмады...
- Тіпті, дәлел келтіре алмапты да. Оның үстіне жала жауып отыр екен. Онда бұл жала ғой. Дәлел жоқ қой. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын. Себебі, қазір менің өзім қате мәлімдеме жасауым мүмкін ғой. Ал олар көрсеткен анау бейне жазба ешқандай да дәлел емес. Десек те, арнаның ақпараты жалған дегенді дәлелдейтін нақты факті лер де болмай тұр ғой.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz