Назарбаев атындағы Халықаралық сыйлық берілетін болды
Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздандыру конференциясында сөз сөйлеген Қазақстаның Женевадағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова ханым Қазақстанның қауіпсіздік саласында тәжірбиесі туралы пікірін ортаға салыпты. Бұл туралы «BAQ.kz» порталы хабарлады.
Сөйтіп, Қазақстан 2017-18 жылдар аралығында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыратынын айтты.
Сонымен қатар, Айтжанова ханымның айтуынша, 2016 жылдың қарашасында Елордада өтетін «I Астана бейбітшілік саммиті» (АБС) кезінде конфренция қатысушыларына тұңғыш рет «ядролық қарусыздандыру және қауіпсіздік саласына қосқан үлесі үшін» «Халықаралық Назарбаев сыйлығы» табысталатынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 29-тамыз күні Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісін қорытындылаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздандыру саласындағы арнайы сыйлықты тағайындау керектігін айтқан болатын. Алайда ол кезде нақты қандай сыйлық болатыны ресми бекітілмеген еді.
«Ол ядролық қарусыз бейбітшілік үшін сыйлық болатын шығар. Бәлкім, ядролық қарусыздандыру үшін беріледі. Біз ондай премияны тағайындауды өз қолымызға аламыз. Ядролық қарусыздандыру деп алған дұрыс шығар. Себебі бейбітшілік үшін бір емес, бірнеше сыйлық бар сияқты. Біз ойластырып, ол сыйлықты тағайындау туралы шешімді қабылдайтын боламыз. Қараша айында Астана қаласында Бейбітшілік саммиті өтеді. Сол жерде сыйлықты тағайындап, алғашқы лауреатын атауға болады деп ойлаймын»,-деген болатын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Abai.kz