Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2314 0 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 18:11

«Максимум» меселiңдi қайтармайды

Шаруаларға арзан пайызбен несие беретiн «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы 2009 жылы құрылған. Оның «Ырыс» деп аталатын еншiлес шағын несие беру ұйымы бар. Бiр ерекшелiгi, алғашқысы iрi жобаларды қаржыландырса, соңғысы ауылдағы ұсақ фермерлердi несиелендiрумен айналысады. Қос мекеме де – агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiн тиiстi қаражатпен қамтамасыз ететiн облыстық әкiмдiктiң қаржы операторы.

Ресми мәлiмет бойынша 7 жыл iшiнде «Максимум» арқылы 18 455,7 млн., «Ырыстың» көмегiмен 19 180,2 млн., барлығын қосқанда 37 635,8 млн. теңгенiң жобалары қаржыландырылды. Нәтижесiнде ауылдың жағдайы жақсарып, елдi мекендерде шағын және орта бизнес өркендеп, 32 686 жаңа жұмыс орны пайда болды. Ауылдарда әлеуметтiк ахуал түзелiп, экономикалық тұрақсыздық бiрте-бiрте қалпына келе бастады.

Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, үстiмiздегi жылы 145 шағын және орта мал бордақылау алаңы жобасын жүзеге асыруға «Максимум» 420,5 млн. теңге несие қаражатын бөлдi. Сондай-ақ, 16 тауарлы-сүт фермасын құруға шаруаларға 34,2 млн. теңге көлемiнде қаржы бердi.

Ауыл шаруашылығы саласы тәуекелi мол кәсiп қатарына жатады. Сондықтан болар, екiншi деңгейлi коммерциялық банктер фермерлiк қожалықтарды несиелендiруге аса қызығушылық танытпайды. Бiрақ «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы мен «Ырыс» шағын несие ұйымының жөнi бөлек. Жоғарыда келтiрiлген мысалдардан қос қаржы институтының шаруаларды қаражат көзiмен қамтамасыз етуде үлкен еңбек сiңiрiп жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен, «алмақтың да салмағы бар» демекшi, осы күнге дейiн таратылған қомақты несиелердiң қайтарымы қалай болып жатыр? Себебi, бизнес болған соң көптiң арасынан оны дөңгелетiп әкете алмайтындардың табылатыны рас қой. Бiрақ «Максимум» АИО басқармасының төрағасы А.Данаев бұл күдiктi сейiлтiп тастады. Оның айтуынша, «Максимум» үлестiрген қыруар қаржының 89,5 пайызы, «Ырыстан» алынған несиенiң 94,2 пайызы мемлекет қазынасына табыс болып қайта оралған.

«Максимум» қаржы институты тек несие берумен ғана шектелмейдi. Сонымен бiрге, шаруаларға шетелдiң қымбат техникаларын лизингке алуға көмектеседi. А.Данаевтың мәлiмдеуiнше, биылғы көктемгi дала жұмыстарын ойдағыдай атқару үшiн шаруаларға көмек ретiнде «Максимум» АИО тарапынан 5 млрд. теңге несие қарастырылды. Оңтүстiкте iрiлi-ұсақты су қоймалары мен көл-тоғандар жеткiлiктi. Сондықтан өңiрде балық шаруашылығын қолға алуға әбден болады. Осыған орай әкiмдiк тарапынан «облыста балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жоспары» бекiтiлдi. Осы жоспардың аясында Бәйдiбек, Шардара, Ордабасы, Түлкiбас аудандарында және Түркiстан қаласында балық өсiретiн 27 ферма құру көзделiп отыр. Бұл ретте, «Максимум» АИО мамандары жылына 40 тонна балық өнiмiн беретiн арнайы қожалықтың типтiк жобасын жасап шығарды. Сонымен қатар, өндiрiстiк қуаты жылына 650 тонна балық өнiмiн құрайтын 3 жобаға 206 млн. теңге несие бөлдi.

«Максимум» АИО мен «Ырыс» микроқаржы ұйымының Шымкенттегi бас кеңселерiнен бөлек, әрбiр қала мен аудан орталықтарында арнайы өкiлдiктерi жұмыс iстейдi. Шалғай ауылда тұратын шаруа облыс орталығына құжатын арқалап келiп әуре болмай-ақ, аудан орталығындағы өкiлдерi арқылы мәселесiн шеше алады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536