ОҚО-да біріңғай «Оңтүстік экспорт» бағдарламасы әзірленбек
Бұл туралы өңір басшысы Елбасы тарапынан берілген бірқатар тапсырмалардың орындалу жайы қаралған мәжілісте айтты.
«Оңтүстіктің тамақ өнеркәсібін дамытудағы әлеуеті артып келеді. Бүгінде Сайрам, Мақтарал, Сарыағаш аудандары өндірген өнімдерін экспорттап келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында экспортталатын өнімдердің тізбесін жасап, біріңғай «Оңтүстік экспорт» бағдарламасын дайындауды тапсырамын»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі таза өнім экспорттау үшін, өңірдің өз брендін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Мәжілісте аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне өз өнімін экспорттауға қауқарлы әрбір тауарөндірушіге барынша қолдау көрсету қажеттігін айтып, ауданда өндірілетін өнімдердің тізбесін жасауды нықтап айтты.
Айта кетейік, Елбасы 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталатынын хабарлаған болатын.
«Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді.
Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады.
Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды.
Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді»,-деген болатын.
Abai.kz