Отырарда биоэтанол өндірісін қолға алу көзделуде
Шетелдік кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында биоэтанол өндірісін қолға алуға қызығушылық танытуда. Негізгі шикізаты өсімдіктен алынатын биоэтанол өндірісі үшін аталған аудан таптырмайтын қолайлы аймақ болып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары көбейіп келеді.
Кеңестік кезеңде 20 мың гектар алқапқа жүгері егіп, одан 50 мың тонна дән өткізген топырағы құнарлы отырарлықтар бүгінгі таңда жаңа технологиялар мен ғылымды ұштастыра отырып, жүгері өндірісін қайта қолға алуда. Жүгері өсіруді табысты кәсіп көзіне айналдыра білген отырарлықтар үшін жүгері тағы бір мүмкіндіктің бірі болып тұр.
Апта басында француздық экономика ғылымының докторы, профессор Жан-Поль Ж.Дельхольм мен елімізге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сейітжанов Отырар ауданында болып, тартылатын инвестиция мөлшері, өндірістік база мен өнімді өткізу жайы турасында пікір алмасты. Жаңа ғасыр жаңа технологияларды талап етіп, өркениет пен ғылым егіз ұғымға айналған бүгінгі күні қаншама ғылыми жаңалықтар дүниеге келіп жатыр. Қоршаған ортаны ластамау үшін әлемдік маңызға ие биоэтанол өндірісі Отырарда қолға алынса, ауданда экологиялық таза өнімнің бренді қалыптаспақ.
Abai.kz