Жұма, 18 Қазан 2024
Деп жатыр 10051 2 пікір 15 Қыркүйек, 2017 сағат 17:14

Emle.kz сайтын ел білуі керек

Қаpақстан интернет кеңістігіндегі Emle.kz сайтын ел білуі керек, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Өйткені бұл сайт сіз бен бізге қатесіз жазып, мәдениетті сөйлеуді үйретеді. Жасырып керегі не, осы күнгі жұрттың, әсіресе, жастардың тілі бұзылып барады. Бай, көркем, құнарлы қазақ тілі қазір көшенің тіліне, сөзді  бұзып, бұтарлап сөйлейтіндердің тіліне айналып барады. Адамзаттық құндылығы ерекше  мәдени құбылыс ретінде  тіл өзінің саф қалпын сақтап қалу үшін алдымен табиғи тазалығын сақтап қалуы керек.

«Тіліміздің тазалығы туралы әңгіме соңғы уақыттарда назардан тыс қалып барады деп жазады Abai.kz ақпараттық порталының авторы Жақсыбай Самрат мырза бір мақаласында. -  Өйткені, мүлде сөйлемейтіндерге назарымызды көп аударып, қазақша сөйлеуге тиісті азаматтарымыздың өзінің  дұрыс сөйлеуі, тіл тазалығы жайлы әңгімені ысырып қойғандаймыз. Бірақ бұл ешқашан да естен шығарылатын мәселе емес. Ауызекі тілде орыс сөздерін орынсыз қолдану тілімізді жұтаңдатып, төл сөздеріміздің қолдану аясын тарылта түседі. Бұрыннан еніп, сіңісті болып кеткен «сәпсем», «даже» дегендер түгілі қазір қазақтың «етіп» деген етістігін қосып алып, орыс сөздерін қазақыландыратын «мода» шықты. Мысалы, «волноватса етіп», «опаздат етіп» т.т.с. Оның үстіне қойыртпақ тілді қоюлата түсетін бір тележүргізушілер шығып жүр. Ондайлар өздерінің қойыртпақ тіліне өздері мәз болып, жұртты күлдірмек болады».

Ауызекі тілдің ахуалы әлгіндей болғанда жазба тілдің жағдайы қайдан оңсын?.. Бұл күнде жұрт өзінің сауатсыз жазатынына, тіпті, арланбайтын болды. Арлану былай тұрыпты, сауатсыз жазу сәнге айнала бастағандай. Бұндай сорақылықты жастар жағы тұрақты қолданатын ғаламторға арналған құралдардан көруге болады. Екеуара тілдесетін чатта отырып, бүгінгі заманның жастары бір-біріне мынандай мәтінде хат жазады:

-         Привет калайсын?

-         Отл.

-         Несетватырсың?

-         Музка тындап атқан...

Осылай кете барады. Жастарды айтамыз, білдей бір мекеменің жетекшісі, болмаса, әлдебір қызметтегі жауапты тұлғаның өзі екі сөздің басын қосып, жөні түзу сөйлем құрай алмайды. Ал, бұндайда қайтпек керек?  Ғаламтор кеңістігінде сауатсызданып бара жатқан жұртқа сол ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, ағарту жұмысын жүргізу керек. Біздіңше, Emle.kz сайтының жарық көруінде, міне, осындай мән бар. Ең бір қуантарлығы: аталған сайтта  орфографиялық электронды база жасалыпты. Орфографиялық электронды база арқылы сіз :

-         емле ережелерінің дұрыс түзіліп, нормаланған  нұсқаларымен таныса аласыз;

-         сауатты дұрыс жазу тәртібімен,  сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс дыбыстауға, дұрыс айтуға және ресми құжаттарда тыныс белгілерін дұрыс қоюға  дағдыланасыз.

Сайттан сондай-ақ «Әдеби тіл нормалары», «Орфография», «Пунктуация», «Аббревиатура», т.б. айдарлары арқылы өзіңізге қажетті дүниелерді таба аласыз.

Cайттың сілтемесі: emle.kz

Сайт Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей пәрменімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша құрылған.

Abai.kz

2 пікір