АҚОРДАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІС. Д.НАЗАРБАЕВА ҚАЙДА БАРАДЫ?
Бүгін Мемлекет басшысының пәрменімен, Үкімет мүшелері қайта жасақталды. Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың қарамағындағы министрлер кабинетінде болған аз-кем ауыс-түйістің ауаны былай болды.
Мемлекет басшысының жарлығы бойынша, Премьер-министрдің орынбасары қызметіне бұрынғы Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов тағайындалды. Ал бұл орында осыған дейін Дариға Назарбаева отырған болатын. Дариға Нұрсұлтанқызының жаңа қызметі туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ. Десе де, ендігі экс-вице-премьердің келесі қызметі Шығыс Қазақстан облысымен және Сенат спикерлігімен байланысты болуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.
Ал жаңа тағайындалған Премьер-министрдің еншісіне ескі кадрлар бұйырыпты. Президенттің пәрменімен қайта жасақталған ескі құрамдағы министрлер өз қызметтерінде қалды.
Мемлекет басшысының 2016 жылдың 13 қыркүйек күнгі № 324- бұйрығы бойынша:
Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов ‑ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов ‑ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;
Дәурен Әскербекұлы Абаев ‑ Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі;
Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев ‑ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;
Тамара Босымбекқызы Дүйсенова ‑ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі;
Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек ‑ Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі;
Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов ‑ Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
Арыстанбек Мұхамедиұлы ‑ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі;
Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев ‑ Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев ‑ Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалды.
P.S. Атқарушы биліктегі ауыс-түйіске байланысты біз экс-вице-премьер Дариға Назарбаева қайда барады деген сауал тастап кеткен болатынбыз. Сонымен бүгінгі Үкімет құрамын жаңалау мен қайта жасақтау барысында Дариға Нұрсұлтанқызына сенат депутатының орынтағы бұйырды. Бұл нені білдіреді? Үкіметте белсенділігі артып кеткен экс-вице-премьердің кейбір ісі қоғам тарапынан толық қабылданбағандықтан жайлы, тыныш орынға жылжыту ма, әлде болашақ спикерлікке дайындаудың қарекеті ме? Егер Д.Н. Назарбаева сенат спикері болып шыға келсе, "оның ар жағындағы алар асуы алыс емес" дейді саяси болжам жасаушылар.
Abai.kz