Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 3035 0 пікір 13 Қыркүйек, 2016 сағат 19:36

ДІН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП

Алдағы уақытта Қазақстанда терроризм және экстремизм баптары бойынша сотталғандардың мүлкі міндетті түрде тәркіленеді. Сондай-ақ, уақытша және тұрақты тіркеуге тұрмаған азаматтарға қатысты әкімшілік жаза күшейтіледі. Бұл туралы 8-інші қыркүйекте Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлім болды. Заң жобасын дайындаушылар терроризм мен экстремизм баптары бойынша сотталғандардың мүлкін міндетті түрде тәркілеуді ұсынуда. Айта кетелік, әлі өзгеріс енгізілмеген ескі заң бойынша сот экстремистер мен терроршылардың тек қылмыстық жолмен тапқан мүлкін ғана мемлекет меншігіне қайтарып алады. Егер аталған заң осы күйінде қабылданатын болса, онда экстремистердің қылмыстық жолға түскенге дейінгі сатып алған мүлкі түгел тәркіленеді.

Заң жобасын депутаттарға таныстырған Ішкі істер министрінің орынбасары Рәшид Жақыпов ешқандай тіркеусіз және төлқұжатсыз баспананы жалға алатындарға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту ұсынылып отырғанын мәлім етті. Яғни құзырлы орган баспанасын жалға берушілерді және оны жалға алушыларды тіркеуге алуға міндеттеуді, оған бағынбаса ірі айыппұл салуды ұсынуда. «Біз тіркеусіз және төлқұжатсыз баспанада тұру мерзімін қысқартуды ұсынып отырмыз. Бұл мерзім 1 айға дейін қысқартылады. Қазіргі қолданыстағы Әкімшілік кодекс бойынша, пәтерді жалға алып, 10 күннен 3 айға дейін тіркеусіз тұрған азаматтарға ескерту жасалады. Біз бұл мерзімді 1 айға дейін қысқартуды ұсынамыз. Алдымен санкцияны ескерту түрінде қалдырамыз. Одан кейін, арада 1 ай өткенде айыппұл сала бастаймыз. Мұндай норма азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, еліміздегі көші-қон тәртібін қамтамасыз етеді»,- деп түсіндірді жаңашылдықты Р. Жақыпов.

Атап айтарлығы, халықаралық терроризм мен экстремизмнен сақтану үшін көптеген мемлекеттер осындай заңдар қабылдауда. Соның ішінде бірқатар елдерде террорлық қызметке қатысы бар тұлғаларды азаматтықтан айыру тәжірибесі қолданылады. Мәселен, 2015 жылдың қарашасында Парижде болған терактілерден кейін Францияның Ұлттық жиналысы 2016 жылдың наурызында конституциялық реформалардың жобасын қарастыру барысында террорлық қызметке қатысы бар тұлғаларды азаматтықтан айыру мәселесін талқылады. Айтарлығы, Ұлттық жиналыстың депутаттары терроризм бабы бойынша сотталғандардың барлығын азаматтықтан айыруды жақтап дауыс берді. Алайда Сенат отансыздықтың орын алуына жол бермес үшін тек екі төлқұжаты бар тұлғаларды азаматтықтан айыруға келісім берді.

Швейцарияның Ұлттық Кеңесі де Швейцарияда және одан тыс жерлерде террорлық қызметпен айналысқан және ұрыстарға қатысқан екі төлқұжаты бар адамдарды азаматтықтан айыруды жақтады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, террорлық топтармен байланысы бар деп күдікке ілінген шетелдіктің Швейцарияда тұруға қақысы жоқ. Ал қос азаматтығы барлар төлқұжатынан айрылады. Жалпыға ортақ декларацияның ережесінде қарастырылғандай, басқа елдің төлқұжатын алмаған Швейцария Конфедерациясының азаматын ол елдің ұлттық мүддесіне қауіп төндіретін жағдайда да отансыз қалдыруға болмайды. Өзбекстанның да осы бағыттағы тәжірибесінен үйренеріміз көп. Мәселен, өзбек елінде 1992 жылы 2-інші шілдеде қабылданған «Өзбекстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 21-інші бабы бойынша, шетелдің мүддесіне қызмет етіп, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне айтарлықтай залал келтірген немесе елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы қылмыс (олардың қатарына терроризм де жатады) жасаған адамдар Өзбекстан азаматтығынан айрылады.

Ресей Федерациясы да азаматтық туралы заңды түзетуді ұсынып отыр. Себебі ол заңды азаматтықтан айыратын баппен толықтырғысы келеді. Мысалы, жалған құжаттар ұсыну немесе мәліметтер берумен қатар (бұл факті сотта анықталады) бір ғана террорлық сипаттағы қылмысы үшін сотталған адамды азаматтықтан айыру мәселесі талқылануда. Егер ол адам басқа елдің азаматтығын алмаған жағдайда мұндай бап қолданылмайды. Германияда терроризмге қарсы заңнама декларациясының жобасына: никаб пен паранжі киюге тыйым салу; мигранттарды депортациялауды ширату, жасы 14-ке толғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі; теракті орын алған кезде қарулы күштердің ел ішіндегі операцияларға қатысуына тыйым салу сияқты ұсыныстар енгізілді. Оған қоса, дәрігерлік құпияны шегеру мәселесі қызу талқылануда. Өйткені заң жобасын дайындаушылар дәрігерлерді қылмыс жасауға ниеттенгені жөнінде әңгімелеген өз науқастары туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды міндеттемекші.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522